Жоба 6 қыркүйекте сағат 14.00-де Қаражар (Ильинка) ауылында бастау алады. Іс-шара қарсаңында, дәлірек айтқанда 5 қыркүйекте елордадағы «Қазанат» ипподромында 18.00-де республикалық ұлттық спорт түрлерінің фестивалі аясында Жорықтың салтанатты тұсаукесері өтеді.
Ұзындығы 1300 шақырым болатын маршрут Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын басып өтіп, 19 қыркүйекте Түркістан қаласында өз мәресіне жетеді.
«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіндегі 1300 шақырым қашықтықты бағындыратындар қатарында қыздардан жасақталған «Иманжүсіп» командасы - Ақмола облысының құрамасы үлкен додаға дайындықты бастап кетті.
Мерзақ Садуақасов сынды ер азаматпен қатар Ләззат, Лаура, Анна, Евгения есімді 4 ару Ақмола облысы командасының намысын қорғамақ.
Жобаның жүлде қоры - 65 млн теңге. Жеңімпаз команда 30 млн теңге, екінші орын иегерлері - 20 млн теңге, қола жүлдегерлер - 15 млн теңге алады.
Айта кетсек, марафон жұмысына 2 халықаралық, 2 қазақстандық судья және 2 халықаралық, 3 қазақстандық ветеринар шақырылды.
«Ұлы дала жорығы» жобасын республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, «Аманат» партиясының, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырады.