Қоғам • 17 Тамыз, 2023

Өңір зәруліктері

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысындағы Сырым ауданының ақсақалдар және ауыл тұрғындарымен кездесуде өңірді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Өңір зәруліктері

Депутаттар Алғабас және Қарағанды ауылдарындағы ауыз сумен жабдықтау жүйесі, мектеп, ауылдық мәдениет үйі құрылысының барысымен, сондай-ақ Тоғанас ауылындағы «KazMeatIndustry» ЖШС жұмысымен және техникалық жарақтандырылуымен танысты.

Сенатор Арман Өтеғұлов жұмыстарды сапалы және уақтылы аяқтаудың маңыздылығын атап өте келіп, сондай-ақ ауыл тұрғындарын жүргізіліп жатқан жұмыстарға тарту қажеттігіне тоқталды.

Сенаторлар кездесулер барысында ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту жөнінде айтылған барлық мәселе мен ұсынысты заң шығару жұмысы барысында ескеретінін атап өтті.

Сонымен қатар депутат Арман Өтеғұлов «Agrofest batys» форумының қатысу­шыларымен агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін күшейтуге бағытталған өңірдің ауыл шаруашылығын дамыту перспективаларын талқылады.

 

Сенат депутаттары Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев Ұлытау ауданының ақсақалдарымен, аудандық қоғамдық кеңестің өкілдерімен, ауыл тұрғындарымен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.

Кездесуге қатысушылар жанармаймен және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасына назар аударды.

Сонымен қатар сенаторлар Жаңаарқа ауданында болып, ауылдық мектептің жөндеу жұмыстарымен және Ералиев ауылдық округінің амбулатория қызметімен танысты. Кездесу барысында өңірдің басқа да өзекті мәселелері, оның ішінде көмір, су тапшылығы және интернетке қолжетімділік сияқты түйткілдер талқыланды.