Қоғам • 15 Тамыз, 2023

13,6 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 13 569 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 120,7 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

13,6 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (55,2%) Өзбекстаннан, 19,2% – Қытайдан, 9,8% – Моңғолиядан , 8,6% – Ресейден, 5% – Түрікменстаннан және 2,3% басқа елдерден оралған.

Биыл еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 63%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 28,4%-ды және зейнеткерлер 8,6%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 16%-ы - жоғары білімді, 36%-ы - орта кәсіби білімді, 39,9%-ы - жалпы орта білімді.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.

Қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер анықталды. Олар: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

«Қоныстандыру өңірлерінде 2023 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 1 925 адамды құрайды. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 491 қандас қоныс аударды. Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде», делінген министрлік хабарламасында.

Жыл басынан бері 653 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілгенін де айта кету керек. Мәселен, 431 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 653 адам біржолғы субсидия алды, ал 334 қандасқа тұрғын үй шығындары субсидияланды.