«Азия жаңғырығы» алғаш рет 2007 жылы ұйымдастырылып, қазір осы өнер саласындағы беделді халықаралық фестивальдың біріне айналған. Осы уақытқа дейін онда әлемнің үздік цирк нөмірлері көрсетіліп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі атақты цирк әртістерінің өнерін тамашалауға мүмкіндік берді. Бүгінде фестиваль өтетін күндерді Астана жұртшылығы ғана емес, барша республика халқы асыға күтеді.
Биыл он төртінші рет өткен фестиваль Азия елдерінің ғана емес, Еуропа, Солтүстік Америка мемлекеттерінің цирк майталмандарын жинады. Атап айтсақ, АҚШ, Франция, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Мажарстан, Қытай, Болгария, Израиль, Якутия, Германия, Тәжікстан және Қазақстан әртістері А және Б конкурс бағдарламаларында бес күн бойы астаналық цирк аренасында өнер көрсетті.
Өнер додасына қатысушыларға осы салада әлемде мойындалған мамандар баға берді.
Сонымен, айтулы фестивальдың Гран-при жүлдесін «Ағайынды Гертнерлердің аттракционы» цирк нөмірі (Германия) иеленсе, Алтын жүлдені жоғары орындаушылық шеберлігі мен кәсібилігі үшін «Slack Wire» (Қытай) еркін сымдағы цирк нөмірі, «Карпе Дием» әуе гимнасттары циркінің қойылымы (Шымкент), Әділет Тикановтың жетекшілігімен «Хассак» қос мачты цирк акробаты (Алматы), сондай-ақ Илья Тюфяевтың жетекшілігімен қос таяқтағы акробаттар жеңіп алды. Ал күміс жүлде Андрей Погореловтың жетекшілігімен «Отты дөңгелек» цирк нөмірі (Ресей), әуе гимнасттарының «Сезімдер қозғалысы» трапециялық трапеция актісі (Беларусь), «Дуэт Антресоль» (Ресей) дөңгелектегі әуе гимнасттарының өнеріне бұйырды. Қола жүлде «Earth Sky» эквилибр цирк нөмірі (Болгария), мачтадағы аэроакробаттардың қойылымы (Якутия), «Арманыңа ұмтыл» әуе гимнастикасының цирк нөміріне (Алматы) табысталды. Бұдан бөлек, арнайы сыйлықтар тапсырылып, түрлі әлемдік фестивальдарға шақыртулар берілді.
Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан фестиваль қазақ цирк өнерінің дамуына, шығармашылық тынысының кеңеюіне ықпал ететіні сөзсіз. Көрерменге лық толы зал, түрлі эмоция, жас та, кәрі де қызыға тамашалаған әртістер – соның дәлелі.