Қазақстан • 25 Тамыз, 2023

Шығыста Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы атап өтілді

775 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл көрнекті жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толды. Қаламгердің мерейтойын атап өту шаралары өзінің туған жері Катонқарағай ауданында бастау алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шығыста Оралхан Бөкейдің 80 жылдығы атап өтілді

Атаулы іс-шараны өткізу үшін Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры, сондай-ақ Катонқарағай ауданының кәсіпкерлері қолдау білдірді. Мерейтой аясындағы басты іс-шара – жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында Оралхан Бөкей музей үйінің ашылуы. Музей жергілікті ақсақалдардың батасымен жазушының туған жері Шыңғыстай ауылында ашылды.

Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы Серік Толықпаевтың демеушілігімен 10 млн теңгеге Оралхан Бөкей тұрған үйді сатып алып, музей жасақтады. Қордағылар музейдің туристер арасында драматург шығармашылығын насихаттап қана қоймай, жалпы өңірдің туристік әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенім білдірді.

«Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орайластырылған іс-шаралар кәсіпкерлердің қолдауымен қолға алынды. Бүгін – мерейтойдың алғашқы күні. Қазір қаламгер атындағы мұражай-үйдің салтанатты ашылуы болады. Биыл қорымыз 54 млн теңге көлемінде жергілікті кәсіпкерлер қаражат жинап, жазушының балалығы өткен туған үйін сатып алып, мұражайға айналдырды. Мұражай мемлекет қарауына берілді. Жалпы бас демеушілер ретінде Қатонқарағай кәсіпкерлері қолдау білдірді. Одан кейін этно ауылда аламан бәйге өтеді. Жалпы, Оралхан Бөкейдің 80 жылдығын тойлау республика көлемінде, халықаралық деңгейде өтпек. 15 қыркүйекте Астанада жазушы шығармашылығына арналған дөңгелек үстел, «Әзірет Сұлтан» мешітінде құран бағыштап, ас беру жоспарланып отыр. Одан кейін «Қар қызы» пьесасы сахналандырылады. Ал Алматыда Жазушылар одағы халықаралық конференция ұйымдастырып, ақындар айтысы өткізіледі. Катонқарағай дегенде есімізге бірден Оралхан Бөкей оралады. Оралхан – осы жердің көркемдігін, тұмса табиғатын талайға сөзбен суреттеп берген қаламгер. Сондықтан оның мерейтойын абыроймен өткізу – біз үшін аманат», деді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры басшысы Серік Жүнісов.

Т

Іс-шараға Оралхан Бөкей шығармаларына арқау еткен, табиғатын жырлаудан жалықпаған Өр Алтайдың төріне жазушының жақындары, ақындар, жерлестері жиналды. Талантты өреннің бюсті мен жазушы атындағы сквердің ашылуына куә болды. Сондай-ақ Шыңғыстай ауылында «Төр Алтай бояулары» атты республикалық пленэр-көрмесі ұйымдастырылды. Суретшілер 50-ден астам этюд салып, орындалған жұмыстарды О. Бөкей мұражайына сыйға тартты.

Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, Жазушылар және журналисттер одақтарының мүшесі Жәнібек Қабдуәлиұлы Қызыров қаламгерлер шығармашылығын дәріптеп, есімін еске алуға арналған жиын жас ұрпақтың тәрбиесі үшін маңызды екенін алға тартты.

Рл

«Оралхан Бөкей — қазақ жұртшылығының мақтанышы. Қысқа ғана ғұмырында талантымен, еңбегімен үлкен жетістіктерге жетті. Қаламдас досы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтсақ: «Орекең — талантымен елін де, жерін де, өзін де әлемге танытып, биіктен көрінген тұлға». Оралхан — Катонқарағайдың мақтанышы. Алақандай ғана Катонқарағайдан Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімхан сынды көп мықты қаламгер шықты. Ал Оралхандай талантты жазушыны еске алуға арналған шара катонқарағайлықтардың рухын көтерері сөзсіз. Талантты ұлдарымызбен мақтанамыз деп қана қоймай, мұндай жиындарды жиі өткізу керек. Өйткені жас ұрпаққа үлгі етіп, еске салып тұрған абзал. Той тойға ұлассын!», деді Жәнібек Қызыров.

Айта кетсек, жиынға Оралхан Бөкейдің жиені Клара Нұржақыпқызы Мағзумова қатысып, жиналған қауымды қаламгердің мерейтойымен құттықтады. Катонқарағайда ашылып жатқан Оралхан Бөкейдің мұражай-үйіне Иранда арнайы тоқылған, қаламгердің портреті бейнеленген кілем сыйлады. Сонымен қатар Оралханның жеке шапаны мен 1964 жылы түскен суретін табыстады.

Мт

Жазушының атына құран бағышталып, ас берілді, сондай-ақ ауданның құрметті қонақтарына «Оралхан Бөкейге 80 жыл» атты төсбелгілері табысталды.

Сондай-ақ іс-шара аясында «Шолпандай таң алдына туып – батты» атты жаңа кітап жарық көрді. Соның тұсаукесеріне қатысқан көпшілік аудан ипподромында еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік шабандоздарды анықтады. Мерейтой кеші жергілікті жұлдыздардың қатысуымен өткен үлкен гала концертпен қорытындыланды.