Тұлға • 16 Тамыз, 2023

«Сәйгүлік» тойда асыр салып билейтін ән емес- Табылды Досымовтың ұлы

1200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Egemen TV» Youtube  арнасына  қазақтың тұңғыш бард әншісі Табылды Досымовтың  ұлы  Абыл Табылдыұлы сұхбат берді. Сұхбат барысында бард жанры туралы, әйгілі «Сәйгүлік» әні туралы әңгіме өрбіді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Сәйгүлік» тойда асыр салып билейтін ән емес- Табылды Досымовтың ұлы

Абыл Табылдыұлының айтуынша, бард жанры - сөзін, әуенін өзі жазып, оны өзі орындау және міндетті түрде гитара аспабымен сүйемелдеу. Бардтың ерекшелігі осында. Бард жанрының елдік, қоғамдық мәселелерді қозғай алатын тұстары да бар.

Табылды Досымовтың студенттік шағы Желтоқсан оқиғасы болған кезеңге  тұспа-тұс келгені мәлім. Сол оқиғадан кейін академиялық демалыс алып, ауылға қайтқан. Сол уақытта «Желтоқсан жыры» деген ән шыққан. «Қазақ едім дегенше» әнінің шығуына да себеп болған оқиғалардың бірі - Желтоқсан оқиғасы. Желтоқсан туралы көптеген поэзиялық өлеңдері де бар. Сол кезеңде шыққан әннің бірі һәм бірегейі Светқали Нұржановтың сөзіне жазылған «Сәйгүлік» әні.

-«Сәйгүлік» әні жылқыға, тұлпарға арналған екен деп көбі қателеседі. Светқали Нұржан Тәуелсіздігімізді аңсап жазған. Әкемнің жолдастарының айтуынша, «Сәйгүлік» әні Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған «Қара бауыр қасқалдақ» әні секілді желтоқсан оқиғасының алдыңғы шебінде орындалған ән екен. Демек, ол ұран болып шырқалған әндердің бірі болған», деді Абыл Досымов.

Оның айтуынша, Ресейде бард жанрындағы әнді эстрадаға салып орындамайды, өйткені жанрға деген құрмет  бар.

«Біздің елде бард жанрындағы әндерді эстрадаға салады, әрине, эстрадаға салуға қарсы емеспіз, бірақ әкемнің әндерінің стилі, табиғаты жоғалып кетпесе екен дейміз. Бұрыннан айтып жүрміз, мақсатымыз - әке болмысын жоғалтып алмау, сол үшін қызмет етіп келе жатырмыз»,  дейді Абыл Табылдыұлы.