Елордадан келген білікті дәрігерлер жергілікті нейрохирург, травмотолог, аритмолог, гинеколог мамандарға шеберлік сабағын өткізді. 50-ге жуық тұрғынды тегін қабылдап, дәрігерлік кеңес берді.
Орталық мамандары бұған дейін Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында болған. Сапардың басты мақсаты – денсаулық сақтау саласындағы жаңа медициналық технологияларды өңірлерде тәжірибеге енгізу, аурудың алдын алуда, диагностикалауда және заманауи емдеу әдістерімен бөлісу.
Елордалық мамандардың үшінші жұмыс күні Қостанайға Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой келіп, облыстық аурухананы аралады. Күрделі операция жасалған науқастармен жүздесіп, облыс дәрігерлерімен кездесті.
Сондай-ақ Алексей Цой аймақ басшысы Құмар Ақсақаловпен кездесті. Кездесу барысында Президент Іс басқармасының Медициналық орталығы мен Қостанай облысының әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім өңір тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдің медицина қызметкерлеріне науқастарды заманауи әдістермен диагностикалау, емдеу және оңалту, жаңа медициналық технологияларды енгізу саласында тәжірибе арттыруды көздейді.
– Президент Іс басқармасының Медициналық орталығының өкілдерімен маңызды мәселелер туралы келістік. Аталған орталық біздің дәрігерлердің озық технологияларды терең меңгеруіне көмектеседі. Ендігі біздің міндетіміз – денсаулық сақтау саласын айтарлықтай жақсарту. Өңірде 2023-2024 жылдары 25 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланып отыр. Оның алтауы биыл пайдалануға беріледі. Жаңа медициналық жабдықтар сатып алынады. Осы мақсаттарға биыл 105,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы былтырғымен салыстырғанда 22 пайызға артық. Алдағы уақытта қаржыландыру көлемі ұлғаяды, – деді облыс әкімі Қ.Ақсақа-
лов.
А.Цой мұндай игі сапар еліміздің әрбір азаматы қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек алуы үшін қажет екенін тілге тиек ете келіп, облыстық аурухана мамандарының біліктілік деңгейін арттыруға көмектесетінін атап өтті.
– Бүгінде біздің мамандар жасап жатқан күрделі операциялар өңірлерде, өз ауруханаларыңызда жасалса екен дейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізге осындай міндет жүктеп отыр. Астанадағы білікті мамандардың тәжірибесі өңірлік дәрігерге де жұғысты болуы керек. Бұл мақсатқа жету үшін сіздерге қандай көмек қажет болса да аянып қалмаймыз. Ең бастысы, осы өңірдің тұрғындары сапалы ем іздеп Астанаға сабылмауға тиіс, – деді А.Цой.
Қостанай облысы