Энергетика • 17 Тамыз, 2023

Қазақстанда АЭС салынатын аумақ таңдалды

292 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында реакторлық технологияларды таңдау бойынша бұрын жүргізілген зерттеулерді өзектендіру, атом электр станциясының қуаты мен құрылыс ауданын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша атом электр станциясы құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстанда АЭС салынатын аумақ таңдалды

Фото: 365info.kz

Елдегі алғашқы атом электр станциясы үшін ұқсас станцияны салу және сәтті пайдалану тәжірибесінде тексерілген технологияны таңдау ұсынылды. Осыған байланысты ядролық технологиялардың мынадай әлеуетті жеткізушілерінен тұратын «қысқаша-тізім» жасалды:

  • HPR-1000 қытайлық CNNC компаниясы;
  • APR-1400 реакторы бар корей KHNP компаниясы;
  • ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресей Росатом компаниясы;
  • EPR-1200 реакторы бар француз EDF компаниясы.

Зерттеу нәтижелері 2022 жылғы мамырда атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралған және мақұлданған.

«Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес ядролық қондырғыларды салу және салу ауданы туралы шешімді аумағында қондырғы салу жоспарланып отырған жергілікті өкілді органдардың келісімімен Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды. Бұл ретте мәслихат жергілікті өкілді орган болып есептеледі.

Осыған байланысты, 2022 жылғы қарашада Алматы облысы мәслихатының кезекті сессиясында аудан тұрғындарын қолдау шартымен құрылысқа келісім беру туралы шешім қабылданды.

Осы орайда, Алматы облысының әкімдігі халық арасында жария талқылаулар өткізеді, Facebook парақшасында, сондай-ақ 2023 жылдың 21 шілдесінде ресми сайтта, Instagram-каналда және Жамбыл ауданы әкімдігінің Facebook парақшасында және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, атап айтқанда Атамекен газетінде (№28) қатысуға шақырылған тиісті хабарландырулар жарияланды.

Бұл ретте Экологиялық кодекске сәйкес өткізілетін қоғамдық тыңдаулар жобалық құжаттама әзірленгеннен кейін жобаны экологиялық бағалау кезеңдерінде кейінірек бастамашылық етілетін болады.

Кесте–қоғамдық талқылаулар мен қоғамдық тыңдаулар арасындағы айырмашылық:

  Қоғамдық талқылаулар

 Қоғамдық тыңдаулар

Мақсаты – жергілікті халықтың өз аумағында АЭС салу мәселесіне қатынасын талқылау және анықтау.

Анықтама: мәслихаттың үлгілік регламентінің 52-тармағына сәйкес (Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 704 Жарлығымен бекітілген) Мәслихаттың тұрақты комиссиялары өз бастамасы немесе мәслихаттың шешімі бойынша жария талқылаулар жүргізе алады. Жария талқылаулар депутаттардың, атқарушы органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтілген отырыстары нысанында тұрақты комиссиялардың қарауына жатқызылған неғұрлым маңызды және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мақсатында өткізіледі.

Мақсаты – АЭС құрылысы бойынша жобалық құжаттаманы бағалау.

 

Анықтама: Қазақстан Республикасы Экологиялық Кодексінің 96-бабына және қоғамдық тыңдаулар өткізу қағидаларының 2-тарауының 6-тармағына сәйкес АЭС құрылысы жобасын экологиялық бағалаудың барлық кезеңдерінде өткізілуі мүмкін (бекітілген Қазақстан Республикасы Экология, Геология және табиғи ресурстар министрінің м. а. 2021 жылғы 3 тамыздағы № 286 бұйрығымен).

 

АЭС салу мәселесі бойынша жобаны іске асыру кезеңдері:

1) АЭС орналастыру ауданын таңдау бойынша зерттеу жүргізу;

2) Қоғамдық талқылаулар;

3) Мәслихаттың келісімі;

4) Орналастыру ауданын таңдау туралы Үкіметтің келісімі;

5) АЭС технологиясын таңдау;

6) АЭС орналастыру, жобалау, салу үшін инженерлік ізденіс;

7) Жобалау алдындағы құжаттамаларды дайындау;

8) Қоғамдық тыңдаулар;

9) Үкіметтің АЭС салу туралы шешімі.