«ABAI» халықаралық әуежайының алдынан 9 тамыз күні бастау алған марафон 10 тамыз – Абай күнінде Жидебайдағы ақын кесенесі жанында аяқталды. Қалай десек те 160 шақырымға жүгіруге екінің бірі тәуекел ете бермейтіні белгілі. Дегенмен жігерін жанып, намысын ту еткен азамат Нұркелді Аман есімді қандасымыз бұл қашықтықты
15 сағат 32 минут 58 секундта артқа тастап, ультрамарафон чемпионы атанды. Ол сондай-ақ жарыс демеушілері тіккен 500 мың теңге қаржылай сыйақыны қанжығасына байлады.
Ал 80 шақырымға межеленген «Семей-Бөрілі» бағытын бетке алған марафоншылар арасынан астаналық әлеуметтанушы ғалым, профессор Асқар Жаңабергеновтің бағы жанды. Ол бұл қашықтықты 6 сағат 23 минут 24 секундта жүгіріп өтіп, ультрамарафон чемпионы атанып және 300 мың теңгеге ие болды.
Әлихан Бөкейхан университетінің басшылығы да спорттық іс-шараға қолдау көрсетіп, алдыңғы орындардан көрінген марафоншыларға 100 мың теңге көлемінде жүлде ұсынды. Оны университет проректоры Азамат Азатұлы табыстады. Марафон аяқталған соң Рамазан Салықжановты әңгімеге тарттық.
«Жалпы, бұл марафонды ұйымдастыру идеясы «El sport» қоғамдық бірлестігінің тарапынан туындап, оның жүзеге асуына Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Ержан Әбілқасымов, облыстық бұқаралық спорттық шаралар өткізу орталығының директоры Нұрлан Рахымбаев, өзге де ел азаматтары жан-жақты қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Марафонда жүйріктер лайықты марапаттарға ие болды. Жалпы, осындай марафонды түрлі сериямен жалғастыруды қолға алып жатырмыз. «El sport» қоғамдық бірлестігінің құрамындағы азаматтарды айта кеткенім жөн болар. Бірлестікте «Спорт және қоғам» орталығының басшысы Мұхтар Есқалиев, ғылыми сарапшылар комиссиясында белгілі ғалымдар және бірнеше спорттық клубтардың басшылары бар. Бұл республикалық қоғамдық бірлестік биыл мамыр айында құрылды. Әрі қарай спорттық бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз», дейді «El sport» қоғамдық бірлестігінің басшысы Рамазан Саттарұлы.
Абай облысы