Жақында ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде білім грантын жеңіп алғандардың тізімі жарияланды. Біреу қуанса, біреу мұңайды. Бірақ тізімнен атын таба алмағандарға әлі мүмкіндік көп. Солардың бірі – әкімдік тарапынан бөлінетін гранттар. Астана қаласы әкімдігінің білім грантына елорда мектептерінің түлектері ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріндегі талапкерлер де үміткер бола алады. Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, грант бойынша жоғары оқу орнына түсуге өтініштердің саны артқан жағдайда азаматтарға бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысындағы квоталар есепке алынады.
Әкімдік тарапынан медицина (резидентура) бойынша 96 грант, педагогика (бакалавриат) – денешынықтыру, шет тілі, география, тарих, педагогика және психология, математика, информатика, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия, биология, дефектология бойынша 948 грант, гуманитарлық пәндер (бакалавриат, магистратура) – исламтану, дінтану, теология бойынша 40 грант бөлінген. Педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім грантына ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырған және кемінде 75 балл жинаған талапкерлер үміткер бола алады.
Бакалавриатқа құжаттар 5 тамыздан 15 тамызға дейін, магистратураға, резидентураға 25 тамызға дейін қабылданады. Астана қаласы әкімдігінің грантына үміткер талапкерлер құжаттарды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік университетіне (133 грант), А.Құсайынов атындағы Еуразиялық гуманитарлық институтына (170 грант), «Астана» халықаралық университетіне (595 грант), Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетіне (50 грант), Жалпы спорттық денешынықтыру академиясына (10 грант), Әл-Фараби атындағы Казақ ұлттық университетіне (8 грант), Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне (12 грант), «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдени университетіне (10 грант), Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына (11 грант), «Астана» медициналық университетіне (85 грант) барып, қабылдау комиссияларына тапсыра алады.