Полицияның хабарлауынша, бұл оқиға 8 мамырда болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адам флористі қорлап, дүкеннен гүл шоғын алып кеткен. Тұран аудандық полиция басқармасының 102 арнасына жанжал туралы қоңырау түскен.
Оқиға орнына учаскелік инспекторлар барған. Алайда дүкен иесі мән-жайды нақтылау барысында ешкімге шағымы жоқ екенін айтып, арыз жазудан бас тартқан.
Бұл жайтқа қатысты Тұран аудандық полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен «Жәбiрленушiнiң өмiрiне не денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
«Сондай-ақ істің ақ-қарасын ажырату кезінде қара футболка киген азамат биылғы 19 мамырда отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған Қаратау аудандық полиция басқармасының бұрынғы қызметкері екені анықталды. Әлеуметтік желілерде прокурордың ұлы достарымен бірге Шымкент қаласындағы гүл дүкеніне шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. 2023 жылғы 9 тамызда Шымкент қаласының прокуратурасы бұл тұлғаның прокуратура органдарына қандай да бір қатысы жоқ екенін, прокуратура қызметкерлерімен туыстық байланысы жоқ екенін ресми түрде хабарлады», делінген хабарламада.