Сондай-ақ тұрғындар Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының іргесінде малдың қаны құйылатын және шайынды сулар жиналатын осындай 8 жасанды шағын көл барын айтқан еді. Мамырдан бері не өзгерді? Жуырда аудан тұрғындарына есеп берген облыс әкімі Дархан Сатыбалды қарабұлақтықтар көтерген мәселеге де тоқталды. Сайрам ауданында мыңнан аса мал бордақылау орындары бар. Онда бір мезгілде 42 мың бас мал бордақылануда, тәулігіне 3 мыңға жуық мал сойылады. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен Қарабұлақ ауылында орналасқан мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмысы тексерілген. Нәтижесінде, 11 мал сою орнының санитарлық талаптарды сақтамаған үшеуі жабылып, қалған 8 бекеттің басшыларына қасапхана алаңдарын ретке келтіруге бір ай уақыт беріліпті.
«Шілде айында Қарабұлақ ауылында жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, мал сою орындарының жұмысын ретке келтіруді, мал қалдықтарын өңдейтін зауыт салуды ұсынған едім. Енді 25 гектар жерге мал бордақылау кешені, мал сою алаңы, етті терең өңдейтін цех құрылысы мен қанды өңдеу кәсіпорынның құрылысы басталады. «Nurym Group» компаниясы жобаны іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Жобаның құны – 3,6 млрд теңге, 70 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сондай жобалардың бірі – жеке кәсіпкер Жахангир Убаев құны 1 млрд теңге, жылына 2 мың тонна қалдықтарды өңдеуге мүмкіндігі бар жобаны іске асыруды қолға алып отыр. Яғни ауыл шаруашылығы жануарларын сойғаннан кейін қалған сүйек, қан, ішек-қарын сынды қосалқы өнімдерін қайта өңдеуден өткізеді. Осындай жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, жаңа бизнесті ашуға көмектесеміз», деді Д.Сатыбалды.
Тұрғындар көтерген тағы бірқатар мәселе шешімін тапқан. Мысалы, ауылдардағы ішкі көшелерге асфальт төселді. Жол белгілері орнатылды. Қарасу ауылындағы Жаңақұрылыс аумағына инфрақұрылым жүргізуге биыл бюджеттен 965 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жібек жолы ауылындағы су жүйесін күрделі жөндеуге биыл 100 млн теңге қаржы бөлінді. Электр тапшылығын шешу үшін Ақсукент ауылынан қосалқы станса құрылысын қаржыландыру мәселесін шешу үшін министрліктермен тиісті жұмыстар атқарылуда. Қарабұлақ ауылындағы ауыз су жүйесінің құрылысына (9,3 млрд теңге) жобалық құжаттама дайындалды. Қарасу – Қызылту – Сайрам жолын жөндеуге 1,2 млрд теңгеге жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, республикалық бюджетке қаржыландыруға ұсынылған. Сиқым ауылындағы мектепті күрделі жөндеуге жобалық құжаттама дайындалуда. Ауданда ағын су мәселесі өзекті. Бұл орайда каналдардың су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 105 млн теңге қаралып, 7 каналды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, сондай-ақ Ақбай-Қарасу каналының күрделі жөндеуіне биыл 131 млн теңге бөлініп, жұмыс басталған.
Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі де – басты назарда. Бұл орайда ауданда 64 млрд теңгеге 19 жобаны іске асырып, 614 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 12-сі – өңдеу бағытындағы іске асатын жобалар. Биыл 6 айда 6,8 млрд теңгеге 5 жоба іске қосылып, 155 жұмыс орны ашылды. Тағы құны 4 млрд теңгеге 9 жобаны іске қосу жоспарда, қалған 5 жобаны іске асыру 2024 жылға жоспарланған. Ауыл шаруашылығында жыл басынан 41,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өнім көлемі былтыр 124 млрд теңгеге жетті. Бұл – облыстағы аудандардың арасында ең үлкен көрсеткіш.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға инвестиция тартып, 2025 жылға дейін өнім көлемін 1,5 есеге арттыру жоспарлануда. Биыл 6 айда егін шаруашылығында 1,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл басынан бері мал шаруашылығында 40 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, былтырмен салыстырғанда өсім 4,7 пайызды құрады. Ішкі өнім көлемі былтыр 242 млрд теңгеге жетсе, биыл 6 айда 89 млрд теңге болып отыр. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны кейінгі 5 жылда 21 мыңнан асқан, 29 мың адам жұмыспен қамтылып, 85 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіп саласында жыл басынан 21,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген, оның ішінде 17 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. «Ауыл аманаты» жобасымен мал шаруашылығында 89 жоба бойынша құжаттары мақұлданған.
Түркістан облысы