Аймақтар • 28 Тамыз, 2023

Қостанайда қала күні аталып өтті

188 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарихы Ұлы даланың шежіресімен байланыстағы шаһар соңғы ширек ғасыр ішінде қанатын кеңге жайып, бүгінде бүтін ел экономикасында маңызға ие аграрлық-өнеркәсіптік орталыққа айналды. Қостанайдың келбеті бұрын көне ескерткіштер санатындағы тарихи ғимараттардың көптігімен ерекшеленетін. Енді оған кейін бой түзеген шағын аудандар, зәулім үйлер мен заманауи нысандар қосылып, қала сәулетінің ажарын аша түсті.

Қостанайда қала күні аталып өтті

 

Тобыл жағасындағы шуақты шаһар­дың мерекесіне орай ұйымдастырыл­ған іс-шаралардың біразы қаланың алғаш­қы қадасы қағылғаннан бергі бір жарым ғасырлық тарихты зерделеп, өткен күні мен бүгінгі жетістігін ой елегінен өткізуге бағытталды. Қилы кезеңдер­де тағдыр айдап келген нешеме ұлттың өкілі біржола тұрақ теуіп, тамыр жай­ған алуан этносты Қостанай халқы­ның ға­сыр бойы қалыптасқан өзіндік көп­қырлы дәстүрі бар. Еліміз тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен соң, осы сан арна өзгеше жаңғырып, бірлік пен ынтымақтың өзегіндей болған қазақ мәдениетінің айналасына тоғысты. Қырық тарам қамшының өріміндей бітіскен жарасым қалада болып жатқан кез келген мәдени іс-шарадан-ақ айқын көрініп тұрады.

Қостанайлықтар әдеткі дәстүрінен бұл жолы да жаңылмады. Тұрғындар мен сырттан келген қонақтар үшін бір­неше күн бойы тегін автобустар жүріп, «Қостанай: атаулар мен тағдырлар» ат­ты экскурсиялық маршруттар ұйым­дас­тырылды. Орталық алаңды думанға бөлеген ауыл көркемөнерпаздары мен өнер ұжымдарының «Dala Fest» жобасы аясында берген концерті де көпке дейін көпшілік көкейінде қалатыны анық.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы уни­верситеттің алдына қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлерге орналасқан «Оpen air Art» республикалық көрме-фестивалі де жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. Іс-шараға жергілікті суретшілер мен қолөнер шеберлерінен тыс, Астана, Алматы, Көк­шетау, Кереку, Орал, Тараздан келген қо­нақтар да қатысты. Мысалы, Петропавл қаласынан келген қылқалам шебері Ғалия Әбенова бір күннің ішінде Қостанай­ға арнап бірнеше сурет салып үлгеріпті. Суретші туындыларының ішінде сырлы Тобыл өзені, қала маңындағы табиғат көріністері, Әл-Фараби даңғылындағы шахмат үйінің күмбезді ғимараты бар.

– Еліміздің түкпір-түкпірінен келген қылқалам шеберлері Қостанайға арнап осындай суреттер салды, өз шығар­ма­ларын көрмеге қойды. Біз өзіміз салған суреттерді қалалық галлереяға тарту етеміз. Бәрі осында қалады. Қостанай мен Керекуге ортақ ұқсастық көп. Өте әдемі, таза әрі жасыл қала. Халқы да өте жақсы, – дейді суретші.

р

– Сурет көрмесіне қарама-қарсы қол­өнер бұйымдарының көрмесі орна­ласыпты. Қызылорда облысының Арал ауда­нынан келген қолөнер шебері Мыр­забек Қаныбаевпен де аз-кем әңгімелестік.

– Қостанайға осымен екінші рет келіп отырмын. Қолөнер бізге Алланың берген бір аманаты ғой. Сол өз қолымыз­дан шыққан дүниелерді көпшілікке көр­­­сетейік, ел, жер көрейік, әрі өзімізді жар­­­намалайық деген мақсатпен келдік. Бұл көрмеге негізінен, кейінгі жылдары істеген композицияларымды ғана алып келдім. Мысалы, мынау өзіңіз көріп тұрған композициямда ағашпен қатар сү­йек те пайдаландым. Өйткені біз сүйекті де киелі санаймыз. Соны бір құрметтеп, кейде тастай да қоймаймыз. Ырымдап жоғары іліп қоятынымыз бар. Енді мұн­да мына жамбас нені меңзеп тұр дегенге келсек, түптеп келгенде бәріміздің шыққан жеріміз жатырдан басталады. Атам қазақта «Жатқан жері жақсы еді. Жатырына тартқан ғой» деген жақсы сөз бар. Жамбас, бір жағынан, сыйлы қонаққа тартылатын кәделі мүше. Ал енді мына қобыз бен домбыраны біріктіргенім – бұл екі аспаптың тілінде біздің бүкіл тарихымыз тұнып жатыр. Небір ақындарымыз бен сүйлейлеріміз тілі жетпеген дүниені осы екеуіне сыйдырып кеткен. Жалпы, осы қолөнерді мектеп бағдарламасына енгізетін уақыт жетті. Мектепте бейнелеу сабағы бар. Ал технология пәнінде балаларға осындай мүсіндерді, түрлі бұйымды жасатады. Бірақ оған ағаш сияқты табиғи затты емес, химиялық жолмен жасалған қазіргі заманауи заттарды пайдаланады. Ол балаға да зиян. Өзіміз кезінде еңбек сабағын оқыдық қой. Қыз балалар кесте тоқыды, ілгек тікті, жамау жамады. Ал ұлдарға бөлек шеберхана болды. Соған барып балға ұстадық, қашаудың, қолараның, шоттың не екенін білдік. Қазіргі балалар шотты білмейді. Заманауи техниканы игерген дұрыс, бірақ баланы қол еңбегіне баулу мәселесін де ұмыт қалдырмау керек, – дейді қолөнер шебері.

р

Қостанайға арналған «Мен тұра­­тын қала» фото-байқауы, «TҮRKFest» эт­но­мәдени бірлестіктердің респуб­лика­лық фестивалі, «Орда» этно-жобасы, «Kostanay Book Fair-2023» атты Қазақстан баспаларының кітап көрме-жәрмеңкесі, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің «Оpen air Art» республикалық көрме-фестивалі, «Қостанай – балалық шақ­тың қаласы» балалар шығармашылығы фестивалі секілді мәдени-танымдық іс-шаралар мерекенің тағылымдық мәнін аша түскендей.

 

Қостанай