Білім • 22 Тамыз, 2023

Ана тілінен жеріген ата-ана орыс сыныбын көбейтіп отыр

542 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Биыл Астана қаласында 1-сыныпқа баратын оқушы­лардың 40 пайызы (10 571 бала) орыс сыныбына қабылданған. Мек­теп табалдырығын алғаш аттай­тын­дардың кемінде 80 пайы­зы уызға жарып өсуге тиіс болса да, елеулі бөлігінің орыс тілді сыныпты таңдауына не себеп? Ата-ананың елдік жауапкершілігі төмендеп кеткен жоқ па? Қазір қоғамда осы мәселе қызу талқыланып жатыр.

Ана тілінен жеріген ата-ана орыс сыныбын көбейтіп отыр

Орысша бір ауыз сөз білмейтін бала балабақшада қазақ тобында, мектепте қазақ сыныбында оқыса да, орыс тілін ана тіліндей үйреніп алатыны – үйреншікті жайт. Ал қазақ баласының амалсыздан орыс сыныбында оқуы жұртшылықты қатты алаңдатып отыр. Астана қалалық білім басқармасының дерегіне сүйенсек, елордада биыл 1-сыныпқа баратындардың саны – 26 650. Оның ішінде 15 929 бала (60 пайыз) қазақ сыныбына, 10 571 бала (40 пайыз) орыс сыныбына жазылыпты.

«QAZBILIM GROUP» ком­па­ния­сы­ның басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы әлеуметтік желідегі па­рақ­шасына «10 571 баланың кемінде жартысын қазақ сыныбына бұруға болар еді. Бірақ керісінше «қазақ сыныбында орын жоқ, орыс сыныбына барасыз ба?» деп отыратын қабылдау комиссиясын да көрдік. Ата-ана таңдауы дейді, бұның бәрі ата-ана таңдауы емес, сапасыз жұмыс көрінісі. Бас қалада 40 пайыз баланың әлі орыс сыныбына баруы сұмдық жағдай. Солардың 90 па­йызы – таза қазақтың баласы», деп жазба қалдырды.

авп

Инфографиканы жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

– Елімізде мектептер қай тілде болуы керек, қандай негізде болуы керек? Дәл осы сұрақ бір ғасырға жуық дау болып келеді. Түбегейлі шешім әлі жоқ. Неге? Әңгімені әріден қозғайық. 1926 жылы қазақ баспасөзі қақ жарылды. Қақ жарылды деуге тағы келмес, Ілияс Қабылұлы бастаған бір топ «Қазақша оқулық, оқу құралдары жоқ, мектеп пен мұғалім жетіспейді. Ленин бастаған көштің соңына ілесіп, мектептеріміз орысша оқыта берсін. Біздің балалар заман ағымына ілессін, орысша оқыта берейік» деген ұран тастайды. Қиқуға сүрен қосатындар қашанда табылады ғой. «Мектеп орысша болсын» деп бір топ ілесіп шу ете қалады. Дәл сол кезде Алаш арыстары шығып, «Ел боламыз десек, ұлт боламыз десек, мектеп қазақ тілінде болуы керек» деп тегеурінді қарсылық көрсетеді. Сондай-ақ жанкештілікпен қазақ тілінде оқулықтар жазып шығады. Сол кезде химия пәнінен оқулық жазған Қошке Кемеңгерұлы: «Егер орта мектепте оқу орыс тілінде болса, бізден еш уақытта жеткілікті оқытушы шықпайды. Ұлт мектептері, ұлт мәдениеті болмайды және басқа түркі ұлттары орта мектебін өз тілінде жүргізіп жатқанда қазақтың өз алдына ауа жайылуы қисынсыз. Орта мектеп орыс тілінде жүрсе, қазақ тілінде кітап басудың қажеті болмай қалады. Пән кітаптары қазақ тіліне аударылмайды», дейді. Ал Жағырапиядан (география) оқулық жазған Абдолла Байтасұлы: «Арманымыз – «түбінде мектеп тілі ұлт тілі болсын!». Бұл ұранды біз ертеден айтып келеміз. Сол ұранымыз – әлі де ұран», дейді. Құдай басымызға бақ беріп, тәуелсіздік алғанда қазақ мектептері қайта түледі. 2016 жылға дейін қазақ сыныбына барған балалар саны қарқынды кө­бей­ді. Бірақ 2017 жылдан бастап жағдай өзгерді. 2021 жылы тіпті ел бойынша ең төмен көрсеткішке жетіп үлгерді. Мұның үштілділік саясаты, ла­тын қарпі, орыс әлемінің көршілеріне қайта қарқынды саясаты, биліктің жал­тақ­тығы мен немқұрайдылығы сынды әр алуан себебі бар, – деді Аятжан Ахметжанұлы.

