Білім • 17 Тамыз, 2023

Білім саласындағы түйткіл

469 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірде орта білім бере­тін мектептер саны артып келеді. Алайда бұл салада мәсе­ле көп. Оның қатарында спортзалмен, асхана­мен жабдықтау, оқушы­лардың қауіп­сіз­ді­гін қамтама­сыз ету, кадр тап­шылығы секілді түйткілді мәселелер бар.

Білім саласындағы түйткіл

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бірақ мұндай жайтты пән мұғалімдері де, тіпті директорлар да ашып айтпайды. Сол себептен білім ордаларындағы көкей­кесті түйін әлі күнге тарқатылмай келеді. Атырау облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бердібек Таишевтің айтуынша, 200 мектептің жаңа оқу жылына дайындығына байланысты мониторинг жүргізілген. Мониторинг қорытындысымен бірнеше кемшілік анықталып отыр.

Біріншіден, өңірдегі 24 мектепте спорт залы жоқ. Ал 44 білім ордасындағы спорт залы спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтылмаған. Атырау қаласындағы – 16, Махамбет ауданындағы – 7, Құрманғазы ауданында 6 білім ордасында спорт залдарының жабдықталу деңгейі талапқа сай болмай шыққан.

Екіншіден, 13 мектепте әлі күнге асхана жоқ. Осы кезге дейін оқушылар буфеттен ғана тамақтанып келген. Мұндай мектептердің тоғызы Атырау қаласында орналасса, Қызылқоға ауданында үшеуі, Махамбет ауданында біреуі бар. Бұл әрине Мемлекет басшысының баста­­уыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту жөніндегі тапсырмасын орындауға кері әсер етері дау туғызбайды.

Үшіншіден, білім ордаларын кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтуға қатысты түйіні тарқатылмай отырған жайттар бар. Мәселен, 123 мектепте мамандандырылған күзет қызметі енгізілген. Ал 169 мектепте кіруді бақылайтын турникет бар. Полиция пультіне қосылатын дабыл түймесі 189 білім ордасында орнатылған. Бірақ сегіз білім беру нысанындағы бейнебақылау жүйесі стандартқа сәйкес болмай тұр. Мұнда жазбаны сақтау мерзіміне қатыс­ты­ талап орындалмайды. Сондай-ақ бес мектептегі бейнебақылау жүйесі нысан­ның периметрін толық қамти алмайды.

Төртіншіден, мектептерді интер­ак­тивті тақтамен, роботтехника каби­не­ті­мен жабдықтауда да кемшілік бар. Тек­се­ру кезінде 57 мектептегі интер­актив­ті­ тақталардың 50 пайыздан астамы­ ескір­ге­ні анықталыпты. Сол себепті интер­активті тақталар жұмыс істемейді. Ал 90 мектепте ғана роботтехника каби­не­ті бар. Бұл – барлық мектептің 45 пайызы.

Физика пәні бойынша жаңа үлгі­де­гі кабинетпен 152 (76%) мектеп қам­ты­лыпты. Білім ордаларының 132-сі (66%) химия кабинетімен, 144-і (72%) биология пәніне арналған кабинетпен жабдықталған. Сондай-ақ интернет жылдамдығының өзектілігі жойылар емес. Қазір 112 (56%) оқу ордасында интернеттің жылдамдығы секундына 10-20 Мбит және одан жоғары болып тұр.

Бесіншіден, кейбір мектептер қыркүйекте оқушыларды қабылдай алмайды. Өйткені департамент бас­шысының дерегіне қарағанда, 8 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Оның бесеуі Атырау қаласында, ал екеуі Исатай ауданында орналасқан.

– Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жасалған шарт бар. Сол шартқа сәйкес күрделі жөндеу жұмысының мерзімі 6 айға дейін созылады. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін екі білім беру ныса­нын­дағы жөндеуді аяқтау жоспарланып отыр. Ал 6 мектептегі күрделі жөн­деу жыл соңына дейін жалғасады. Сон­дық­тан­ аталған мектептердің оқушыларын уақытша оқытатын орындарды анықтау қолға алынды, – дейді Б.Таишев.

Атырау қалалық білім бөлімі бас­­шысының орынбасары Ерлан Бал­мұ­хановтың айтуынша, 5 мектептегі жөн­деу­ жұмыстары шілде айында басталған. Бұл – №19, 22, 27, 31 және 13-мектеп.

– Шартқа сәйкес жөндеу жұмыс­тарының мерзімі 3,5 айдан 6 айға дейінгі аралықта жүргізілуге тиіс. Мәселен, №22, 31 және 13 мектептердегі жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін аяқтауға мүмкіндік бар. Ал №19 және 27 мектепті жөн­деу­ кезінде жасалатын жұмыстың ауқы­мы үлкен. Сол себепті бұл білім орда­ла­рының оқушыларын өзге мектептерде уақытша оқыту мәселесі қаралып отыр, – деп хабарлады Е.Балмұханов.

Жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдай алмайтын білім ордасының бірі – Атырау қаласындағы №30 мектеп-гимназиясы. Оның ғимараты 2002 жылы пайдалануға берілген. Ғимараттың шатырынан 2007 жылдан бері су ағады. Мұндай жағдай биылғы ақпанда тағы қайталанды. Мектепте 54 кабинет бар. Бұл жолы шатырдан аққан судан 40 кабинет жарамсыз болып қалған.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, сол себепті қыс ортасында білім ордасындағы 2 075 оқушының бәрі онлайн форматта оқуға жіберілді. Қазір мектептің ғимаратын күрделі жөндеудің жобасы бар. Бірінші кезекте шатырға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Шатырдың құрылымын өзгерту жөнінде жоба қарастырылған.

