Экономика • 15 Тамыз, 2023

Мұнайға сұраныс төмендейді

229 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) «Мұнай 2023» деп аталатын ортамерзімді есебіне сүйенсек, мұнайға деген әлемдік сұраныстың өсімі 2028 жылға таман толықтай тоқтайды. Басында тежелген Қытайдағы мұнайды тұтыну көрсеткіші қайта қалпына келгеннен кейін тағы біршама баяулайтын сыңайы бар. Агенттіктің болжауынша, қазіргі нарықтық және саяси жағдайлар барысында мұнайға сұраныс 2022 жылдан бастап 6 пайызға өсіп, 2028 жылы тәулігіне 105,7 млн баррельге дейін жетпек. Бұған мұнай-химия және авиация секторы елеулі үлес қоспақ.

Мұнайға сұраныс төмендейді

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Агенттік дерегі бойынша жақын арада әлемде мұнайға деген сұраныс мейлінше төмендейді, ал оның ең жо­ға­р­ы көрсеткіші алдағы онжылдықта тіркелмек.

«Таза энергия экономикасына көшу қарқын алып жатыр және электрмобиль, энергия тиімділік және басқа да технологиялардың дамуы аясында осы онжылдықтың соңына қарай мұнайға деген сұраныс өзінің ең биік шыңына жетеді деп күтіледі», дейді агенттіктің атқарушы директоры Фатих Бироль.

Агенттік сарапшыларының болжа­уынша, биыл жылдық өсім тәулігіне 2,4 млн баррельден 2028 жылы 400 мың баррельге дейін төмендемек.

Дүниежүзілік энергетикалық ұйым­ның мәлімдеуінше, жаһандық сауда ағын­дарының бұрын-соңды болмаған қайта құру үдерісіне түсуі және былтыр ХЭА мүшелерінің стратегиялық мұнай қорларынан шұғыл босатылуы сұраныс өсімі аясында нарықтық қысымды азайтып, салалық қордың қайта қалпына келуіне мүмкіндік берді.

«Ұсынысқа келер болсақ, мұнай экспорттаушы елдер ұйымы коалиция­сына кірмейтін, ОПЕК+ атауымен танымал мұнай өндірушілер АҚШ және өзге де америкалық өндірушілерді қоса алғанда қуаттылықты кеңейтудің ортамерзімді жоспарымен басымдыққа ие болады. Біздің бағалауымызша, 2028 жылы жаһандық жеткізу қуаттылығы 5,9 млн баррельге ұлғайып, күніне 111 млн баррельге жетеді. Бұл ретте АҚШ-тағы өсімнің баяулауы аясында жалпы өсім де төмендейді. Бұл ОПЕК-тің «ауыр салмақты» елдері Сауд Арабиясы мен БАӘ-ге негізделген тәулігіне 4,1 млн баррель қуаттылық резервіне әкеледі», делінеді агенттік хабарламасында.

Ал былтырдан бері шикі мұнай экспорты мен мұнай өнімдеріне толассыз салынып жатқан санкциялар Ресейдегі өндірістің берекесін қашырмақ. Бұған санкциядан бөлек, осы күнге дейін өндіріске серпін беріп келген Батыс компанияларының жаппай кетуі де себеп. ХЭА бағалауынша, алдағы алты жыл барысында ресейлік жеткізілім күніне 710 мың баррельге дейін қысқармақ.

«Мәскеудің мұнай саласының қыз­метін өз бетінше қаржыландыра алу мүм­кіндігі және қытайлық құрылғылар мен қызметтерге деген қолжетімділігі күрт құлдыраудың алдын алады. Бірақ Батыстың Ресейге бағытталған қаржылық шараларының қатаңдатылуы кенеттен басталатын кері кетуге әкеліп соқтыруы ықтимал. Күніне 2,5 млн баррель ресейлік мұнай Батыс тұтынушыларының орнына азиялық сатып алушыларға жіберілген. Бұл «екі деңгейлі нарық» құруға алып келді», дейді агенттік.

ХЭА дабыл қағып отырған тағы бір жайт – мұнай мен газды барлау мен өндіруге үздіксіз салынып жатқан ин­вес­тиция. Қаржыландыру көлемі 2015 жылдан бергі ең биік көрсеткішіне биыл жетіп, 528 млрд долларды құраған. Агенттік білдіріп отырған емеурін мынадай – егер әлем расымен 2050 жылы нөлдік ластану деңгейіне қол жеткізгісі келсе, онда мұнай, газ және көмір бо­йын­ша жаңа кеніштерді ашудан бас тартуға тиіс.

Ал ОПЕК болса, алдағы жылдары мұ­найға сұраныс өседі деген көзқарасты ұстанады. Ұйым бас хатшысы Хейсам әл-Хейстің айтуынша, мұнай қажеттілігі күніне 110 млн баррельге дейін артады және ол біраз уақыт бойы негізгі әлемдік қуат көзі болып қала бермек. «Мұнай-газ саласына салынатын инвестицияның азаюы «әлемдік хаосқа» әкеліп соқтыруы мүмкін. Дегенмен бір­тін­деп жасыл энер­ге­тиканың маңызы артып келе жат­қанын жоққа шығара алмаймыз», деген еді ол Малайзияда өткен дәстүрлі конференция кезінде.

Еуропа елдері бензин және өзге де жаңғырмалы емес отын түрлерінен кезең-кезеңімен бас тартуды көздеп отыр. ЕО 2035 жылға таман ішкі жану қозғалт­қыштарында жұмыс істейтін ав­то­мобильдер мен фургондарды шығару­дан бас тартқысы келеді.

Кейінгі уақытта мұнай бағасының төмендеуі байқалып жатыр. Қазір Brent маркалы мұнай барреліне 85,63 доллардан сатылып жатыр. WTI мұнайының бағасы – барреліне 82,24 доллар.

Жалпы алғанда, мұнай нарығындағы ахуал тұрақты емес. Әлемдегі аса ірі мұнай экспорттаушы болып есептелетін Сауд Арабиясы шикі мұнай өндірісін күніне млн баррельге дейін қысқарту шарасын қыркүйектің соңына дейін созатынын мәлімдеді. Олар бұл қысқар­ту­ды шілдеден бері қолға алған еді. Сонымен қатар алпауыт Saudi Aramco ком­паниясының (жалпы капиталдану тұрғысынан әлемде Apple мен Microsoft-тан кейінгі екінші орында тұр) таза табысы биыл екінші тоқсанда 30,07 млрд долларды құрап, 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 37,9 пайызға құлдыраған.

Табыстың құлдырауы британиялық мұнай гиганты BP (70 пайызға төмен­деген), ExxonMobil, Shell және Фран­ция­ның Total Energies компания­ла­рында да байқалған. Бұл қысқамер­зімді құбылыс па, әлде ХЭА меңзеген құлдыраудың басы ма, оны ашып айту қиын.