
Абайдың ақындығынан кейін, оның музыкалық мұрасы кең ауқымда зерттелетін тақырып. Хакім саз өнеріне де өлеңге қоятын талаппен қарағаны анық аңғарылады. Оның әндеріндегі өзгеше пішін, тың ырғақ, ерек әуен қазақ халқының музыкалық талғамын жаңа биікке көтерді. Ал оның Шәкәрім, Ақылбай сынды рухани шәкірттері Абайдың ән мектебін өзінше жалғастырып әкетті.
Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Қорғанбек Абай әндерінің рухани мазмұнын зерттеуде жаңаша көзқарас керектігін жеткізді.
«Екі түрлі заман мен мекенде өмір сүрсе де, рухани кемелдікке жеткен жандардың ой-пікірі бір арнада тоғысып жатады. Біздің зерттеу нысанымыздағы Абай да осындай жан. Ол ән-өлеңдерін А. Пушкинмен, М. Лермонтовпен бір деңгейде иықтасып отырып шығарды. Өмірінің соңғы жылдарында хакім назарын сыртқы әлемге емес, өзінің ішкі әлеміне қарай аударды. Катарсистік һәл кешті. Сол сезімін «улы сия, ащы тілмен» жеткізе білді», деді Б. Қорғанбек.
Мәдени жиында Абай және оның шәкірттерінің ел ішіне тарай қоймаған бірқатар әндері орындалды.