Даулы мәселеге үн қосып, пікір қалдырған оқырманның көбі баласын орыс сыныбына беру барлық ата-ананың ерікті таңдауы емес екенін жазған. Олардың айтуынша, «қазақ сыныбында орын жоқ» дегеннен кейін баласын амалсыз орыс сыныбында оқытуға тура келеді екен. «Менің де немеремнің жағдайы осылай әдейі істелген екен ғой, «қазақ сыныбында орын жоқ» деп қабылдамады. Амал жоқ 1-сыныпта орыс сыныбына барды. 2-сыныпта ауыстырамыз деп едік, тағы орын жоқ. Сонымен орыс сыныбына кетті, қазір қазақ сыныбына бере алмай жүрмін», дейді Тәжікүл Мүсірепова есімді оқырман.

Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Асылбек Туғанбай білім берудегі тіл мәселесінің Ертіс-Баян өңірінде де түйіні тарқамаған түйткілге айналғанын айтады. Біраз уақыт бұрын аталған өңірдегі балабақшаларда қазақ топтарында орын жетіспеушілік мәселесі назарға алынған. Балаларын орыс тобына беруге мәжбүр болатын ата-аналардың мұң-мұқтажын ескеріп, мәслихат депутаттары жауапты мекемеге депутаттық сауал жолдап, білім бөлімінен қосымша қазақ тобын ашуды сұраған. Алайда мәселе әлі күнге дейін оң шешімін таппаған. Жолданған сауалға білім бөліміндегілер «қазақ топтарында орын жеткілікті» деп қысқа қайырып, «ата-аналар үйінің іргесіндегі балабақшадан орын таппаса, қаланың басқа бөлігіндегі мекемелерге апарсын» деген жауап беріпті.

– Өкінішке қарай, өңір мектеп­теріндегі көрсеткіш те көңіл көн­шіт­пей­ді. Биыл қала бойынша 5 244 бала 1-сыныпқа барады. Олардың 1994-і ғана қазақ тілінде білім алады. Қазақ сыныбына баратындардың саны 50 пайызға да жетпейді. Қалған 3250 бала (62 пайыз) орыс сыныбында оқиды. Білім басқармасы «бұл – ата-ананың таңдауы» дегенді алға тартады. Мәселен, 30 ата-ана баласын орыс тобына бергісі келсе, қазақ тобына 4-5 ата-ана ғана келеді. Сондықтан қазақ тобын ашу, орын санын көбейту тиімсіз деп есептейді. Бірақ бұл біздің болашағымызға зиянын тигізеді. Егер ата-ана баласын орыс тобына беруге сұранып отырса, білім басқармасы қазақ тобын көбейту үшін жұмыс істеуі керек қой, – дейді Асылбек Туғанбай.

Балабақшада қазақ топтарына сұ­ра­ныстың көп екенін Оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсембаев та айтқан еді. «Қазақ тіліндегі балабақшаларға қажеттілік те, сұраныс та бар. Жалпы, мемлекеттік балабақшалардың барлы­ғын мемлекеттік тілде жүргізу мәселе­сін толыққанды іске асыруға болады деп есептейміз», деп мәлімдеген болатын министр. Алайда сөздің іске айналып, мемлекеттік балабақшалар қашан 100 пайыз қазақтілді болатыны әлі белгісіз.

Қоғам белсендісі Халима Тәжіқұл­дың айтуынша, орыс сыныбын таң­даушы ата-аналар – қазақ тілінің бола­ша­ғына сенбейтіндер. Оған бірден-бір себеп – мемлекеттің тілге деген салғырт көзқарас. «Сенбеуіне себеп көп. Тілге бірлі-жарым қазақы кадр­лар ғана жанашыр, басқасы бас қатырмайды. Айтпақшы, қазақ ба­ла­­бақшасына барған баламның тобын­дағы баланың 80 пайызы орыс сыны­бын таңдады. Ал олардың ата-аналарының дені мемлекеттік қыз­меткерлер, әскерилер», дейді ол.

