Заң • 29 Тамыз, 2023

Ата Заңның мұраты – әділетті қоғам

188 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Елімізде тарихи референдум арқылы Ата Заңымызға заман талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі жылдан астам уақыт өтті. Одан бері мемлекеттің саяси сахнасында және құқық қорғау саласында бірқатар реформа жасалды. Жаңа үлгідегі Конституция демократиялық елдің, халық үніне құлақ асатын мемлекеттің іргесін бекіте түсті. Конституция күні қарсаңында бірқатар жауапты тұлғалар мен сарапшы мамандарды әңгімеге тартып, ел өміріндегі елеулі өзгерістер жайында пікірін білген едік. Дөңгелек үстелге Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, Сенат депутаты, Кон­с­­титуциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мү­шесі Евгений Больгерт, Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Бәшімов, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің про­фессоры, тарих ғылымдарының докторы Тілеген Садықов, «Қазақстандық заң­гер­лер қауымдастығы» РҚБ атқарушы ди­ректоры, Жоғары сот кеңесінің судья­лар­ды таңдау бойынша комиссияның мү­шесі Серік Беркамалов қатысып, елі­міз­­дегі ең басты құқықтық құжаттың бас­ты мақ­саты туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Ата Заңның мұраты – әділетті қоғам

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ата Заң – уақыт талабына сай

Эльвира ӘЗІМОВА:

– Жаңарған Конституция қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғырту үшін қажет­ті құқықтық негіздерді қалады. Мұның қатарында саяси өзгерістер, мемлекеттің әлеу­меттік жауапкершілігін және құқық қор­ғау тетіктерін арттыру бағыттары бар. Соның ішінде, Мемлекет басшысының ұйыт­қы болуымен жасалып жатқан кең көлем­ді реформалардың басты бағыты – Президент өкілеттілігін қысқартып, Пар­­­ламенттің рөлін арттыру және шешім қа­­былдау үрдістеріне азаматтардың қа­тысуын қамтамасыз ету. Енді ауыл әкім­дері тікелей дауыс беру арқылы сайланады, ал саяси партиялардың Мәжіліске өту межесі 5%-ға дейін қысқарып, үміт­кер­­­лерге бір мандатты округтер бо­йынша сай­­лауға түсуге мүмкіндік берілді. Бұл біздің еліміз үшін мәні орасан зор оқиға. Өйт­кені қазіргі күні азаматтар се­нім­нен шық­қан депутаттардың мандатын қай­та­рып алуға құқылы.

Саяси партияларды тіркеу процеду­расы жеңілдетіліп, демократиялық үде­­ріс­­терге түрлі дауыстардың кеңінен қаты­суы­на мүм­кіндік беріліп отыр. Өз-өзін ұсы­ну мүм­кіндігінің енгізілуі әлеуетті сая­си жетекшілердің көбеюіне ық­пал етіп, инклюзивті және алуан түрлі саяси орта­­ның қа­лыптасуына себепші бол­ды. Мұның бәрі Ата Заңымыздың кемел­ден­ген­­дігінің белгісі.

о

 

Евгений БОЛЬГЕРТ:

– Конституция – мемлекет жүйесін, оның саяси жүйесін құру үшін ең басты іргетасымыз. Қоғамдағы, күнделікті тір­ші­лігіміз бен өміріміздегі ең маңызды қарым-қатынастарды реттейтін құрал. Әлем­нің көптеген елінде біздің түсініктегі Конс­титуция, яғни мемлекеттің барлық саласын қамтитын ортақ басты заң жоқ. Ата Заңымыз қазіргі таңда өз заманына сай жетілген құжат болып саналады. Өзім Сенаттағы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі болғандықтан, бүгінде кәсіби қызметіміздің басым бөлігі өткен жылы референдум арқылы енгізілген өзгерістерді іске асырумен байланысты болып отыр. Бұл конституциялық өзгеріс­тер сайлау жүйесі, биліктегі жоғарғы бас­қа­рушы органдардың мәртебесі секілді маңызды салаларды қамтиды. Сондықтан олардың жүзеге асуы Ата Заңымыздың өміршеңдігіне тікелей байланысты.

