Кәсіпкер • 24 Тамыз, 2023

Кәсіпкерлікті дамыту

365 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде кәсіпкерлерді қолдаудың қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары қолданылады. Қаржылық шаралардың ішінде несиелерді субсидиялауға сұраныс көп. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстел отырысында кеңінен сөз болды.

Кәсіпкерлікті дамыту

Ұлттық экономика министрлігі Кәсіп­кер­лікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің директоры Нұрбол Жаңа­бе­ковтің мәлімдеуінше, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» кәсіпкерлікті қол­дау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар 2022 жылдан бастап Кәсіпкерлікті дамыту­дың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына шо­ғыр­ландырылған.

Қаржылай қолдау шаралары бойынша сыйақы мөлшерлемесі бөлігінде мемлекет несиелерді 13,75% субсидиялайды, ал кәсіпкерлер қалаларда оның 8%-ын және ауылдық жерлерде 7%-ын төлейді.

«Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағ­дар­ламалары іске асырыла бастағалы бері 95 мың кәсіпкерлік жобаға шамамен 7 трлн теңге субсидиялаумен қолдау көрсетілген. Кредиттерге кепілдік беру бағдарламасы бойынша 1,4 трлн теңге көлемінде 57 мың­нан аса несие қолдау тапқан. Сонымен қатар «қысқа несиелер» деп аталатын шағын несиелеу құралы да іске асырылып жатыр.

«Инвестициялық мақсаттарға 3 жылға 20 млн теңгеге дейін, ал айналым капиталын толықтыруға 2 жыл мерзімге 5 млн теңге беріледі. Бүгінгі таңда 255 млрд теңгеге 38 мыңнан аса жобаға қолдау көрсетілді», деді Н.Жаңабеков.

Өтеусіз негіздегі мемлекеттік гранттар беру де табысты іске асырылып жатыр. 2012-2023 жылдар аралығында кәсіпкерлер үшін 17,6 млрд теңге сомасына 5 600-ден аса грант берілді.

«Қаржылай қолдаулардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі де жоғары. Осы бағдарламалар іске асырыла басталғалы бері 120 мың жаңа жұмыс орны құрылды, бюджетке 53 трлн теңгеден аса сомаға салық төленді, 3,4 трлн теңгеден артық со­маға ШОБ өнімі шығарылды», деп қоры­тын­дылады ҰЭМ департаментінің директоры.

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемле­кет­тік қолдау шаралары ауыл-аудандардағы кәсіпкерлерді де кеңінен қамтыған. Соның бір мысалы – «Ауыл аманаты» бағ­дар­ла­масы. Аталған шара жөнінде АШМ Қар­жылық құралдар және микрокредит беру департаментінің директоры Тұрар Мұхамеджанов жан-жақты әңгімеледі.

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасына 100 млрд теңге қаржы бөлінген. Еліміз бойынша бүгінгі таңда 4 600-ден аса өтінім мақұлданып, 25 млрд теңге сомасында несие берілген.

«Бұл бағдарлама биыл республика көлемінде алғаш рет іске асырылып отыр. Несие негізінен ауылдық елді мекендерде беріліп жатыр. Сондықтан кепілге қоятын мүліктері – ауылдағы үйлер, жерлер. Көп жағдайда осындай ауылдағы үйлердің құжаттары дұрыс болмайды. Сол себепті несиелерді мақұлдау мерзімдері де созылып кетті. Несиелердің аз берілуінің бір себебі – осы», деді Т.Мұхамеджанов.

Спикердің айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасына бөлінген 100 млрд теңге биыл шамамен 17 мың ғана шағын несие беруге есептелген. Ал 2029 жылға дейін бұл бағдарламаға 1 трлн теңгеге дейін қаржы бөлу жоспарланып отыр.

«Келесі жылға біз тағы 100 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақыт­та республикалық бюджеттің жобасы әзір­лен­ді, сол жоба аясында 100 млрд теңге қарас­ты­рылып отыр», деді Т.Мұхамеджанов.

Қаржылай қолдау шараларымен қатар, кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау мен дамытудың бірқатар шарасы да сәтті іске асырылуда. Биылдан бастап министрлік әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды көздейтін «Мен кәсіпкер» кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдаудың жаңа тәсілін енгізді.

 «Шағын және орта бизнес үшін тегін қызметтер аудандық деңгейде және моно­қалаларда кәсіпкерлікке қызмет көр­сету орталығында офлайн режімде ұсыны­ла­ды. Қала тұрғындары үшін қызмет тиісті портал арқылы онлайн көрсетіледі», деді «Атамекен» ҰКП Жұмыспен қамту мен ша­ғын және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту департаментінің директоры Айдана Тоғызбаева.