Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, «Atamnyn Amanaty» ҚБ, «Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы» РҚБ өкілдері, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери қызметшілері қатысты.
– Бүгін майданда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер туған топырағына оралды. Хабарсыз кеткендердің тағдыры олардың ұрпақтарын әлі күнге дейін алаңдатады. Олар аталары мен әкелерінен қандай да болса хабар күтеді. Ұрпағы үшін өз өмірлерін құрбан еткен барлық жауынгер мәңгі есімізде, – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.
Іздестірушілердің ерік-жігерінің арқасында екі қазақстандық қызыләскер – 1913 жылы туған Иван Сурнин мен 1903 жылы туған Филипп Парасенконың тағдыры белгілі болды. 117-жеке атқыштар бригадасының жауынгері Иван Филиппович Сурнинді «Поколение» іздестіру жасағының іздеушілері Тверь облысының Оленин муниципалды округіне қарасты Дроничено елді мекенінен тапқан. Ол соғысқа Солтүстік Қазақстан облысының Преснов аудандық әскери комиссариатынан шақырылған.
Алматы облысының тумасы Филипп Лаврентьевич Парасенконың сүйегін аймақтық «Фронтовые дороги» әскери-патриоттық іздеу клубының іздеушілері іздеп тапқан. Ол Алматы облысының Алакөл ауданынан шақырылған.
Солтүстік Қазақстан облысында Иван Сурниннің немересі Галина Самсонова тұрады.
– Атамыздың Отанына оралғаны үшін Қорғаныс министрлігі мен ресейлік іздеушілерге шын жүректен алғыс айтамын. Атамыз қызының жанына жерленеді. Анам әкесінің ауыр шайқаста қаза тапқанын білетін. Ол бұл туралы соғыстан аман оралған атамның қарулас досынан естіп білген, – дейді Галина Тарасовна.
Өкінішке қарай, Филипп Лаврентьевич Парасенконың туыстары әлі табыла қойған жоқ. Марқұмды қайта жерлеумен Жетісу облысына қарасты Алакөл ауданының әкімдігі айналыспақ. Қайта жерлеу рәсімдері өңірлерде әскери құрметпен өтеді.