Мектеп оқушылары арасындағы төбелестер туралы ақпараттардан төбе шашың тік тұрады. Жағаңды ұстататын жағдайлар жиілеп кеткен. Сорақысы, сондай бейнежазбалар әлеуметтік желіде қаптап жүр. Қарасаң, оқушылардың қатыгездігі қаншама баланың өмірін қиды. Мәселен, биыл жасөспірімдерге қатысты қозғалған қылмыстық істер саны өткен жылға қарағанда өскен. Сонда тәрбиенің қай тұсында кемдік бар? Ғабит Мүсірепов: «Ұрлық, қарлық, зұлымдық, зорлық, қиянат сияқты қылмыстар өше берудің орнына өсе берсе, сол қылмыстардың бәрі де басқарушылардың өз бастарында болғаны!», дейді. Демек мәселе отбасындағы тәрбиеде, ата-анада. «Ұядан не көрсе, ұшқанда соны ілген» баланың еш жазығы жоқ.
Жалпыұлттық ата-аналар форумы осы мәселені мемлекеттік деңгейде назарға алған. Бала бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған ауқымды шарада ата-ана мәдениетін қалыптастыру, олардың белсенділігін арттыру, бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, отбасы құндылықтарын насихаттау, бала құқығы, білімі, денсаулығы, қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Тағылымы мол ата-аналар форумын «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Қазақстанның Азаматтық Альянсымен бірлесіп ұйымдастырды. Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанованың айтуынша, еліміздің бәсекеге қабілетті болуы алдымен отбасы институтына байланысты.
– Өткен жылға қарағанда жасөспірімдерге қатысты қылмыстың саны өскен. Былтыр алты айдың ішіндегі жасөспірімдер арасындағы қылмыс 723 болса, биыл 785-тен асып кеткен. Ұл-қыздарымыз неге қылмысқа барады? Сонда олар тәрбиені көшеден алып жатыр ма? Дастарқан басында жиналған кезде, өкінішке қарай, өсиет емес, өсек айтылады. Ал нағыз тәрбие отбасында берілуі керек, – деді Л.Рамазанова.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Ендеше, соған ел болып мән беру маңызды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киелі Түркістан қаласында өткен ІІ ұлттық құрылтайда «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойында болуы керек, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл үлкендердің кінәсі» деген еді.
– Ұрпақ тәрбиесі – мемлекет дамуының негізгі алғышарты. Бұған барлығымыз жауаптымыз. Мемлекет тарапынан бала тәрбиесі мен біліміне ерекше көңіл бөлініп, үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту министрлігі білім ұйымдарының барлығында құзырлы органдардың мамандарымен бірігіп біртұтас тәрбие тұжырымдамасын дайындады. Мұның аясында ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие мен білім беру саясатын іске асыру мақсат етіліп отыр.
1 қыркүйектен бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы оқу-тәрбие үдерісіне енгізіледі. Бағдарламаның аясында «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Еңбегі адал жас өрен», «Оқуға құштар әке» секілді жобаларды іске асыру жоспарланып отыр, – деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Статистикаға сүйенсек, жасөспірімдер арасында жыл сайын 145 мыңнан астам қылмыс тіркеледі. Мұндай көрсеткіштің себебі алдымен ата-ана мен бала арасындағы байланыстың әлсіреуінде жатыр. Екінші – мектепте тәрбиенің біліммен қатар жүрмеуі, педагогикалық біліктіліктің төмендеуінде. Үшінші – сыртқы ортаның дұрыс қалыптаспауы мен бала психологиясының бұзылуына әсер ететін ақпараттың көбеюінде. Баланы кішкентайынан дұрыс бағыттап, баптамаса кейін кеш болмақ. Ал оған әке-шешенің, отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Үйде айтылған өнеге, өсиет – баланың түпқазығы. Жалпыұлттық форумды ұйымдастыруға ұйытқы болған «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты да – ата-аналардың санасын оятып, психологиялық-педагогикалық білімі мен дағдыларын арттырып, жан-жақты қолдау көрсету. Жоба отбасы құндылықтарының маңызын арттыруға, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық сауаттылығын дамытуға, өскелең ұрпақтың санасында шынайы патриотизмді жаңғыртуға, бала мен ата-ана арасындағы достық пен серіктестікті нығайтуға бағытталған.
«Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асановтың айтуынша, форумға қатысушы ата-аналардың қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, биыл 700-ден астам ата-ана форумға қатысуға ниет білдірген.
– «Сенімен болашақ» бірлестігі бір жылда 126 мың ата-анаға тренинг-семинарлар өткізді. Әрбір аймақта аптасына 50-70 семинар өткіздік. Біздің мақсат – ой айту емес, ояту. Біздің мақсат – отау ішінен отау құру емес. Керісінше, отау ішіндегі отбасы, ошақ қасын түзеу. Өсиеттің емес, өсектің соңынан көп еріп, материяның құрбаны болғандықтан, ұл-қызымызға бейсаналы түрде жасап жатқан қастандығымыздан сақтау. Құмырсқаның илеуін құмырсқаның өзі жасайды. Бал арасына оның илеуі қызық емес. Ендеше, біз де өз илеуімізді өзіміз жасауымыз керек. Қоғамда буллинг, кибербуллинг секілді проблемалар көп. Демек бұларға да белгілі бір деңгейде ата-аналардың әсері бар. Жауапкершілік – біздің қолымызда. Тізгінді өзіміз алмасақ, алда опық жеріміз хақ, – деді Нұркен Асанов.
Бала тәрбиесінде мұғалімнің де алатын орны зор. Өйткені педагог те – ата-ана. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әл-Фарабидің сөзін ұмытпау маңызды.
Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов бала тәрбиесінде бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін білдірді. Бұл ретте педагог мамандардың тапшылығы басты мәселелердің бірі екенін атап өтті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы мұғалімдерге деген қажеттілік 4 600-ден асқан. Тек Астана қаласының өзінде жыл сайын 1 мың мұғалім қажет. Жалпы, елордада бастауыш сынып, математика, информатика, ағылшын тілі мұғалімдерінің жетіспеуі анық байқалады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке Астанада жаңа педагогикалық жоғары оқу орындарын құру мәселесін пысықтауды тапсырған.
Бүгінгі таңда республикадағы 49 жоғары оқу орнының педагогикалық бағытта мамандар даярлауға лицензиясы бар. Педагогикалық бағыттар бойынша білім алу контингенті шамамен 186 мың студентті құрайды. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитындар саны 43 мыңнан асады. Кадрларды даярлаудың педагогикалық бағыттарына түсу үшін талаптар біртіндеп күшейіп келеді. Бұған кейінгі кездері жасалған талдаулар себеп болған. Алдыңғы форумдарда педагогикалық бағыттың сапасы төмен екені айтылған болатын. Осыған байланысты 2020 жылдан бастап педагогикалық бағыттар бойынша оқуға қабылдау күшейтілді – оқуға түсу үшін шекті ұпай 50-ден 70 балға көтерілген.
– Балаларымыздың толыққанды, жан-жақты дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасау – еліміздің даму үдерісіндегі басты талап. Қоғамның психикалық-эмоциялық дамуы рухани интеллект тұрғысынан қалыптасуында жатыр. Ата-бабаларымыздың мирас болып қалған дала заңдарын терең түсінген дана халық екеніміз рас болса, балаларымыздың төрт құбыласы түгел, саналы, зиялы ұрпақ ретінде қалыптасуы керек. Ең алдымен ұлы Абайдың «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тұжырымдамасының негізін қалыптастыру қажет. Сондай-ақ Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасындағы» «Ақыл ойды, дене, сұлулықты, мінез-құлықты» тәрбиелеу басты міндет болып отыр. Қазір тәрбие беру маңызды жаһандық сипатқа ие болғаны жасырын емес. Әлеуметтік желілердің өскелең ұрпақтың санасына әсері орасан зор. Ата-аналардың оған қарсы тұруы күннен-күнге қиындап бара жатыр. Мұны жекелей ешкім шеше алмайды, бірігу керек, – деді Талғат Ешенқұлов.
Расында, тәрбиелі бала елдің болашақ тірегі екені даусыз.