Конституцияға енгізілген өзгеріс­тер­дің құқық саласы үшін де маңызы өте зор. Өйткені сот жүйесі, соттардың мәртебесі қайта қаралып, заңсыз ием­де­­нілген активтерді қайтару туралы заң қа­был­данды. Ол өз кезегінде «Про­ку­ра­тура туралы» конституциялық заңға да өзгерістер енгізуге мәжбүр етті. Конс­ти­ту­циялық сот құрылды. Міне, қоғамның қайта түлеп, заман көшіне ілесуіне түрткі болған Ата Заңымыздың 28 жылдық ме­жесіне келіп қалдық. Жалпы айта ке­тейін, алдағы уақытта сарапшылардың басын қоса отырып, аталған өзгерістер бо­йынша нені жүзеге асыра алдық, алда не күтіп тұр деген мәселені әлі де талқы­ла­уымыз керек.

о

 

Марат БӘШІМОВ:

– Мен Конституциялық сот төраға­сы­н­ың сөзін қостап, бір мандаттық округ бойынша сайлану тетігінің пайда болуын еліміздің саяси тұрғыда дамудың келесі сатысына өткендігі деп айтар едім. Бұрын Парламентте партия жүйесі ғана болатын. Бірақ Конституцияда жазылғандай, әр азамат партия қатарында болмаса да, өз-өзін ұсынуға құқығы бар. Бір мандатпен сайланған азаматтардың Парламентке еніп, депутаттар қатарының 30 пайызын құрап отырғаны – үлкен жетістік. Олар бір жылдан кейін халықтың алдында өзінің атқарған еңбегі бойынша жауап беруі керек. Қоғам алдында лайықты жолмен депутат болғандығын дәлелдеу үшін олар қа­зір­гі күні депутаттық сауалдар жол­­дап, мә­селелер көтеріп, өздерін жан-жақты көр­сетіп жатыр. Яғни атқарып жатқан жұ­мыстары бар. Қоғам алдындағы жауап­кер­шілігін сезіну жақсы нәтиже емес пе? Ал партияларға келсек, Парламентке 6 пар­­тияның өткені демократиялық қағи­дат­тар орындалып жатқанын көрсетсе керек.

ош

Дала заңдарымен үндескен құжат

Тілеген САДЫҚОВ:

– Осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1995 жыл­дың 30 тамызында республикалық референдум нәтижесінде ел Конституциясы қабылданды. Содан бері Негізгі заң елімізде аза­маттық қоғамның қалыптасуына, құ­­қықтық жүйенің орнығуына ықпал ететін, сондай-ақ басқару билігінің құры­лы­­мы мен ұлттық заңнамалардың дамуын, түр­лі қоғамдық институттардың жолға қо­йылуын қамтамасыз ететін құн­ды құ­жат ре­тінде қызмет атқарып келді. Та­рих­тан белгілі, мемлекетіміздің қа­лып­та­су жолында Ата Заңымыз бірнеше рет қа­был­­данып, қоғам талқысынан өткені мәлім. Жалпы, Қазақстанның кон­сти­ту­циялық даму үдерісін бірнеше тарихи ке­зеңге бөлуге болады. Олардың әр­қай­сы­сы конституциялық құқықтың бел­гілі бір қайнар көздерінің даму уақы­тына сай ке­леді.

Ұлан-ғайыр далада үстемдік құрған сақ, ғұн тайпаларының өздеріне тән жү­йе­лі әскери тәртібі, таза адамгершілік жо­­лына құрылған заңдары болғаны тарихтан мәлім. Берісін айтқанда, іргесі ХV-ғасырда қаланған Қазақ хандығы тұ­сын­дағы «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы», бертіндегі «Абылай жолы» атанып кеткен дала заңда­ры­ның жинағы қатаң әскери реформа, ұжым­дық жауапкершілік, аманат пен антқа адал­дық, опасыздық және қиянаттан сақ болу, бұйрыққа бағыну және оны мүлтік­сіз орындау секілді құн­­дылықтарға негіз­дел­ген. Қазақ хандығы да осы жүйе негізінде құ­ры­лып, дамыды.

