Білім • 24 Тамыз, 2023

Оқушыларға орын тапшы

368 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мектепте орын жетіспеу мәселесі жылда қайталанады. Биыл да республика бо­­йын­ша 270 мың оқушыға орын жетпейді. Жаңа мектептердің салынып, қол­даныс­қа берілу қарқыны миграциялық және демографиялық өсімге ілесе алмай келеді.

Оқушыларға орын тапшы

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, елімізде 7 687 жалпы білім беру мекемесі бар. Оның ішінде 52 мек­теп – апаттық жағдайда, 300-ден ас­там мектеп заманауи талаптарға сай кел­мейді. Өткен оқу жылында оқушы­лардың саны 3,7 миллионды құрады, оның 172 мыңы мектепті тәмамдады. Ал 2023-2024 оқу жылында 3,5 миллионнан астам оқушы мектепте оқиды, олардың 380 мыңы – биыл 1-сыныпқа баратын оқушылар. Ел бойынша жаңа оқу жылында 270 мыңнан астам оқушы­ға орын жетпейді. Әсіресе Түркістан, Алматы облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында мектептегі орын тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Аталған өңірлерде 160 мыңнан астам (60 пайыз) оқушыға орын жоқ.

2021-2022 оқу жылында үш ауысымды мектеп саны 169-ға жеткен. Ал өткен оқу жылында 143 мектеп үш ауысымда жұмыс істеді. Мұндай мектептер саны азайып келе жатқанымен, жаңа салынған білім ордаларын пайдалануға беру қарқыны елдегі, әсіресе ірі қалалардағы демографиялық және миграциялық өсімге сәйкес келмейді.

сми

Инфографиканы жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Елордадағы жағдайға тоқталсақ, жыл сайын оқушылардың 10 пайызына орын жет­пейді, қаладағы жылдағы демографиялық өсім 5-6 пайызды (50-70 мың адам) құрайды. 2019 жылы тапшылық 25 мың болса, биылғы оқу жы­лында 26 454 балаға орын орын тапшы. Осыған байланысты Астана тұрғындары мем­ле­­кеттік мектептер орналасқан аудандарға кө­шіп барып жатыр. Әкімдік тарапынан жылына бірлі-жарым мектеп салынатындықтан, биз­нестің көмегіне жүгінетін сәттер де жоқ емес. Әлбетте, бизнес өкілдері салғандықтан, он­дағы оқу да ақылы болады. Кейінгі жылдары бас қаладағы жекеменшік білім беру ұйым­дарындағы оқу ақысы 150 мың теңгеден 1,25 млн теңгеге дейін өскен. Айта кетейік, 2024 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап жекеменшік мектепте оқу бағасы 2 есе төмендейді. Оқу-ағарту министр­лігінің бұйрығы бойынша шекті мөл­шер 1 200 айлық есептік көрсеткіштен 600 ай­лық есептік көрсеткішке дейін азаяды. Деген­мен баласын жекеменшік мектепте оқыт­уға көп ата-ананың жағдайы келе бермесі анық.

Астанада кейінгі 4 жылда екі ауысымда жұмыс істейтін 39 мектеп салынды. Сонда да орын тапшылығы мәселесі шешілмей тұр. Бүгінгі таңда елордада 8 үш ауысымдық мектеп бар. Яғни 26 454 балаға орын жетпейді. Астана қалалық білім басқармасының мәлі­метінше, үш ауысымдық және бала саны шамадан тыс көп мектептердің санын азайту мақсатында 2023-2024 оқу жылында екі ауысымда 16 600 орындық 11 мектеп салынып, пайдалануға беріледі.

Оқу жылы басталмай тұрып 4 800 орындық 3 мектеп (бір мектеп және екі мектептің жаны­нан салынған жаңа корпус) екі ауы­сымда пайдалануға беріледі. Биылғы жылдың соңына дейін екі ауысымда 11 800 орындық 8 мектеп (төрт мектеп, төрт мектеп­тің жанынан салынған жаңа корпус) пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мыңдай оқушыға арналған (екі ауысымда) 24 мектепті жобалау басталды. Жоспар бойынша жаңа форматтағы мектептердің құры­лысы биыл басталады. Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев­тың айтуынша, Есіл, Нұра аудандарында мектеп жетіспей­­ді. Сондықтан «Жайлы мектеп» жобасы аясында жоспарлан­ған 15 мектеп аталған аудандарда салынады.

Жалпы, Оқу-ағарту ми­нистр­­лігінің мәліме­тінше, 2024-2025 оқу жылында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 740 мың оқушыға 369 мектеп бой көтереді. Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000, 2500 орынды болады. Бұл алдағы үш жылдағы бала саны өте көп, апатты, үш ауысымды мектептер­дің мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар салына­тын мектептер толығымен зама­науи талаптарға сай болмақ.

Өңірлердегі жағдайға тоқ­талсақ, 1 қыркү­йек­ке дейін Түр­кістан облысында 6 мектеп пай­далануға беріледі. Ақмола облысында 14 мектеп салынып жатыр, Жамбыл облы­сын­да жыл соңына дейін 9 мектептің құры­лысын аяқтау жоспарланған. Ал Абай облысына қарасты ауылдарда орын тапшылығы мәселесін шешу үшін шағын мектептер салынады. Өкінішке қарай, еліміздің кейбір өңірінде жағдай мәз емес. Солтүстік Қазақстан облысының әкі­мі Айдарбек Сапаров апатты жағдайда тұрған ­4 мектептің жөнделу қарқынын сынға алға­ны есімізде. Дәл осындай мәселе Алматы облысында да бар. Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалса да, 11 мектеп әлі дайын емес.

Мектептің ең басты міндеті – сапалы білім беру. Бүгінгі таңда республика бойынша 3 550 мұға­лім жетіспейді. Дегенмен еліміз жоғары­да аталған мәселелерге қарамастан жақсы білім бере­тін 78 мемлекеттің қатарында (71-орында) тұр. Бүгінгі таңда елорда оқу­шылары ара­сындағы білім сапа­сының көрсеткіші 59,7 па­­йыз­ды құрайды. Үкіметтің мәлі­ме­тіне сүйен­сек, Маңғыстау, Аты­рау, Қызылорда, Түркіс­тан, Алматы облыс­тарындағы білім сапасы басқа өңірлерге қара­ған­да төмен. Сонымен қатар қала мен ауыл мектептерінің білім сапа­сында әлі де алшақтық бар. Сарап­шылардың айтуынша, бұл бөлінетін қаржыға байла­нысты. Мемлекет жыл сайын респуб­ликалық бюджеттен NIS, Binom, басқа да озық білім беру жобаларына қыруар қаржы бөледі.

Мектептердің жабдықталуы да маңызды мәселе. 2022 жылы әрбір мемлекеттік мектепке рес­публикалық бюджеттен – 159 млн теңге, NIS-ке – 592,1 млн теңге бөлінген. Бұл қаражатқа сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, орта білім беруді жаңарту мен мұғалімдерді даярлау сынды шығындар өтеледі. Алайда барлық мектеп бірдей жаб­дықталмаған. Кей­біреуінде, әсіресе ауылдық жер­лерде жаб­дықтар, сыныптар, спорттық жаб­дықтар жетіс­пейді. Тіпті химия, физика немесе биология сияқты сабақтарды айт­пағанда, жаттығу залы жоқ мектептер бар. PISA-ға зерттеуінше, мек­тептердің мате­риалдық-тех­никалық жаб­дық­талу деңгейі оқушы­лар­дың білім жетістіктеріне тікелей әсер етеді.