Қоғам • 16 Тамыз, 2023

Тұрғын үй кезегі жүйеленді

262 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қабдол 232 мың азамат әкімдіктердің тұрғын үй алу кезегінен шығарылуы мүмкін екенін айтты.

Тұрғын үй кезегі жүйеленді

Брифингке ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің, Цифрлық даму, инновациялар­ және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің және «Ұлттық ақпараттық технология­лар» АҚ департаментінің өкілі қатысты. Баспасөз конференциясында тұрғын үй кезегінің бір жүйеге келтіріліп, заңмен реттелгелі жатқаны сөз болды. Конституцияға сәйкес елімізде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалған. Заңда көрсетілген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұр­­ғын үй заңымен белгіленген нормаларға сай мемлекеттік тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретін ақыға беріледі делінген.

Мемлекеттік қордан тұрғын үйді алудың жалпы тәртібі «Тұр­ғын үй қатынастары туралы» заңымен реттеледі. Мәселен, Астана, Алматы, Шымкент сынды мегаполистерде тұрғын үй кезегіне ілігу үшін үш жылдық тіркеліміңіз болуы шарт. Жалпы, мемлекет есебінен баспанаға қол жеткізу үшін жағдайыңыз қойылған талаптар мен ережелерге сәйкес болуы керек. Қазіргі күні қала әкімдіктері жасаған тұрғын үй кезектерінің көбі сол талаптар мен ережелерге сай келмейді. Аталған комитеттер мен мемлекеттік органдар осы қателіктерді түзеуге белсеніп отыр. Нәтижесі – төмендегідей.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Б.Қабдол айтқандай, бүгінде тұрғын үй кезегінде 646 819 азамат тұр екен. Кейінгі жылдары олардың қатары күн сайын ұлғайып келеді. Айталық, кейінгі 10 жылда кезек 6 есе артыпты.

«Анығын айтқанда, халық тарапынан аталған кезекке баспанасы бар азаматтар тұрып жатқаны туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Осыған байланысты біздің ведомство Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, аталған тізім­нің заң талаптарының сәйкес­ті­гіне талдау жүргізді. Оның нәти­жесінде кезекте тұрған 96,1 мың азаматтың кейінгі 5 жылда жеке баспанасы болғаны, 533 адамда Қазақстан азаматтығы жоқ екені, 91,4 мыңдай адамның тұрғылықты жері кезекке тіркелген өңірмен сәйкес келмейтіні, сондай-ақ 29 мың адамның сол мекенге тіркелмегені және 15,6 мың адамның қайтыс болып кеткені анықталып отыр», деді Б.Қабдол.

Демек үй кезегінде тұрған 232 мыңға жуық азаматтың жеке деректері заң талаптарына­ сай болмағандықтан, тізімнен шы­ға­руға тура келеді. Расында әкім­дік­тер сәйкес келмейтін азаматтарды кезектен шығаруды бастайды. Нәтижесінде, нағыз мұқтаж жандар­ кезекке тұрады. Әділ қоғам құру үшін шынымен мұқтаж азаматтарға мемлекет тарапынан көмек көрсету өте маңызды. Сондықтан баспана кезегінде мұқтаж азаматтар ғана тұруы керек.

Негізінде әділ қоғам мем­ле­кет­тің де, әрбір азаматтың да ортақ жауап­кершілігі мен ашықтығы арқылы қалыптасады. Осылайша, әр істі ыждаһатпен түгендеу бар­лық азаматқа қажет. Ал кезектен шыға­рылатын азаматтар мемлекет көмегінің шын мұқтаж жандарға жетуі керек екенін білуі керек.

«Аталған тізімді түгендеу кезек­тің қозғалу үдерісін жеделдетуге және расымен де баспанаға мұқтаж азаматтардың құқығын кез келген оғаш, теріс әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді», деп сөзін қорытты Б.Қабдол.