Спорт • 25 Тамыз, 2023

Қазақстан спортшысы Парижде өтетін беделді Олимпиадаға жолдама алды

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әзербайжан астанасында нысана көздеуден 53-ші әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін мұнда сарапқа салынған Париж Олимпиадасының 48 жолдамасы толық таратылды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан спортшысы Парижде өтетін беделді Олимпиадаға жолдама алды

Дүниежүзілік бәсекеде жоғары аталған лицензияларды 31 мемлекет өзара бөлісті. Бұл қатарда Қазақстан құрамасы да бар. Елімізге жалғыз жолдаманы пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеудің финалына шығып, 4-орын алған Ислам Сатпаев алып берді. Айта кетейік, бұл нысана көздеуден біздің мергендер қол жеткізген алғашқы Олимпиада лицензиясы. Осыған дейінгі Токиодағы ойындарда ел намысын Юрий Юрков жалғыз өзі қорғаған. Спорттың бұл түрінде әлем чемпионатының жолдамасы жекелеген атлетке емес, Ұлттық федерацияға беріледі. Алайда әр мемлекеттің федерациясы күтпеген жағдай болмаса, олимпия ойындарына жолдамаға қол жеткізген спортшыны апарады. Франциядағы ойындарда барлығы 340 мерген жүлдеге таласады деп жоспарланған.

Баку төрінде ең көп жолдаманы Қытай жеңіп алды. Олар 12 бағдарламаның жетеуінде қазірден бастап кімді апаратынын ойластыра берсе болады. Сары құрлықтан соңғы болып кеше трап бағдарламасында Кувейт спортшысы жүлдегер атанып, құрамасына жолдама сыйлады.

Бүгінгі мәлімет бойынша нысана көздеуден (тапанша, винтовкамен оқ ату және стенд ату) 45 елде жолдама бар. Жарыс қожайыны ретінде Франция бірден 12 лицензияға ие болған.

Ми

«Келе жатқан Париждегі ойындарда Токиомен салыстырғанда нысана көздеуден аз спортшы қатысады (Жапонияда 360 лицензия болған). Сіздердің спортшыларыңыз  әлі құрлық чемпионаты мен Әлем Кубогының финалды кезеңінде жақсы нәтиже көрсетіп, лицензия жеңіп ала алады. Жалпы Азияда нысана көздеу қарқынды дамыған. Бұған Бакудегі жарыс кезінде тағы куә болдық», деді ISSF-тің Бас хатшысы Вилли Гриль мырза.

Қазір Мария Дмитриенко, Айжан Досмағамбетова, Наргиза Сарманова, Даниил Почивалов, Әлішер Айсалбаев пен Виктор Хасянов стенд атудың трап бағдарламасында аралас командалық сында өнер көрсетіп жатыр. Ертеңнен бастап жылжымалы нысана көздеуден қазақстандықтардан Бақтияр Ибраев, Андрей Худяков, Асадбек Назиркульев, Илья Зотеев, Фатима Ирназарова, Зухра Ирназарова, Александра Садуакасова жүлдеге таласты бастайды. Әзербайжан астанасындағы дода 1 қыркүйекте мәресіне жетеді. Биылғы додаға 101 мемлекеттен 1250 мерген келді.

Ми