«Майкөбе» кенішінен шығатын қара көмір халық арасында аса сұранысқа ие. Қызуы жоғары әрі шығатын күлі аз болғандықтан оны жеке үйлер ғана емес, бюджеттік нысандар да көптеп сатып алады. Антрациттің артықшылығын білетін кеніш қожайындары күзде пайданың астында қалуды көздей ме, әйтеуір әр тамыз айында бағаны көтеріп кеп жібереді. Былтыр тоннасын бақандай 1 000 теңгеге, енді биыл 500 теңгеге қымбаттатып отыр. Яғни қазіргі күні кеніштен тоннасы 8 мың теңгеден босатылуда. Бұдан «Майкөбемен» қатар орналасқан «Сарыкөл», «Талдыкөл» кеніштері де қалыспайтыны анық. Себебі олар қазып шығаратын көмірдің сапасы да әлгіге жетеғабыл. Дейтұрғанмен былтыр соңғы аталған қос кеніш тізгінді тарта ұстап, бағаны көтермей ұстап қалған еді. Есесіне Екібастұздағы «Богатырь-Көмір» кеніші жыл соңына дейін бағаны біртіндеп өсірмекке әрекеттенуде. Energyprom.kz сайтының мәліметтеріне сүйенсек, биыл «Богатырь-Көмірде» көмір құны 2023 жылдың 1 қаңтарынан 30 маусымға дейін 7 пайызға өскен. Яғни ол қазірдің өзінде 2 968 теңгеге дейін жетіп қалды. Ал жыл соңына дейін отынның тоннасы 3 092 теңгеге дейін көтеріледі екен. Жалпы, биыл өңірде тасымалдаумен бірге есептегенде көмірдің орташа құны 17-25 пайызға артады деп болжанып отыр. Әзірге Павлодар облысы бойынша бір тонна көмірдің орташа бағасы шамамен 15-16 мың теңгені құрайды.
Енді облыс орталығындағы көмір жеткізуші компаниялардың тірлігі жайында баяндасақ. Ірі жеткізушінің бірі «Элит.kz» ЖШС-де әзірге майкөбелік көмір жоқ, тек «Шұбартаудан» жеткізілген отын тоннасына 22 500 теңгеден босатылып жатыр. Ал «Max» және «Ринат» жеке кәсіпкерліктерінде «Майкөбе» көмірінің тоннасы – 14 мың, «Богатырь-Көмірдің» қатты отыны 10 мың теңге тұрады. Бұған көмірді қала ішінде жеткізу құнын қосыңыз, кемі 6-7 мың теңгенің айналасында. Қай жағынан қарасақ та, тұтынушылар үшін көмір бағасының біршама өсіп кеткенін байқауға болады. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтырғы дәл осы кезеңде майкөбелік көмірдің тоннасы – 12 мың, Шұбаркөлдікі 18 500 теңгеден сатылған еді. Былтыр қарағанды көмірінің тоннасы 3 500 теңгеге қымбаттаса, ал биыл бақандай 4 мың теңгеге өсіп шыға келген. Жеткізушілер қымбатшылыққа жанар-жағармай құны мен тасымал шығындарының өсуі себеп дейді.
Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Салхановтың дерегінше, Павлодар облысында көмірді тұтыну көлемі жыл санап өсіп келеді. Алдағы жылу маусымына шамамен 536 мың тонна қатты отын қажет делінсе, оның 350 мың тоннасы жеке тұтынушыларға тиесілі.
– Елдегі инфляциялық жағдайлар мен соған сәйкес өзге де факторларға байланысты тұтыну саласындағы тауар мен қызмет түрлерінің құны өсу үстінде. Өңірдегі көмір бағасының қымбаттауы тек «Майкөбен-Вест» ЖШС-де ғана байқалып отыр. Облыс билігі жуықта «Богатырь-Көмірге» және Баянауылдағы үш кенішке көмір бағасын биылғы наурыз айындағы деңгейінде ұстап қалу туралы меморандум жолдады. Оған кәсіпорын басшылары қол қоюы керек деп отырмыз. Себебі алдын ала келісім бар. Ал «Богатырь-Көмірде» көмір қымбаттаған жоқ. Алдағы жылу маусымы толық аяқталғанша өңірде көмір бағасы қымбаттамайды. Екіншіден, осыдан бірнеше күн бұрын Павлодар қаласындағы көмір жеткізуші компаниялардың басшыларымен кездесіп, олармен де бағаны өсірмеу жөнінде келісімге келдік. Сондықтан биыл алаңдатарлық жағдай болмайды деп ойлаймыз, – дейді ол.
Бір қызығы, облыс орталығындағы теміржол тұйықтарында орналасқан жеткізуші компаниялардың көбінде әлі күнге көмір жоқ. Ресми статистикада жеке тұтынушылар үшін олардың қолында 15 мың тонна ғана көмір бар деп көрсетілген. Ал әлеуметтік нысандарға қажет отынның 13 пайызы ғана тасылған. Қыркүйек айында өңірде көмірді жаппай тасу басталады. Осы кезде кеніштерде кезек қалыптасып, күз бойы дүрбелеңге ұласады. Сол аласапыранды пайдаланып, кеніштер бағаны тағы көтеріп жібермесіне кім кепіл?
Экономист мамандардың түсіндіруінше, қатты отынның түпкілікті құнына делдалдардың үстеме мөлшерлемесінен бөлек, теміржол көлігі қызметтерінің құны, тұйық жерлерді жалға алу, өңірлік компаниялардың, жеке автотасымалдаушылар жұмысына ақы төлеу және тағы басқа жайттар әсер етеді. Тұтынушылар үшін қатты отынның түпкілікті құны көмірді тұйықтан тұтынушыға жеткізу байланысында бастапқы бағасынан 3-4 есе өсетіні де сондықтан. Екінші тұрғыдан, отандық көмір нарығы монополистердің ырқымен жүреді. Үш ірі жеткізуші – «Богатырь-Көмір» ЖШС, «Қаражыра» АҚ және «Шұбаркөл» компаниялары нарықтың 80 пайызын иеленіп отыр. Энергия өндіруші ұйымдарға тәуелді емес шығындардын ұлғаюына және алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындыққа байланысты қатты отынның құны қыркүйек-қазан айларында әлі де өсуі ғажап емес.
Павлодар облысы