«Шахтер» мен «Оқжетпес» арасындағы кездесуде алаң иелері көкшетаулықтардың қақпасына жауапсыз екі гол соқты – 2:0. 66-минутта Иван Свиридов есеп ашса, 90-минутта Темур Чогадзе бәсекенің соңғы нүктесін қойды. «Каспий» өз алаңында «Қызылжарға» есе жіберді. 58-минутта Борис Смилянич нысананы дәл көздесе, көзді ашып-жұмғанша Лука Имнадзе мергендік танытты. Ақтаулықтар бір ғана голмен жауап қайыруға жарады – 1:2. Көш соңында келе жатқан командалардың бірі – «Ақсу» бұл жолы өте сауатты ойнап, көздеген нәтижеге қол жеткізді. «Атырауға» қарсы ойында олар төрт допты қақпаға тоғытты. Бұл голдардың авторлары – Лима Маилсон (екі рет), Гарсия Брайан және Андрей Соловей. Қонақтар сапынан Евгений Козлов қана доп соғуға жарады – 4:1.
Кеше ел біріншілігінің 20 туры аясында тағы төрт ойын өтті. Бұл бәсекелерде «Жетісу» мен «Мақтаарал», «Астана» мен «Қайсар», «Ордабасы» мен «Қайрат» және «Ақтөбе» мен «Тобыл» клубтары шеберлік байқасты.