Парламент • 27 Тамыз, 2023

Парламентарийлер конституциялық заңнаманы нығайту мәселесін талқылады

154 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Конституция күні қарсаңында Парламентаризм институты мен Мәжілістің ұйымдастыруымен Мәжіліс кітапханасында «Қазақстан Республикасының конституциясы – қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz  Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламентарийлер конституциялық заңнаманы нығайту мәселесін талқылады

Фото: С.Майлыбаев. Мәжілістің баспасөз қызметі.

Конференцияның мақсаты – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында конституциялық заңнаманы нығайту. Оған Мәжіліс және Сенат депутаттары, Конституциялық Кеңестің бұрынғы мүшелері, Конституциялық Сот жанындағы ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура мен өзге де мемлекеттік органдар өкілдері, отандық және шетелдік конституционалист-ғалымдар қатысты.

«Конституция – өзгермейтін мәтін емес, бұл – Жаңа Қазақстанды құрудың стратегиялық пайымы мен миссиясы. Жаңа Қазақстан – өршіл құқықтық реформалар мен мемлекеттілікті жаңғырту дәуірі. Елдің құқықтық жүйесі құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау бағытында белсенді дамып келеді. Осы шараның барлығы тұрақты және гүлденген қоғам құруға ықпал етеді», деді іс-шараны ашқан Парламентаризм институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Қанатбек Сафинов.

Конференцияға қатысушылар конституциялық заңнаманың түрлі аспектісін, елдің құқықтық және саяси жүйесін қалыптастырудағы экономикалық дамуға  ықпалын және азаматтардың әлеуметтік құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі Ата заңның рөлін талқылады.

Сондай-ақ сарапшылар конституциялық реформаны жүзеге асыру процесінде Қазақстанның алдында тұрған күрделі мәселелер мен сын-қатерлерді, конституциялық құрылысты нығайту жолындағы қадамдары туралы айтты.  

«Қазір еліміз жаңартылған Конституция аясында халықтың ерік-қалауы басты орынға қойылған әділ және жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген жаңа саяси мәдениет қалыптасуда. Маңызды шешімдер енді азаматтардың қатысуымен ашық түрде қабылданады. Елімізде жүргізілген конституциялық реформалар қоғамды демократияландыру, халық билігінің негіздерін одан әрі нығайту, Парламенттің рөлін күшейту, Үкіметтің дербестігін арттыру жөніндегі негізгі қоғам сұраныстарын ескерді», деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева.

Сондай-ақ депутат бүгінгі конференция елімізде жүргізілген конституциялық реформаларды жан-жақты талқылауға, конституциялық заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында жаңа идеялар мен тәсілдерді табуға мүмкіндік беретінін айтты.

Форумды ұйымдастырушылар мен қонақтар халық арасында конституциялық реформаның мәні мен оның нәтижелерін түсіндіру бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Жиын қорытындысы бойынша конституциялық заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленетін болады.