Жаңа тарихымызда еліміздің алғашқы Конституциясы 1926 жылы негізі қала­нып, кейін 1937, 1978 жылдары қайта қа­был­­­данды. Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Ата Заңы 1993 жылы өмірге келгені мәлім. 1995 жылғы Кон­с­титуцияның 1993 жылғы құжаттан айыр­­­машылығы – жаңа Ата Заңымызға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен бас­тап одан ажырамас құқықтарына да қатыс­­ты нормалар енгізілген. Мұның бәрі де уа­қыттың сұранысы мен заманның ағы­­­мына, елдің алға қарай қарыштап да­муы­на, халықтың әл-ауқаты мен тұр­мыс-тір­ші­лігінің оңалуына мемлекет тара­пынан бе­ріл­ген кепілдік ретінде қабыл­дан­ғаны хақ. Бұл құндылықтар жоғарыда ата­лып өткен қазақтың дала заңдарымен үн­десіп жатыр.

лш

 

Евгений БОЛЬГЕРТ:

– Рас, ел Конституциясының тарихы тереңде жатыр. Уақыт өтіп, дүние дамыған сайын қандай құжат та өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізуді қажет ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда кейбір адамдар қазіргі Конституциямызға 6 рет өзге­ріс енгізілгенін айтып, соны сын сада­ғына алуға асығып тұрады. Бірақ біз сол өзгерістердің санына емес, оның маз­мұ­нына, мемлекетімізге қандай артық­шы­лықтарды алып келіп жатқанына назар аударғанымыз дұрыс. Мен сіздерге Үндістанның Конституциясын мысалға кел­тіргім келеді. Ол әлемдегі ең көлемді құқықтық құжат болып саналады және қа­­был­­данғалы бері оған 100-ден аса өзгерту мен толықтыру енгізілген. Егер уақыт соны талап етіп тұрса, ел үшін қандай да бір пайда болса, өзгеріс енгізіп, Конституцияны заман көшіне сай дамытып отыру – қалыпты құбылыс.

Конституциялық сот – келелі орган

Марат БӘШІМОВ:

– Қазір халық үлкен өзгерістерді күтіп отыр. Өткен жылғы конституциялық рефор­малар нәтижесінде қоғам үшін қандай пайдалы жаңалықтар болады, қандай нәтижелі заңдар қабылданады деген сауал әркімнің көкейінде жүр. Мен өз басым кейінгі жылдары қолға алынған рефор­­малардың бәрі мемлекетімізге, қо­­­ғам­­ға, халыққа, бала­ларымыздың бо­ла­­шағына пайдалы жа­ғынан жұмыс іс­тей­­тініне сеніммен қарай­мын. Өзім Пар­­ламентте құқық сала­сы­на қатысты 15-тен аса ұсыныс жаса­ған бола­тынмын. Соның бірі – Конс­ти­туция­лық соттың керегі жайында. Өйт­кені дү­ние­дегі дамыған мемлекеттерде адам құ­қығы жөніндегі ең жоғарғы институт сол. Осы жемісті бастама іске асып, жыл ба­сында Конституциялық сот жұмысын бас­тап, құқық қорғау саласына өз үлесін қосып жатыр.

 

Эльвира ӘЗІМОВА:

– Конституциялық соттың құрылуы – өткен жылғы конституциялық реформа нәтижелерінің бірі. Бұған дейін 1992-1995 жылдары елімізде Конституциялық сот жұмыс істегені белгілі. Қайта оралған бұл органның ерекшелігі – бізге ендігі уақытта мемлекеттік билік субъектілерімен қатар, әрбір азамат жүгіне алады.

Елімізде биліктің үш тармағы бар екені белгілі: заң шығару, атқарушы және сот. Ал Конституциялық сот осы тар­мақ­­­тардың ешқайсысына да жатпайды. Оның қызметі мемлекеттік билік жүйе­сіндегі тепе-тең­дікті нығайтуға бағыт­тал­ған. Осы мақсат­та заңдар мен басқа да нормативтік-құқық­тық актілердің Конституцияға сәйкестігі тексеріледі.

