
Жасанды интеллекті қақтығыс болып жатқан мемлекеттер кеңінен қолдана бастады. Ал оның зерттелмеген сценарийлері халықаралық қауымдастықты қатты алаңдатып отыр. Мәселен, Украина әлемнің түкпір-түкпірінен келген сарапшылардың көмегімен әскери технологияны дамытуға арналған «Brave-1» бастамасын іске қоспақ. Болжамынша, жасанды интеллектің нәтижесінде оның қорғаныс жүйелері мен киберқауіпсіздік, автоматтандырылған немесе автономды қарулары өздігінен әрекет етеді. Бірақ мұндай қару болашақта қолданыла ма, жоқ па әлі даулы мәселе болып тұр.
Оңтүстік Дания университетінің Әскери зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Анна Набидиадзе «мұндай қаруларды қолданатын болсақ, моральдық адалдықты жоғалтамыз» деген пікірде. «Адам-операторлар жанашырлық танытып, жағдайды пайымдауға мүмкіндігі бар, ал деректерге үйретілген және алдын ала бағдарламаланған жүйе теориялық түрде ғана әрекет етеді. Қаупі жоғары болуы да мүмкін», дейді ол.
Десе де, жақын болашақта дрондар, робот-иттер немесе гуманоид роботтар тобымен жүргізілетін операциялар қарулы қақтығыстарға қатысып, құрбандардың санын азайтуға көмектеседі. «Бірақ жасанды интеллекті пайдалану кезінде бірқатар тәуекел бар, алгоритмдердің деректер үлгілерінде қателер болуы мүмкін, мысалы, роботтар тұлғаны анықтауда қате жіберуі мүмкін», дейді Испанияның CISDE барлау, қауіпсіздік және қорғаныс орталығының сарапшысы Цезарь Пинадо.
Қытай болса 2030 жылға қарай жасанды интеллект супердержавасына айналуды мақсат етіп отыр. 2022 жылы Бейжің гиперсоникалық сырғанау зымырандарының траекториясын болжайтын, сонымен бірге жылдам қарсы шабуыл жасай алатын жасанды интеллект қосылған әуе қорғанысы жүйесінің үлгісін әзірлегенін айтқан болатын. ҚХР сонымен қатар бірқатар автономды қару жүйесін жасап жатыр, елдегі робототехника мен ұшқышсыз жүйелер құрлықта, әуеде, теңізде және ғарышта орналастырылады.
Ресей де жасанды интеллекті теңіз саласында, соның ішінде су астындағы жауынгерлік дрондарға қолдануға ниетті. Ал Израильдің «Темір күмбез» зымыранға қарсы жүйесі дербес зымырандарды анықтап, бірден атып түсіреді.
Ал Үндістан әскери жасанды интеллектіні қолдау мақсатында Қорғаныс зерттеулері мен даму ұйымында (DRDO) Жасанды интеллект және робототехника орталығын (CAIR) құрды. Сонымен қатар 2018 жылғы Үндістанның Құрлық соғысы доктринасында жасанды интеллект және оның әскери жүйелерге интеграциясына айтарлықтай көңіл бөлінді. Екі майданда – Пәкістан мен Қытайға қарсы соғыс қаупімен Нью-Дели АҚШ-тан экономикалық, дипломатиялық және әскери қолдау алуға ынталы, оған жаңа технологиялар да кіреді.
Осыған байланысты Үндістанның әскери сарапшылары әскери жүйелерде жасанды интеллекті кеңінен қолдануды ұсынады. Қазір Үндістан «Multi-Agent Robotics Framework» робот жүйесін әзірлеп жатыр, ол сарбаздар командасы ретінде әрекет етіп, қақтығыс болған жағдайда үнді армиясына көмектесуі мүмкін. Нью-Дели сонымен қатар бомбаларды залалсыздандыру үшін қашықтан басқарылатын 200 автономды DAKSH роботын сатып алды.
Жалпы, роботтехника және жасанды интеллект саласында Үндістан Жапониямен ынтымақтастық орнатты. Ол технология, ғарыш және қорғаныс саласындағы соңғы үнді-америкалық бастамалар Қытайға қарсы тұру үшін жасанды интеллект және кванттық есептеулерді қамтиды.
«Жасанды интеллект өнімдері экологияға кері әсерін тигізеді», дейді сарапшылар. Массачусетс университетінің ғалымдары жасанды интеллектке негізделген бір құрылғы 284 тонна көмірқышқыл газын бөлетінін анықтаған. Бұл әбден ескірген автокөліктің ауаға шығаратын қалдығынан 5 есе көп.
Ол экономикаға да зиян. Экономика бойынша Нобель сыйлығының иегері Джозеф Стиглиц «жасанды интеллекті дамытуға ірі жұмыс берушілер мүдделі, нәтижесінде жұмысшыларды жалақысынан айырады», дейді.
