Тұлға • 24 Тамыз, 2023

Жамал Қаңлыбаева жолы

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Есімі елге кеңінен таралмаса да, еңбегі ерен тұлғалар көп. Әсіресе ғылымға үлес қосқандарды сол ғылымның айналасында жүргендерден өзге ешкім біле бермейтіні бар. Сондай тұлғалардың бірі – жер құпиясын зерттеген Жамал Қаңлыбаева. Ол – қазақ әйелдері арасынан шыққан тау-кен саласындағы тұңғыш ғылым докторы, Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ғалымның туғанына биыл 100 жыл толды.

Жамал Қаңлыбаева жолы

Қыз балаға не мұғалім, не дәрігер бол­ған жөн деген көзқарас бар-тын. Бірақ қоғам тарапынан таңылған таптаурын түсінікті бұзып, жер қазып, шахтаға да түскен Жа­мал Мұсағалиқызы – тау-кен саласында ер-азаматтармен иық тірестіре жұмыс істеп, өмірін ғылымға арнаған қайсар тұлға. Ол бұл салада табысты да жемісті жылдарын өткізіп, қазақ ғылымына елеулі үлес қосып, қа­зақ әйелдері арасынан тұңғыш техника ғы­лым­дарының докторы атанған.

Семей топырағында туған Жамал Қаң­лыбаева мектепті тәмамдаған соң Алматы­ға аттанып, жер құпиясын зерде­лейтін Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түседі. Сәл кейінірек Қазақ КСР Ғылым академиясы Тау-кен инсти­тутының маркшейдер және геодезия бөлі­міне жұмысқа жіберіліп, сонда біраз жыл қызмет етеді. Оның ғылымдағы жолы осы кезеңде басталған.

Ж.Қаңлыбаеваның ғылыми еңбектері радиоактивті изотоптарды қолдана отырып, тау жыныс­тарының қозғалысын зерттеуге арналған. Зерттеу нәтижелері бойынша 1952 жылы «Қарағанды бассейнінде жерасты тау-кен жұмыстарының әсерінен жер бетіндегі орын ауыстыруды есептеу» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. Кейіннен көпжылдық зерттеулердің нәтижелерін қорытындылай келе, 1965 жылы Ж.Мұсағалиқызы «Мас­сивтегі тау жыныстарының қозғалысы үдерісінің заңдылықтары мен әдістері және жерасты қазбаларының кейбір мәсе­лелері (Қарағанды бассейні негізінде)» тақырыбында диссертация қорғап, тех­ни­калық ғылымдар докторы ғылыми дәре­жесін алған алғашқы қазақ әйелі болды.

Ж.Қаңлыбаеваның қарым-қабілетін, зерттеу жүргізгендегі ынта-жігерін біл­ген соң, ғалымды шахталардағы көмір қа­бат­тарын игеру кезінде қол жеткізіл­ген тех­никалық үрдісті зерттеу мақса­тын­да шекара асырып Англияға арнайы жібереді. Қазақ қызының білім-білігін, тәжірибесін шетел ғалымдары да жо­ғары бағалады. Оны арнайы конфе­рен­цияларға жиі шақырды. Мәселен, Жамал Қаңлыбаева 1964 жылы жерасты кендерін зерттеу мәселелері жөнінде дүниежүзі ғалымдарының өкілдері алдында Краковта, Нью-Йоркте болған халықаралық конгресте баяндамалар жасаған. 1966-1967 жылдары ГДР-да кеншілер мен металлургтердің VIII және XIX Халықаралық конференцияларына қатысты. Ал XVIII конференцияда оған үздік баяндама жасағаны үшін Фрейберг қаласының «Құрметті кеншісі» атағы берілген.

Жамал Мұсағалиқызы басшылық қыз­метте жүріп те көп жұмыс атқарды. Тәжі­рибелі ғалым Қазақ КСР Ғылым ака­де­миясының тау-кен институтының марк­шейдерлік бөлімін басқарды. Сол кезде Ж.Қаңлыбаева бастаған бір топ ғалым тау-кен саласында қажырлы еңбек етіп, табанды зерттеумен айналысты. Жер астындағы байлықты жер үстіндегі ел­дің игілігіне жарату үшін көп тер төкті. Сонымен қатар лаборатория жұмысын жақ­сы жолға қойып, ғылыми зерттеулерге қажетті аспаптар жасап, оларды іске қосты.

Жамал Қаңлыбаева кен жыныста­ры­ның қозғалысын радиоактивтік изотоптар арқылы зерттеуді тұңғыш рет ұсы­нып, оны тәжірибе жүзінде нәтижелі қол­дана білді, тау жыныстары механика­сы саласындағы зерттеулері КСРО Ғылым академиясы мен Қазақ КСР Ғылым ака­демиясының жоғары бағасына ие бол­ды. Ж.Қаңлыбаева ғылы­ми зерттеу жүр­гізу үшін талай мәрте шах­таға түсіп, жер­дің небір құпиясын, талай сырын ашып, көптеген қызықты дерек жинап, соның негізінде ғылыми тәжіри­бе жасады. Нәти­жесінде, радиоактивті изотоптың «Марк­шейдерлік бақылау әдісі» дейтін жаңа тәсіл ұсынды. Бұл ғы­лыми жаңалық елімізде қазірге дейін кеңі­нен қолданылады.

Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ғалымның еңбегі әр кез жоғары бағала­нып отырды. 1968 жылы профессор атағын алып, Қазақстан КП ОК ұсынысы бойын­ша Кеңес әйелдер комитетінің Төралқа мүшесі болып бекітілді. 1969 жылдан Қазақ политехникалық институтының Ғылыми кеңесінің мүшесі, сондай-ақ 1971 жылдан Қазақ КСР Ғылым академиясының Тау-кен институтының кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі Ғылыми кеңесінің төрағасы, сонымен қатар тау-кен институтының ғалам және жер туралы Ғылымдар бөлімі бюро­сының мүшесі, Ж.Қаңлыбаева үлкен қоғамдық жұмыстар жүргізді. 1970 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды.

Қазақ тау-кен саласында ерекше орны бар, қазақ әйелдері арасындағы тұң­ғыш техника ғылымдарының докторы Жамал Қаңлыбаева – саналы ғұмырында сапалы іс атқарып кеткен ғалымдарымыз­дың бірі. Осындай тұлғалар ескерусіз қалмай, есімізде жүрсе...