Мектеп-гимназияның кабинеттері бүлінген соң оқушыларды сабақтан қал­дырмау үшін бірнеше нұсқа қарас­ты­рыл­ған. Кейбір ата-аналар оқушыларды қа­шықтан оқытуды сақтау қажеттігі туралы ұсыныс білдірсе, бір тобы мұндай әдіс­ке қарсы болған. Дегенмен барлық ұсы­ныс ескеріліп, оқу жылының соңына дейін бастауыштағы сыныптардың оқу­шы­ларын түгелдей онлайн форматта оқу­ға жіберу туралы шешім қабылданған еді. Ал 5-11-сыныптардың оқушыларын мек­теп-гимназияға жақын орналасқан екі кол­ледждің бос кабинеттерінде оқыту ұйым­дастырылды.

– Қазір аталған мектеп-гимназия­ ғи­ма­ратында жүргізілетін жөндеу жұ­мыс­та­рының жобасы әзірленіп, мем­лекеттік сарап­тамаға берілді. Жөндеуді келесі оқу жылына дейін аяқтау көзделген. Сол себепті биылғы күзде жөндеу жұ­мыстарын бас­тау­ды жоспарлап отырмыз. Жөндеу кезінде бастауыш сынып оқу­шылары қыздарға арналған түрік лицейінің, 5-11 сынып оқушылары екі кол­ледждің ғимаратында оқиды. Бұл оқу орындарындағы кабинеттер дайын­да­лып, интерактивті тақталар мен оқу үдерісіне қажетті барлық жабдық орна­тылып жатыр, – деп мәлім етті Е.Балмұханов.

Алтыншыдан, білім саласындағы кадр тапшылығы әлі толық шешімін тап­қан жоқ. Қазір 600-ден астам мұғалім жетіс­пейді. Әсіресе математика, тарих пәндерінен беретін және бастауыш сынып­тарға мұғалімдер қажет. Атырау қала­лық білім бөлімі басшысының қар­жы­ және экономика жөніндегі орынба­са­ры Е.Балмұхановтың айтуынша, орыс сыныптарына дәріс беретін 400 мұға­лім­нің жетіспеушілігі байқалып отыр.

– Қазақ сыныптарына математика пәнінен сабақ беретін 30, орыс сыныптарына 45 мұғалім жетіспейді. Ал тарих пәнінен дәріс жүргізетін 25 мұғалімнің тапшылығы бар. Білім ордаларында психологтердің орны бос тұр. Мектептердегі кадр тапшылығының басты себебі – жалақының аздығы. Жұмысқа орналасу үшін көптеген қиын­­дыққа тап болады. Мұғалім болу үшін дипломмен бірге тиісті портфолио қажет. Комиссия біліктілік сәйкестігін тексереді. Содан кейін тест тапсыруы керек. Көпшілігі сол сынақтан өте алмайды. Егер тестті ойдағыдай тапсырса, балалармен жұмыс істеуіне байланысты жеке қасиеті тексеріледі, – дейді Е.Балмұханов.

Жақында Атырау қаласындағы №3 мектеп-гимназиясында 40 мұғалімнің жұмыс орны бос тұрғанын хабарлады. Сол себепті білім ордасының әкімшілігі бос жұмыс орындарына конкурс жария­лады. Мұнда тұрақты жұмыс істейтін пән мұғалімдердің қажеттігі туындап отыр. «Атырау қаласындағы жалпы білім беретін №3 мектеп-гимназиясы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары негізінде бос орындарға педагог қызметкерлерді тағайындау үшін конкурс жариялайды. Конкурс құжаттары 14-22 тамыз аралығында қабылданады» делінген білім ордасының хабарландыруында.

Мәселен, оқушыларға информатика пәнінің қыр-сырына баулитын 3, бас­тауыш сыныптарға 7 мұғалім керек. Математика, орыс тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінің әрқайсысына 4 мұғалімнен қажет. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс беретін 2, оқушыларды көркем еңбекке баулитын 4 мұғалімнің орны бос тұр. Химия, физика, география пәндерінің әрқайсысы үшін бір-бір педагог жұмысқа шақырылып отыр. Сондай-ақ бір-бірден спорт нұсқаушысы мен шеберхана меңгерушісі, педагог-ұйымдастырушы, химия, биология, физика және информатика пәндері үшін 4 зертханашы керек. Мектеп директорына екі орынбасар қажет. Орынбасардың біріне оқу ісі, ал екіншісіне тәрбие ісі жөніндегі міндет жүктеледі.

Биылғы ақпан айында өңірдегі жалпы орта білім беретін 31 мектепте директордың орны бос тұрды. Сол себепті Атырау қаласында 9, Жылыой ауданында 1, Исатайда – 6, Махамбетте – 4, Қызылқоғада – 1, Құрманғазы ауданында 7 білім ордасы басшыларының бос орнына конкурс жарияланған еді. Ал қазір облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиевтің дерегіне сүйенсек, Атырау қаласындағы 13 мектепте директордың бос лауазымдық орнына тағы да конкурс жарияланып отыр.

 

Атырау облысы