Біз жұмысымызды биыл 1 қаңтардан бастадық. Содан бері 7 ай уақыт белсенді режімде өтті. Азаматтар тарапынан 4 мыңдай арыз түсті. Дегенмен олардың басым бөлігі Конституциялық соттың құ­зіретіне жатпайтын мәселеге қатысты бол­ғандықтан кері қайтарылды. Оның ішінде соттың үкімі мен шешімін өзгерту, әлеу­меттік мәселелерді шешу секілді өтініш­тер бар. Ол біздің қызметімізге қа­тысты болмаса да, азаматтарға заң тұр­ғы­сында жан-жақты түсініктемелер берілді.

Осы аралықта судьялар азаматтар тара­­­­пынан түскен арыздардың төрттен бірін қарап үлгеріп, 23 арыз бойынша ше­шім шығарды. Қазіргі күні 40 іс қара­лу үстінде. Бұл көрсеткіштер Консти­туция­лық соттың азаматтар үшін ашық­ты­ғы мен қолжетімділігін көрсетсе керек. Са­лыстырмалы түрде айта кетсек, бұған де­йін Конституциялық кеңес 27 жылдың ішінде 140 шешім ғана шығарған болатын. Оның үстіне оған жеке азаматтар жүгіне алмай­тын еді.

Дегенмен мына нәрсені айта кету керек, Кон­ституциялық сот азаматтардан, ұйым­дардан, мемлекеттік органдардан, лауа­з­ымды тұлғалардан тәуелсіз мекеме, сондықтан тек Конституцияны және өзінің конс­титуциялық заңын бас­шылыққа алып жұмыс істейді және қандай жағдайда да сот­тардың және басқа да мем­ле­кеттік ор­ган­дардың құзыретіне кіретін мәсе­ле­лер­ге араласпайды.

Зайырлы елдің ұстанымы

Тілеген САДЫҚОВ:

– Конституцияның 1-бабының 1-тар­ма­ғында көрсетілгендей, бүгінгі сая­сат­тың басты бағыты – мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы болып саналатын әрбір адамның өмірі, құқықтары мен бос­тандықтарының құндылығы туралы конституциялық мәселенің дәйек­ті түрде іске асып, заңдық тұрғыда қор­ғалуы. Елімізде орныққан этносаралық толе­­ранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақ­­стандық моделі қазіргі күні әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл модель барлық елге үлгі болып, қазіргі уақытта толықтай зерт­телу үстінде. Этносаралық келісімнің қайнар көзі Ата Заңда жатыр, сонымен қатар қабылданған әртүрлі заңдар мен нормативтік актілермен реттелген.

Бүгінде толыққанды даму жолына түскен мемлекетіміз әлемдік қауым­дас­тықтың белді мүшесіне айналды. Мем­ле­кет­тің қоғамдық-саяси ахуалы мен қуатты экономикалық жағдайының тұрақты дамуы­на қазақстандық бірегейлік пен бірліктің ықпалы зор. Конституцияда этностық азшылық құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық өлшемдерге жауап беретін қоғамдық келісім мен этносаралық то­лерант­тылықтың отандық үлгісінің құ­қықтық негізі қаланды. Осының негізін­де, еліміздің мемлекеттік ұлттық саясаты қоғамдық келісім конституциялық қа­ғи­да­сына негізделе отырып, жалпы адам­заттық тұжырымдарға сәйкес халық­тың біртұтастығын қалыптастыруға ба­ғыт­талды. Елімізде этносаралық татулық­тың салтанат құруы – мемлекеттің негізін құ­­райтын қазақ халқының саяси мәде­ние­­тінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Біле білсек, толеранттылық – үлкен құн­дылық!