Расында, қазір қаладағы көп бала­ның тілі орысша шығады, орысша ойланады. Қазақша сөйлеп жүрген баланың өзі балабақшаға, мектепке барғаннан кейін орыс тіліне көше бастайды. Өйткені білім беру сала­сындағы тіл саясаты жүйеленбеген. Мысалы, Еуропа елдеріндегі мектептерде оқушылар ұлтына, сөйлеу тіліне қарамастан ең бірінші тұрып жатқан елінің тілін құрметтеуі керек. Мектепте негізгі тілді білу бәріне міндеттеледі. Тілдік деңгейі төмен балаларға арнайы курс өтіп, оқытылады. Содан кейін ғана баланың бейімді тілі анықталып, сол тілде білім алады. Әлеуметтік желіде қалдырған оқырмандардың айтуынша, қазір баланың қазақшасы нашар болса, мұғалімдер оны қазақ сыныбына қабылдағысы, балаға қазақ тілін үйреткісі келмейді екен. Алайда мұндай мәліметті білім саласының қызметкерлері жоққа шығарып отыр. Астана қаласындағы №65 орта мектеп директорының орынбасары Майра Мырзахметованың айтуынша, орыс сыныбындағы оқушылардың 80 пайы­зы қазақ және олардың ата-анасы балаларын өз еркімен орыс тілінде оқытып жатыр.

– Министрлік тарапынан қазақ сыныптарын көбейтуге тапсырма берілген. Алайда біз 1-сыныпқа болсын, басқа сыныпқа болсын баласын алып келетін ата-ананың таңдауына араласып, оқушыны қазақ не орыс сыныбына бер дей алмаймыз. «Бізді мәжбүрлейді» деген пікірлер көп айтылып жатыр. Бірақ ол шындыққа жанаспайды. Өкінішке қарай, баласын ерікті түрде орыс сыныбына бергісі келетін ата-ана көп. Түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, орыс сыныбында орын жоқ десек, ашуланатындар бар. Өйткені баласы орысша сөйлейтіндіктен, оған қазақ тілінде білім алу қиындық туғызады деп қорқады. Әрине, қазақ тілін білмейтін баламен жұмыс істеу өте қиын. Бірақ үйреніп кетеді, үйретеміз деп көндіруге тырысамыз. Алайда кез келген ата-ана мектепті жау көреді, мұғалімді кінәлі санайды. Ата-аналар өздері балаларын кішкентайынан қазақша сөйлетуге, балаларымен қазақша сөйлесуге тырысуы керек. Сонда ғана бұл мәселенің жарасы жеңілдейді. Мәселен, қазақ тілін білмесе де, қазақ сыныбында оқып, тілді меңгеріп алған оқушылар бар. Мектеп болып, ата-ана болып екі жақтап көмектесу керек. Бірақ қазақша білмейтін ата-аналар да бар. Баласы қазақ сыныбында оқығанымен, үйде орысша сөйлеседі. Мұндайда әсіресе бастауыш сынып оқушыларына қиын тиеді. Балаларының қиналғанын көріп, біраз ата-ана орыс сыныбына ауыссақ бола ма деп қайта келеді. Сол кезде жүрегің ауырады, – деді Майра Мырзахметова.

Астана қалалық білім басқарма­сының мәліметінше, елордада 169 мектеп бар. Оның 101-і – мемлекеттік, 61-і – жекеменшік, 7-і – республикалық. Оның ішінде қазақ мектептері – 35, орыс мектебі – 3, аралас мектеп – 63. Яғни мемлекеттік мектептің 35 пайызы ғана тек қазақтілді. Алайда білім басқармасы қоғамда қызу талқыға түскен деректер мен мәлі­меттерді жоққа шығарды.

– 2020 жылдары Астанада бі­лім алатын оқушылар арасында қа­зақ­тілді сыныптар 50 пайыздан ас­пайтын. Кейінгі екі жылда қазақ сыныптарының саны 60 па­йызға жетті. Сондықтан қоғамда талқыланып жатқан дерекпен келіс­пеймін. Бұл жерде ата-аналар таң­дауына да назар аудару керек. Әлеу­меттік желіде жазба қалдырып отыр­ған азаматтар нақты қай мектепте «орыс мектебіне бер» дегенін айтсын. Мен сол мектептің директорымен сөйлесейін. Керісінше, кейінгі бірнеше жылда елордада орыс тілді мектеп ашуға шамамызша тосқауыл болып келеміз. «Бином» мектептерінің 80 пайызға жуығын тек қазақ тілді мектеп етіп аштырдық. Ал мектепте қазақ сыныптарында 35-40 бала, орыс сыныптарында 20-25 бала ғана отырады деген – ақылға сыйымсыз әңгіме, – дейді Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев.

Ұлттың жаны – тілі. Мұстафа Шоқай «Баланы қай тілде тәрбиелесең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» дейді. Бесіктегі тәрбие де, мектептегі білім де қазақ тілінде болса ғой дейсің. Ол үшін ата-ана да, мұғалім де, мемлекет саясаты да мүдделі болса жақсы.