Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ тәрізді ақыл-ойға салмақ түсіретін сөзжұмбақ шешу сайысы алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, ардагерлер ерекше қызығушылық танытты. Аталған іс-шараны Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова ашты.
– Қалалық ардагерлер кеңесі қариялардың қоғамнан тысқары қалмауына назар аударып, түрлі іс-шаралар арқылы олардың басын біріктіріп отыруды көздеп отырады. Бүгінгі өткізгелі отырған іс-шара сондай игілікті істердің бірі, – деді Күләш Әмедияқызы.
Сондай-ақ ол зияткерлік сөзжұмбақ сайысына бастамашылық танытып, ұйымдастыра білген ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі Алдаберді Мақашевқа алғысын білдірді.
Іс-шараның ашылуына қатысқан Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев «Белсенді ұзақ өмір сүру» бағдарламасы аясында өтіп отырған ізгілікті іс-шараның тыңнан басталып отырғанын айта келіп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мұнан соң сайыс төрешісі, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Малтабар Жаманбаев қатысушыларға сайыс шарттарын таныстырды.
Сонымен сайыс нәтижесінде Сатыбалды Досымбеков, Нұржамал Пірәлиева үшінші орынды, Аманқұл Исқақов, Ханымкүл Бесінбай екінші орынды иеленсе, сөзжұмбақтың шешуін толық таба білген ардагеріміз Тәсілім Қожатаев бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздар дипломдармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Сауранбек ЖАМАЛБЕКОВ,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің
жауапты хатшысы