Мектеп • 21 Тамыз, 2023

Бес жаңа мектеп

164 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңірдегі білім саласында ұзақ жыл бойы шешімін таппай қордаланып қалған күрделі мәселелердің орын алғандығы белгілі. Мәселен, үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім ошақтары. Биыл осы кемшіліктерден арылу үшін бірқатар тындырымды іс жүзеге асырылды.

Бес жаңа мектеп

Ата-аналар заман талабына сай жаб­дық­талған, құрылысшы қалағынан жаңа шық­қан, оқушылар үшін ыстық ұя – жаңа мектептердің пайдалануға берілуін тағат­сыздана күтеді. Көнеден арылып, көптен күт­­­кен ізгі ой ілкімділіктің арқасында жү­­зе­ге асырылып жатса, шын мәнінде іл­ге­­рі­­­леудің кепілі емес пе? Осы жылы Це­лино­град, Аршалы, Ақкөл аудандарында, сон­дай-ақ Көкшетау, Қосшы қалаларында 2092 орындық бес бірдей білім ордасы пай­да­ла­ну­ға берілмек.

– Жаңа білім ошақтарын салу үш ауы­сым­­дық оқуды қысқартады, – дейді облыс­тық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин. – Әсіресе Қосшы қаласы мен Аршалы ауданында мектеп жетіспей, қиындық туып тұрған болатын. Бұл арада қиындықтың туындау себебін сәл ғана тарқатып айта кетсек, артықтығы болмас. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын Целиноград ауданында 14 мың оқушы болса, бүгінде олардың саны 21 мыңға жетіп отыр. Астана төңірегіне қоныс аударушылар көп. Алдағы уақытта өңірде 18 жаңа мектеп салынады деп жоспарлап отырмыз. Об­лыс­тағы 536 білім ошағының 352-сі – шалғайдағы ауылдарда орналасқан шағын жинақты мектептер. Олардың да мәселесі шашетектен. Біз бұл тараптағы жұмысты жолға қойдық.

Бір қуаныштысы, оқушылар саны бір­шама өсіп келеді. Жаңа оқу жылында облыс­та­ғы 542 білім ошағында 137 мың оқушы білім алмақ. Оның 14 359-ы – бірінші сынып оқушылары.

Білім саласына қыруар қаржы қарасты­рыл­ған. Айталық, өңірдегі 101 білім оша­ғын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 9,3 млрд теңге бөлініп отыр. Ұзақ жыл бойы күрделі жөндеу өткізілмеген 44 мектепке 8,6 млрд теңге бағытталған. Мер­дігерлер жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін тап-тұйнақтай етіп аяқ­таймыз деп сендіріп отыр. Әйтсе де, жөн­деліп жатқан мектептердің жетеуінде жұмыс уақтылы бітпей қалуы мүмкін. Мердігерлердің пікірінше, құрылыс ма­териал­­­дары қымбаттап кеткен. Ең бас­ты­сы, жарты ғасыр жөнделмеген кейбір ғимараттарды жөндеу барысында жоспарда көрсетілмеген қосымша жұмыс пайда болған. Ал ол біршама уақыт пен қара­жатты қажет етеді. Егер үлгере алмай жатса, оқушыларды жақын маңдағы мектептерге уақытша тасымалдауға тура келеді.

Осы жылы облыстың аудандары мен қала­ларында 5552 орындық 12 білім оша­ғы­ның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа 600 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Міне, осы уақытта саладағы қол­бай­лау күрт азайып, серпін алады деген үміт бар.

Білім ошақтарын кадрмен қамтамасыз ету де айрықша маңызға ие. Биыл облыстың білім беру ұйымдарына жоғары оқу орнын тәмамдаған 154 түлек келді. Әйтсе де, кадр тапшылығы әлі бар. Мәселен, білім ошақтарына 200-ге жуық мұғалім қажет. Мектеп оқушыларын ыстық аспен қам­та­масыз ету жолға қойылмақ. Бұл жұ­мыс облыстың білім ошақтарының бар­лы­ғында ілкімді ұйымдастырылып отыр. Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойын­ша облыстық мәслихат сессиясының ше­ші­мімен бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға қосымша 1,4 млрд теңге қаражат бағытталды. Жаңа оқу жы­лынан бастап 59 мың бас­тауыш сы­­нып оқушысы тегін тамақтанады. Сон­дай-ақ мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде әлеуметтік жағынан аз қам­тыл­ған отбасылардың балалары да осын­дай қамқорлыққа бөленбек.

2023-2024 оқу жылдарында 1-2 сынып оқушы­ларына арналған «Цифрлық сауат­тылық» пәні бойынша білім беруге қажетті электронды оқулықтар жеткілікті алынды. Сондай-ақ әдістемелік әдебиеттермен де қамтамасыз етілді. Инклюзивті білім беру бойынша оқулықтарды қосымша сатып алу жүргізілу үстінде. Мектеп кі­тап­­ха­наларының қорын сұранысқа ие, оқу­шы­лар­ға рухани нәр беретін көр­кем әдебиетпен толықтыруға 180 млн теңге қаражат бөлін­ген. Оқулықтар мен әдіс­темелік кешендерді сатып алуға 906,7 млн теңге бағытталған.

Өңірдегі колледждердегі білім алушы­лар­дың 80 пайызы тегін оқиды. Олардың саны 17 мың адамды құрайды. Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында 5800 мектеп түлегі қа­зір­гі күні сұранысқа ие болып отыр­ған мамандықтарды игере бастайды. Бір жақ­сысы, жұмыс істеп тұрған кә­сіп­орын­­дардың өтінімдеріне орай кә­сіп­тік-тех­ни­калық колледждерге 500-ден астам білім алушы қабылданады. Өңірдегі кәсіптік-техникалық білім ошақ­тары 500-ден астам кәсіпорынмен ын­ты­мақ­тасқан. Кәсіпорын мамандары білім беру бағдарла­ма­ларын әзірлеуге де қатыса алады. Білім алушыларды дуальды оқыту жүйесімен қам­та­­масыз ету бағытындағы жұмыс та жал­ға­сын таппақ. Бүгінгі таңда бұл жұмыс­тың аясына бар­лығы төрт мыңға жуық білім алушыны қамтитын 28 колледж енгізіліп отыр.

Ендігі бір мәселе – жатақхана. Шын­туай­тында, бұл – әлі шешімін таппаған мәселе. Облыс орталығында 300 орындық 4 сту­дент­тік жатақхананың құрылысы жүр­гізіліп жатыр. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін ауырт­палық жүгі жеңілдей түспек.

Саладағы серпінді шаруаның арқасында қиын түйіннің күрмеуі шешіліп келеді. Ең бастысы, ел болашағы жас толқынның заман талабына сай берік білім, тәлімді тәрбие алуына толық мүмкіндік бар.

 

Ақмола облысы