Спорт • 22 Тамыз, 2023

Амманда үш жүлде бұйырды

130 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Иорданияның астанасы – Амманда күрес түрлерінен жастар арасындағы әлем чемпионаты (U-20) аяқталды. Бұл жарысты Қазақстан құрамасы 1 ал­тын, 1 күміс және 1 қола медальмен қорытындылады. «Классиктердің» сайы­сында Исхар Құрбаев (55 кило) алтын алса, Дінислам Сағитжан (63 кило) қола медаль иеленді. Сондай-ақ еркін күрес шеберлерінің бәсекесінде Ризабек Айтмұхан (92 кило) күміс медальды мойнына ілді.

Амманда үш жүлде бұйырды

Еркін күрестен өткен жарыста Иран құрамасының қарқыны өте күшті болды. Парсы елінің пехлевандары арасынан Мохаммад Реза Шакери (65 кило), Мохаммадмобин Азими (92 кило), Абольфазл Бабалу (97 кило) және Амирреза Масуми Валадиге (125 кило) тең келер ешкім табылмады. Төрт алтыннан бөлек, олар тағы екі күміс пен бір қоланы еншіледі. Нәтижесінде, ирандықтар жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады. Екінші сатыға АҚШ құрамасы жайғасты. Америкалықтар арасынан Мейер Шапиро (70 кило) мен Митчелл Месенбринк (74 кило) алдына жан салмады. Олардың қоржынында тағы екі күміс пен төрт қола медаль бар. Үшінші және төртінші орындарды Үндістан (1+1+3) мен Ресей (1+1+3) өзара бөлісті. Бұл командалардың сапындағы Кумар Мохит (61 кило) пен Ибрагим Кадиевтің (79 кило) қарқынына ешкім шыдай алмады. Сондай-ақ Амманда жапониялық Юто Нишиучи (57 кило) мен франциялық Рахим Магамадов (86 кило) өз елдерінің әнұранын шырқатты.

Әйелдер күресінен өткен бәсекеде Үндістан құрамасы толағай табысқа қол жеткізді. Үнді елінің Антим Антим (53 кило), Савита Савита (62 кило) және Прия Прия (76 кило) сынды қыздары қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Өзге салмақ дәрежелерінде қытайлық Ли Янронг (50 кило), беларусьтік Арина Мартынова (55 кило), украиналық Алина Филипович (57 кило), италиялық Аврора Руссо (59 кило), мажарстандық Энико Элекес (65 кило), жапониялық Рай Хосшино (68 кило) және америкалық Амит Элор (АҚШ) дара шықты.

Грек-рим күресінен қазақстандық Исхар Құрбаев (55 кило), армениялық Сурен Агаджанян (60 кило), ирандық Ахмадреза Нежад (63 кило), Алиреза Абдевали (77 кило), Фардин Хедаяти (130 кило), мысырлық Мұстафа Аламелдин (67 кило), ресейлік Имран Алиев (72 кило), түркиялық Алперен Бербер (82 кило), грузиялық Ачико Болквадзе (87 кило), беларусьтік Абубакар Хаслаханов (97 кило) сынды саңлақтар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.