Университет • 29 Тамыз, 2023

Атыраулық студент Конституцияны жатқа айтып, тегін оқуға сертификат алды

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ақылы бөлімде оқитын студенттер арасында дәстүрлі «Мен Конституцияны жатқа білемін!» конкурсын өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атыраулық студент Конституцияны жатқа айтып, тегін оқуға сертификат алды

Фото: asu.edu.kz

Конституция күнін атап өту, Ата заңды ұлықтап, жастардың құқықтық сауатын арттыру мақсатында өткен конкурсқа әртүрлі мамандықта оқитын 250 студент қатысуға ниет білдірген екен.

Қатысушылар конкурстың алғашқы кезеңінде Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерін білу деңгейін анықтау үшін 25 сұрақтан тұратын сауалға жауап берсе, екінші кезеңге сүрінбей өткендер Ата заңның баптарын жатқа айтудан жарысқан. Конкурсқа Атырау қалалық соттың судьясы, прокурор және жеке сот орындаушы, университеттің азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының оқытушылары төрелік етіп, жеңімпаздарды анықтаған.

Конкурс қорытындысы бойынша 3-орынды (30 пайыз жеңілдік) «Экология» мамандығының студенті Ботакөз Интимахова, 2-орынды (50 пайыз жеңілдік) қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының студенті Медина Әбдеш алды. Ал бас жүлдені азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының студенті Жәңгір Темірханов бір жылдық оқуын тегін оқуға сертификат алды.

Дәстүрге айналған конкурс келесі жылы да жалғасуы мүмкін.