Еңбек • 14 Тамыз, 2023

Еңбекпен есейген жігіт

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төрт қыздан соң қара шаңыраққа тұтқа болар ұлдың өмірге келуі Тұрсынбековтер отбасына ерекше сезім сыйлаған. Жылт еткен жақсы дүниенің бәрі де «азамат» деген атқа ие Айбарға арналатын. Балалардың кенжесінен аяры жоқ ата-ананың аялы алақанында еркелеп өскен қарадомалақтың қорадағы малға деген сүйіспеншілігі айрықша еді.

Еңбекпен  есейген жігіт

Әкесінің ізінен ілесе барып, шамасы жететін бұзаудың басынан сипап, тай-құлынды айналшықтап жүруді әдетке айналдырған. Өсе келе қолына айыр-күрегін алып, мал жайғауға білек түре кірісіп кетті. Сөйтіп, еңбек ерке баланы есейтті, буынын бекітіп, қанатын қатайтты. Қазір ата-ана үмітін ақтар жасқа жетіп, қара шаңырақтың шаруасын шалқытып келеді.

Малсақ жас мамандық таңдауда жаңылмай, өз қалауын жүзеге асырды. Арманы асқақ Айбар Әлім Алматы Қазақ ұлттық аграрлық уни­­верситетінің ветеринар маман­дығын тәмамдаған. Өзіне жүк­телген азаматтық міндеттің сал­мағын се­зін­ген ол осы күні туып-өскен Ба­қа­нас ауылында ең­бек жолын бас­тап кеткен. Ауыл тұрғындарының малын аурудан сақтап, егу шараларын жүргізуде бел­сенділік, іскерлік танытып келе­ді.

Жастайынан малсақ болып өскен жігерлі жас бүгінде қора­сын­да сүт ба­ғытындағы асыл тұқымды сиыр ұстап, оны сауып, азығымен уақтылы қамтамасыз етуге әбден төселіп алғандығының куәсі бол­дық.

«Ерінбей еңбек еткен адамның ырзық-несібесі мол болады. Біз­ге ата-анамыз соны үйретті. Қолы­мыздағы «Алатау», «Швед» сиыр­ларының әрбірінен күніге 15 литр­ден артық сүт сауып аламыз. Сиыр сауу – мен үшін еш қиын­дығы жоқ жұмыс. Оны тартып, айран ұйы­тып, құрт жасаймыз. Ата-анам­ның арқасында дас­тар­қа­ны­­мыздан ақ үзілмей, құнар­лы, табиғи өнім түрлері даяр­ланады. Биыл «Ауыл аманаты» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша төменгі па­йызда 6 млн теңге алып, оған 13 бие сатып алдық. Болашақта мал басын көбейтуді мақсат етіп жүрмін», дейді Айбар Сәкенұлы.

Туған ауылына туын тігіп, оның өркендеуіне өзіндік үлесін қо­сып жүрген Айбардың келіншегі Әсем Батырхан да «Қазақтелеком» бөлім­шесінде оператор болып еңбекке араласқан. Осылайша, бір­лігі мен тірлігі жарасқан жастар бақытты өмір өрнегін құрып келеді.

 

Алматы облысы