Осындай келеңсіздіктерге орай, Ұлыбритания премьер-министрінің технология мәселелері бойынша кеңесшісі Мэтт Клиффордт жасанды интеллекті қазірден бастап бақылауға алу қажет деп есептейді. «Болмаса ол 2 жылдан кейін адамды жоюға көшеді», дейді. Ол Клиффорд атом энергетикасын қадағалайтын МАГАТЭ сияқты жасанды интеллектіні бақылайтын халықаралық мекеме құруды ұсынып отыр. «Жасанды интеллект өмірімізге тек пайда келтіреді деу қате. Ол үлкен қауіп те төндіреді. Осы қатердің алдын алу үшін мемлекеттер мен компаниялар бірігуге тиіс. Жасанды интеллект шекараны білмейді. Біз оны ортақ бір құрылымға келтіріп, зиянынан гөрі пайдасын көбірек ала білуіміз керек», деді Мэтт Клиффорд.
Жасанды интеллектің игілігін көріп отырған елдер де жоқ емес. АҚШ-тың Калифорния штаты жасанды интеллектіні ормандағы өртті сөндіру үшін пайдалана бастады. Бұл үшін мамандар от шығатын жерді дер кезінде байқау үшін 1036 камера орнатқан. Бұл желіні Сан-Диегодағы Калифорния университетінің инженерлері әзірлеген. «Жасанды интеллект болмаса, бір адам бүкіл орманды күнде 24 сағат үздіксіз бақылап отыруы қажет. Бұл, әрине, мүмкін емес. Ал жасанды интеллектіге негізделген камералар күн-түн демей бақылап отырады, орманда шоқ, ұшқын пайда болса, түтін шықса, бірден дабыл қағады, өрт сөндірушілерге хабар береді. Бұл технологияны әлемнің кез келген жерінде орнатуға болады», дейді инженер Сюзан Лейнингер. Сонымен қатар геология және геофизика профессоры Нил Дрисколи: «Осыдан 5-6 жыл бұрын от тұтанған жерді анықтау үшін белгілі бір орынға тұтас бөлімді жіберу қажет болатын. Бұған авиацияны жұмылдыру керек. Енді оны камера арқылы бақылап отыруға болады. Жасанды интеллектінің мүмкіндігі мол. Соңғы жылдары климат қатты өзгеріп, табиғи апаттар жиілеп кетті. Сондықтан жасанды интеллектінің игілігін пайдалана білуіміз керек», дейді.
Жасанды интеллект қатерлі ісікті де анықтайды. Швецияның Лунд университетінің ғалымдары сүт безінің қатерлі ісігін осы жасанды интеллект негізінде дер кезінде анықтаған. Аталған елде жылына 1 миллионға жуық әйел маммографиядан өтеді екен. «Бұл – өте ұзаққа созылатын үдеріс», дейді мамандар. Өйткені орташа есеппен алғанда, бір рентгенолог 1 сағатта 50 скринді қарап үлгеруі керек екен. Ал жасанды интеллект осы жүктемені әлдеқайда азайтады. «Жасанды интеллектіні дұрыс, тиімді пайдаланса, нәтижесі зор. Мәселен, қазір көптеген елге дәрігерлер жетіспейді. Жасанды интеллектіні пайдалану арқылы осы мәселені түбегейлі шешуге болады», дейді Лунд университеті диагностикалық радиология кафедрасының доценті Кристина Ланг.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылы әлем бойынша 2 миллион 300 мың әйелден сүт безінің қатерлі ісігін анықтаған. Содан бері 685 мың адам осы аурудан қайтыс болған. Осылайша, жасанды ақыл-парасаттың медицинадағы рөлі зор болып тұр.
Ал елімізде жасанды интеллект ұлттық бірегейлікті (national identity) танытуға қолданылып келеді. Қазір жасанды ақыл-парасатты ұтымды пайдаланып, ұлттық нақыштарымызды насихаттап жүрген жастар арасынан режиссер, өзінің «Замандас» подкасты арқылы көпшілікке жас буынның жан дүниесін ашып көрсетіп жүрген Қанат Бейсекеев, поэзия мен музыканы ұштастырып, заманауи әдебиет пен музыка бағытына жаңа көркемдік леп берген, Ұлыбританияда, Германияда, жақында елордада концертін берген «Maqpalsher» – Мақпал Жұмабай, білегінің күшімен ғана емес, рухы, ойымен қазақ екенін, түптеп келгенде, еліміздің кім екенін әлемге танытып жүрген Геннадий Головкин, «Qazaq Republic» брендінің негізін қалаушы Сәкен Жолдас, отандық және әлем әдебиетінің ұлы туындыларын қазақ тілінде шығаратын «Qasym» баспа үйінің негізін қалаушылар – Ерлан Әшім мен Арман Әлменбет, жұртшылықты қазақ әлеміне ғашық етіп жүрген Диас пен Айгерім Камеридановтарды, қазақ мифологиясының маманы, аудармашы, жазушы Зира Наурызбайды атауға болады.