Қоғам • 29 Тамыз, 2023

Көкөнісшілер тәжірибе алмасты

214 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шыбық шаншыса, жайқалып өсетін топырағы құнарлы Алматы облысында көкөніс шаруашылығы қарқын алып, кәсібінен нәсібін тауып отырғандар аз емес. Осыған орай өңірде «Кәсіпке бағыт» жобасы аясында көкөніс шаруашылығына оқыту курстары аяқталды. Мұндай мүмкіндікті диқандарға Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы ұсынды.

Көкөнісшілер тәжірибе алмасты

«Кәсіпке бағыт» жобасы «Мен – кәсіп­­кер» кәсіпкерлік әлеуетін дамыту» құра­лының бір бағыты ретінде қолға алынды. Аталған жоба шағын және орта бизнестің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру мақсатында салалық оқытуды қамтиды. «Кәсіпке бағыт» жобасы аясында өңірде көкөніс өсіру, балық өсіру, омарта шаруа­шылығы, сүт және ет бағытындағы салалар қамтылады.

Көкөніс өсіру бойынша «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастық қоры» қоғамдастық қорымен 15 кәсіпкер шеберлігін шыңдады.

«Біз төрт күндік тәжірибелік курс өткіздік. Онда теориялық материал алу, шаруа қожалықтарын аралау, коопе­ратив мүшелерімен және олардың шаруа­шылықтарымен танысу мүмкіндігі болды», дейді қор өкілдері.

Оқытудың алғашқы күндері көкөніс өсірушілерге ауылдық аумақтарды дамытуда қордың тәжірибесі, қосылған құн тізбегін ұйымдастыру, тұтынушылармен жұмыс істеу және фермерлермен өзара есеп айырысу туралы дәріс берілді.

Одан әрі курсқа қатысушылар жеке жер телімінде пленкалы жылыжай салудың қыр-сырын, дақылдардың биологиясын, тыңайтқыштарды қолдану жүйелерін, өсімдіктерді аурулар мен зиянкестерден қорғауды, шығын есебін, басқа да кәсіпке қатысты сан сауалдың жауабын алуға тырысты.

Көкөніс өсірушілер біліктілігін арттырумен қатар, осы бағыттағы кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндік алды.

«Курсты аяқтаған соң қатысушылар алған білімі мен дағдысы бойынша тест тапсырып, 70 балл жинаған кәсіпкерлер арнайы сертификат алды. Сонымен қатар олар оқытқан кәсіпорыннан үш ай бойы қолдау табады», дейді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасына қарасты Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менеджер-кеңесшісі Дастан Жайлаубаев.

 

Алматы облысы