Жоба • 22 Тамыз, 2023

«Tomiris» – тың жоба

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Партиялық «Tomiris» бағдарламасы аясында «Әйелдердің көшбасшылығы» тақырыбындағы тренинг-воркшоптың ашылу салтанаты өтті. «Amanat» партиясының Саяси менеджмент академиясы бұл жобаны Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен, Конрад Аденауэр қорымен бірге ұйымдастырды.

«Tomiris» – тың жоба

Мәжілістегі «Amanat» фракциясының депутаты, іс-шара модераторы Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, биыл жобаға қатысуға 300-ден астам адам өтінім білді­ріп, оның 75-і іріктеу кезеңіне жолдама алды. Нәтижесінде, 42 қатысушы іріктеу­ден іркілмей өтті. Айта кетейік, былтыр жо­баға қатысқан 37 қыз-келіншектің 12-сі ке­йін облыстық, қалалық және аудандық мәс­ли­хаттардың депутаты болып сайланды.

«Мемлекет басшысы еліміздің жаңаша келбетінің бірі тең әрі әділетті қоғам құру екенін айтқаны белгілі. Былтыр ел тарихындағы аса маңызды саяси оқиға­лардың бірі – жалпыұлттық референдум өткізіліп, Ата Заңымызға өзгертулер мен толық­тырулар енгізілді. 2020 жылдан бері жаңа сайланатын Парламент Мәжі­лісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депу­таттарының 30 пайызын әйелдер мен жас­тар құрауға тиіс деген міндет қойыл­ды. Биліктегі әйелдер үлесі артып, іскер әйел­дерге мемлекеттік түрлі қол­дау көрсетіліп жатыр. Мұның барлығы көшбас­шы әйелдердің қоғамдағы рөлін арт­тыру­дың алғышарты деп білемін», деді пар­тия­ның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен Орталық Азия елдерімен салыстырғанда, Қазақ­станда әйелдер көшбасшылығы айтар­лықтай дамып келе жатқанын жеткізді.

«1991-2010 жылдар аралығында еліміздің оңтүстік өңіріндегі аудандық мәслихаттарда бірде-бір әйел депутат болған жоқ. Кейін, 2010-2022 жылдары ұлттық комиссия барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйел депутаттардың болуын бақылауға алды. Мәселен, 2010 жылы мәслихаттардағы әйел депутаттардың үлесі небәрі 10 пайызды құраса, 2022 жылы бұл көрсет­кіш 30 пайызға жетті. БҰҰ-ның 2021-2022 жылдардағы дерегіне сәйкес ерлер мен әйелдер арасындағы даму индексі бойынша ресурсы өте жоғары елдердің қатарында тұрмыз. Бұл – саяси көшбасшылыққа қажет ең басты ресурс. Білімді, ақылды қыз-келіншектер – ел тірегі», деді ол.

Жиын басында Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан, Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «Tomiris» жобасының былтырғы қатысушылары Әйгерім Дәулетбаева мен Оксана Ержанова сөз алып, партия тарапынан атқарылып жатқан жобаның маңызы жайында ой-пікірлерімен бөлісті.