 

Серік БЕРКАМАЛОВ:

– Өзара татулық, ұлтаралық және дінаралық келісім жайында сөз қозғалып жатқанда мен бүгінгі күні қоғамда, әлеу­мет­тік желілерде кеңінен талқыланып, пікірталас тудырып жүрген мәселе жайын­­­да заңгер ретінде пікір білдіргенді жөн көріп отырмын. Атап айтқанда, мектептерде діни рәсімдерді өткізуге жағдай жасауға, оқушыларға белгілі бір дінге жата­тындығын көрсететін киім мен атрибуттар киюге шақырулар күшейе түсті. Конституциямыздың аясында, заң бо­­­­йынша осы мәселені қалай шешу керек? Діннің білім беру жүйесіндегі орны туралы сұраққа жауап Конституциямыздың бірінші бабында тұр: «Қазақстан Респуб­ликасы өзін демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мемлекет ре­тінде орнықтырады, оның ең қымбат қазы­насы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».

Бұған қарап отырып, біз бір жағынан елдің басты құндылығы – адамның құ­қық­тары мен бостандығы, соның ішінде ар-ождан бостандығы екенін, ал қандай да бір дінді ұстану немесе ешқандай дінді ұс­танбау осының ішіне кіретінін түсі­не­міз. Екінші жағынан, еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, дін – мемлекеттен бөлінген. Бұл жерде ешқандай қай­шылық жоқ.

«Менің балам мектепке хиджабпен барады немесе мүлдем бармайды» деу – Кон­с­титуция талаптарын тікелей бұзу. Зайырлық талаптарын былай қойғанда, тіпті қай дінді алсақ та, кішкентай баланың діни рәсімдерді орындауы үшін белгілі бір жасқа толуы керек. Мысалы, исламда намаз оқу, ораза ұстау, қажылыққа бару, орамал тағу секілді амалдар балиғат жасына толғаннан кейін ғана міндет. Өйткені діннің өзі құдайға құлшылық етуі адамның ақыл-есі толыққаннан кейін болатын амал екенін көрсетіп тұр.

Расында, зайырлық – діннің де, мем­лекеттің де баяндылығы, дамуы мен жаң­ғыр­уы үшін ең басты ұстаным. Тек оны дұрыс насихаттап, елге дұрыс жеткізу керек. Сондықтан зайырлы ел екенін ұмытпауымыз керек.

 

Марат БӘШІМОВ:

– Жоғарыда аталған барлық мәселе Ата Заңымыздың аясында, бүгінгі жүр­гізіліп жатқан саяси, құқықтық реформа­лар шеңберінде дұрыс шешімін табады деп сенеміз. Сөзімнің соңында қазіргі Пар­ламенттің жұмысы бұрынғыға қара­ған­да әлдеқайда жанданғанын айтып өткім келеді. Бір комитеттің өз ішінде де қызу пікірталас өрбіп жатады. Мәселен, елге игілігін тигізеді деп күтіп отырған жұмыстардың бірі – заңсыз иемденілген активтерді қайтаруға қатысты заңның қа­был­дануы. Ол жерде Еуропада кеңінен қолданылатын азаматтық тәркілеу инс­титуты іске қосылып отыр. Мемлекет сені «жемқорсың» деп кінәламайды, тек қолыңдағы мүлкіңнің қайдан келгенін дәлелде деп талап қояды. Заңды жолмен тапқан дүниең болса, дәлелдеп бер де әрі қарай тыныш өмір сүре бер. Дәлел­дей алмадың ба, онда жемқорлықпен айналысқан болып саналасың да, мүлкіңді мемлекетке қайтарып беруге міндеттісің. Бұл әділеттілікке өте сай. Осы бағытта жақында үлкен жұмыс басталады. Қазір жемқорлардан қайтарылған ақшаларды негізінен мектеп құрылыстарына жұмсап жатырмыз. Енді алдағы уақытта оларды ха­лықтың әлеуметтік жағдайын түзеу­ге арнасақ, халықтың әл-ауқатын көте­руге үлкен септігін тигізер еді. Ата Заңымыздың да ең басты мұраты осы емес пе?

 

Дөңгелек үстелді жүргізген

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»