Парламент • 25 Тамыз, 2023

Мәжілісмендер «Қазсушар» РМК ұжымымен кездесті

134 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Тілектес Адамбеков пен Үнзила Шапақ Қарағанды облысының Осакаров ауданында болып, «Қазсушар» РМК ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжілісмендер «Қазсушар» РМК ұжымымен кездесті

Фото: parlam.kz

Ақмола, Қарағанды, Павлодар және басқа да облыстарды, сондай-ақ Астана қаласын  сумен қамтамасыз ететін аталған кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 500 млн текше метрді құрайды.

Депутаттармен кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері бірқатар өзекті мәселелерді, соның ішінде жалақының төмендігін айтып, шағымданды.

«Біздің кәсіпорындағы жұмысшылар саны  онсыз да көп емес. Салыстырмалы түрде қарасақ,  көмір разрезінде орташа жалақы  300 мың теңге болса,  біздің жалақымыз 70 мың, қыс мезгілінде 130 мың теңгеден аспайды. Кадр тұрақтамайды. Қазіргі уақытта  әр учаскеде слесарлар, дәнекерлеушілер мен токарлар жетіспейді», деді жылумен жабдықтау учаскесінің бастығы Рымбек Баймағамбетов.

Депутат Тілектес Адамбековтің айтуынша, жергілікті медицина қызметкерлері де осындай сұрақпен депутаттарға жүгінген. Мәжілісмен Осакаров ауданындағы жалақы деңгейінің өте төмен екенін айтып,  оны арттыру қажеттігіне тоқталды.

«Жалақы 50 пайызға өссе де, сезілмеуі мүмкін. Ол үшін жалақы кестесін көтеру керек. Алайда бұл кәсіпорынның әлі де өтелмеген қарызы болғандықтан, еңбекақыны өсіру де оңай шешіле қоймайтыны анық. Дегенмен, біз мекеменің стратегиялық нысан екенін түсінеміз, осы сұрақ бойынша Экология министрлігімен кездесеміз. Бұл кәсіпорын бірнеше облыстың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етеді. Сондықтан мәселе бақылауда  болады», деді депутат.

Мәжіліс депутаттары айтылған барлық ұсынысты қарастыратындықтарын, құзырлы министрлікпен де, кәсіпорын қызметкерлерімен де  сындарлы жұмысқа дайын екендіктерін жеткізді.