Үкімет • 16 Тамыз, 2023

Қазақстан өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесі талқыланды

229 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шэньчжэнь қаласында Қазақстан делегациясы және Қытайдың ірі кәсіпкерлері, қызметтер, технологиялар мен тауарлар жеткізушілердің жоғары рейтингіне енген компаниялар өкілдері, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика саласындағы жаһандық ірі экспорттаушылардың қатысуымен өзара ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесі талқыланды

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегацияның атынан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов, ИИДМ Индустриалық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Рүстем Асылбек, «ҚТЖ» ҰК» АҚ және басқа да мамандандырылған кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.

«Бүгінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жоғары деңгейлі байланыстардың жоғары серпінімен және сауда-экономикалық өзара іс-қимыл, инвестиция тарту, көлік-логистиканы дамытудың кең ауқымды салаларымен сипатталады. Мамыр айында Сиань қаласында өткен кездесу барысында Қазақстан мен Қытай басшылары алдағы жылдары өзара тауар айналымын 40 млрд долларға жеткізу міндетін қойды. Бұл көрсеткішке жақын арада қол жеткізетінімізге сенімдімін. Бірақ біз үшін сандық көрсеткіштен бөлек, мазмұнының сапасы маңызды. Қазақстан Үкіметі сіздердің көмектеріңізбен, тәжірибелеріңізбен және жинақталған технологиялық әзірлемелердің мықты қорымен жоғары өңделген тауарларды өндіру көлемін барынша арттыруға мүдделі. Қазақстанда өндірілген өнімнің артықшылықтары басым. Біз ЕАЭО кеңістігіндеміз, бұл дегеніміз 160 млн адамға бағыттылған нарыққа шығуды білдіреді», деді Серік Жұманғарин дөңгелек үстелге қатысушылар алдында.

Аға экономист, Қытай ауылшаруашылық машиналарын тарату қауымдастығының (CAMDA) президенті Фан Цзяньхуа қауымдастық ұйымдастырған халықаралық ауылшаруашылық техникасы көрмесінің алаңын Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы үшін көпір ретінде пайдалануды ұсынды. Бұл көрме бүкіл әлемге танымал және Азиядағы ең үлкен көрме. CAMDA атынан қауымдастық Қазақстанға сауда және инфрақұрылым құрылысы саласында инвестициялау үшін күш салуға дайын екенін мәлімдеді.

Қытайдағы фосфат тыңайтқыштарын өндірушілер қауымдастығының төрағасы Сюй Сюэфэн Қытайдағы саланың дамуы туралы айтты.

Технологиялар мен жабдықтар дамыған сайын ҚХР-да тыңайтқыш өндірісінің қуаты үздіксіз өсіп келеді. Бүгінгі таңда Қытай фосфор тыңайтқыштардың екі түрі бойынша әлемдік өндірістің үштен бірінен астамын өндіреді, ал, олардың экспорты әлемдік тауар айналымының шамамен 30%-ын, тағы біреуі әлемдік тауар айналымының 11%-ын және әлемдік экспорттың 15%-ын құрайды.

Соңғы жылдары Қытайда органикалық тыңайтқыштарды қолданудың артуы байқалады. Бұл ретте тыңайтқыштардың басқа түрлерін өндірудің ауқымды нарығы қалыптасып келеді.

«Біздің қауымдастықтың Қытайдағы барлық тыңайтқыш өндірушілердің 90%-дан астамын қамтитын 400-ге жуық мүшесі бар. Біздің мүшелеріміз Қазақстан мен Қытайдың тыңайтқыштар өндіру саласындағы ынтымақтастығына қолдау көрсете алады деп ойлаймын», деді ол.

Қытай тұқым саудасы қауымдастығының бас хатшысы Тянь Вэйхун Қазақстанда тұқым өндіру индустриясын бірлесіп дамытуды ұсынды.

«Тұқым – ауыл шаруашылығын дамытудың негізі. 30 жыл ішінде біз үлкен жетістікке қол жеткіздік. Әсіресе күріш, жүгері және басқа да дақылдар сорттарының тиімділігін арттырудағы нәтижелер жақсы. Жоғары сапалы тұқым Қытайдың ғана емес, шетелдің де сұранысын қанағаттандыра алады. Бұл егін алқаптары ауқымды Қазақстанның әлеуетіне сай келеді. Біз Үкімет деңгейіндегі диалогымызды нығайта аламыз, екі ел қауымдастықтары арасындағы тәжірибе алмасуды күшейте аламыз, осы салада ынтымақтасу үшін біздің компанияларға арналған платформалар жасап, сіздердің елдеріңізде тұқым өндіру индустриясының дамуына ықпал ете аламыз. Сондай-ақ біз Қазақстандағы астық қауіпсіздігіне үлес қосу үшін озық цифрлық технологияларымыз бен жасанды интеллектімізді бере аламыз», деді Тянь Вэйхонг.

Қазақстан тарапы бірлестіктің бір топ мамандарын тамыз айында Қазақстанға келіп, ынтымақтастық жолдарын талқылауға шақырды.

Басқа қатысушылар тарапынан ауыл шаруашылығы техникасын өндіру, интернет-банкинг, ауыл шаруашылығындағы инновациялық технологиялар саласында ынтымақтастықты жолға қою туралы ұсыныстар айтылды.