Аймақтар • 21 Тамыз, 2023

Әрекетке – берекет

184 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көкше қысының қатал сыншы екенін қаперінен шығармайтын өңірде жылу беру маусымына мұқият дайындық жүргізіліп жатыр.

Әрекетке – берекет

Өткен қыста өңір жылусыз қалмаға­ны­мен, көп көңілінде әжептәуір алаң­­дау­шы­лық болды. Жылу беру ме­ке­мелерінің жұмысына жіті назар аударылғандықтан ғана әупірімдеп мау­сымды аяқтап шықты. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жылу беруге байланысты оқыс оқиғалар біздің өңір тұрғындарын да біршама қобалжытып тастаған. Биылғы жағдайға да құлақ түріп отыр. Облыстың коммуналдық сала қызметкерлері алдағы жылу беру мау­сымына дайындықты көктем туысымен, нақтырақ айтқанда, 1 мамырдан бас­тап кеткен болатын. Қазір аса ауқымды, күрделі жұмыс аяқталу сатысында.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқар­масы басшысының орынбасары Біржан Әбдірахмановтың айтуына қарағанда, өңірдегі 959 қазандықтың 95,8 пайызы дайын. Бұл бағыттағы бар шаруаны толайым тізбесек те, басты-бастыларын атай кеткеннің артықтығы болмас. 707 білім беру мекемесінің 689-ы, 518 денсаулық сақтау саласы нысандарының 506-сы дайын болса, 2 369 тұрғын үй жылу қабылдауға әзір. Бұл – барлық тұрғын үйдің 90 пайызы. Өңірдегі жылу желісінің тозығы жетіп тұрғанын да айта кетелік. Биыл 23 шақырым жылу жүйесі жаңғыртылды, 13 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілді. Осы жұмыстардың барлығы – дер кезінде назар аударылып, қажетті қаражаттың дер кезінде бөлінгенінің нәтижесі. Қаражат та аз емес. Биыл жылу беру маусымына да­йын­далуға 27,6 млрд теңге қаражат қа­рас­тырылған. Қаржының үлкен бір бөлігі 11 инвестициялық жобаны жүзеге асы­ру­ға, 5,3 млрд-ны жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

Сонау 1996 жылдан бері жарытымды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген Степногор қаласындағы жылу-электр орталығы желілерінің шамамен 80 пайыздан астамы тозып тұрғаны белгілі. Жылу беру маусымына әзірлік барысында бес қазандық агрегаты мен бес турбинаға ағымдағы жөндеу жүргізіліп, №6 қазандық агрегаты жаңартылды. Бұл жұмысқа 4,2 млрд теңге қарастырылған еді. №4 және №5 турбоагрегаттарды күрделі жөндеуден өткізу келесі жылға жоспарланып отыр. Мемлекет бас­шысының тапсырмасын орындау барысында Степногор қаласын жылумен қамту мәселелерін біржола шешу үшін іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Үкімет қорынан биыл жалпы ұзындығы 3,1 шақырым магистралды желілерді жөндеуге 2 млрд теңге қаржы бөлінді.

«Степногор теплотранзит» серік­тес­тігі өз қаражаты есебінен 4 шақырым желіні күрделі жөндеуден өткізді. Бұл жұмысқа серіктестік 1,1 млрд теңге қаржы бөлді. 540 метрлік желіге ағым­дағы жөн­деу жұмыстары жүргізіліп, тозығы жет­кен сорғы жабдығы ауыстырылды.

Облыс орталығында да жылу беру маусымына дайындық ширатыла түсті. 2,6 шақырым жылу желісі салынды, 3,2 шақырым жылу желісі жөндеуден өткі­зіл­ді. Қаланың екі аудандық қазан­дық­тары мен жылу желілерін жаңа маусымға дайындау үшін Үкімет қорынан 2,6 млрд теңге қаражат бөлінген болатын.

Ендігі бір мәселе – көмірмен қамта­ма­сыз ету. Кейінгі жылдары бұл тарапта ауық-ауық күрделі мәселе туындап, қарапайым халық ұзын-сонар кезекке тұрып, маусым сайын еселене өсетін көмір бағасына өкпе айтып та қоятын. Қа­зіргі күні қажетті көмірдің 97 мың тон­насы жеткізілді. Демек, екі айға еркін жететін қор бар деген сөз. Тұрғындарға жылу беру маусымына 1 млн тонна көмір қажет. Бүгінгі таңда 150 мың тонна көмір жеткізіліп сатылуда. Бұл – барлық көлемнің 15 пайызы. Сөз арасында өңір тұрғындарына көмір 56 жерде сатылып жатқанын айта кетелік. Алдағы уақытта бұл тараптағы шаруа қарқын алмақ.

Көмірдің бағасы да мәселе болып тұр. Белгілі себептерге байланысты көмір бағасы 20-25 пайызға өсіпті. Бас­қар­ма басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, көмір бағасының өсуі өзіндік құнының көтерілуі мен теміржол тарифтеріне байланысты екен.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын мүлтіксіз орындау барысында коммуналдық қызметтер барлық жылумен жабдықтау нысанын тех­никалық тексеруді аяқтайды. Сол кезде жөндеуді қажет ететін учас­келер анық­­тал­мақ. Алдағы уақытта қиын түйін­­нің күрмеуі кезең-кезеңімен шеші­ле­ді, – дейді Біржан Әбдірахманов.

Қалай болған күнде де жалпақ жұрт қатал қыстан қысылмай шықса игі.

 

Ақмола облысы