Бағдарламалар • 14 Тамыз, 2023

Отбасы банкінде «Qamqor» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының тұрғындарынан «Qamqor» жаңа өңірлік бағдарламасына қатысу туралы өтінімдер 2023 жылдың 15 тамызы сағат 11.00 - 2023 жылдың 25 қыркүйегіне дейін (қоса алғанда) қабылданады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отбасы банкінде «Qamqor» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталады

Бағдарламаға дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, мұғалімдер, тәрбиешілер, күтушілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, мәдениет, спорт қызметкерлері, шығармашылық одақтардың мүшелері, журналистер, қалалық мемлекеттік ұйымдар мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері, энергетика саласының өкілдері қатыса алады.

Шымкенттің жұмыс істейтін тұрғындары жеңілдетілген шарттармен баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Оларға берілетін заемның ең жоғары сомасы 20 млн теңге. Кредит мөлшерлемесі 5%-ға тең болады (ЖТСМ 5,2%-дан), одан әрі ол жылына 3,8% дейін төмендейді. Алғашқы жарна 10% тең.

«Qamqor» бағдарламасы бойынша азаматтарды несиелендірудің бірінші траншының көлемі 3 млрд теңгені құрады. Қаражатты Шымкент қаласының әкімдігі бөліп отыр.

Отбасы банк жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдап, ұпайларды санап, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастырады.

Банк бұл процесті «Баспана маркет» порталында (https://otbasybank.kz/) цифрландырады. Яғни, енді бағдарламаға қатысушылар туралы барлық деректер автоматтандырылған жүйе арқылы тексерілетін болады. Бұл бағдарлама қатысушыларының пулын қалыптастырудағы адами факторды жояды әрі ұпай санау уақытын айтарлықтай қысқартады.

https://otbasybank.kz порталында өтінім қалдыру үшін «Qamqor» бағдарламасының әлеуетті қатысушыларының Отбасы банкінде шоты болуы қажет немесе олар банк клиенті болулары шарт.

Жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енетін болады. Ұпайлар санына некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы және Отбасы банкінде үміткердің депозиті бар-жоқтығы ескеріліп, әсер ететін болады.

«Qamqor» бағдарламасының қатысушылары https://otbasybank.kz порталындағы жеке кабинеттерінде жинаған ұпай санын өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң келесі күні көре алады.

Қатысушылар пулына ең көп ұпай жинаған 150 адам кіреді.

Тізімді жергілікті әкімдік тексергеннен кейін қатысушылар Отбасы банкіне несие алуға жолдама алады. Олардың төлем қабілеттілігі тексеріліп, заем беріледі. Бұл қаражатқа алғашқы немесе екінші нарықтан, сондай-ақ «ҚТК» кепілдігімен салынып жатқан тұрғын үйден баспана сатып алуға болады.

«Qamqor» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын талаптар:

  1. Қатысушының жасы өтінім берген кездегі кезеңді қоса алғанда 63 жастан аспауы керек.
  2. Үміткердің және оның отбасы мүшелерiнiң соңғы 5 жылда ҚР аумағында меншiк құқығындағы тұрғын үйi болмауы қажет.
  3. Соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұруы талап етіледі.
  4. Шымкент қаласында таңдаған сала бойынша соңғы 12 айдан кем емес ресми жұмыс өтілі болуы тиіс.
  5. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.