Кездесу барысында сенатор Шымкент тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған өтеусіз гранттар санын ұлғайту қажеттігін атап өтті.
«Парламентте осыған қатысты өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар мен ескертулерді көтеріп, тиісті министрліктерге жолдайтын боламыз. Әр отбасында уақытша қиындықтар бар. Мемлекеттің міндеті – оларды қолдау. Осы мақсатта өтеусіз мемлекеттік грант беру туралы шешім қабылданды. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бөлінген қаражат шынымен мұқтаж азаматтарға берілуі керек. Комиссия өкілдеріне жүктелген жауапкершілік орасан зор екенін түсінеміз», деді Айгүл Қапбарова.
Өз кезегінде Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілі кездесуге қатысушыларды азаматтарды жұмыспен қамту және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды. Белгілі болғандай, кейінгі үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны айтарлықтай азайған.
* * *
Сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов «Amanat» партиясы Алматы қалалық филиалының XXXIV конференциясына қатысты.
Кездесуде партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасының Алматы қаласында орындалу барысы туралы баяндама жасалды. Сондай-ақ филиал мен «Жастар рухы» жастар қанатының атқарған жұмыстары туралы есеп тыңдалды.
Сенатор халықпен кері байланысты күшейту, өңірлердегі депутаттар жұмысының тиімділігін арттыру мен партияның жастар қанатын қайта жандандырудың маңызды екенін атап өтті.
«Азаматтарды алаңдатқан мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Бұл жерде өңірлердегі бастамалар маңызды рөл атқарады. Оның ішінде қоғамдық диалогті дамытудың берері мол», деді Сұлтанбек Мәкежанов.
* * *
Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының депутаттары партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру барысы және мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысу мақсатында Алматыға келді.
Сапар бағдарламасында өткен лудомания мәселесін талқылау үшін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жастармен кездесуге партия фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, депутаттар Бақытжан Базарбек пен Ермұрат Бапи, партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров, сарапшылар мен жастар қатысты. Құмар ойындарға патологиялық бейімділік халқымыз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін де күрделі проблемаға айналды. Мәжілісмендер құмар ойындарға тәуелділіктің көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселенің жастарға, жалпы қоғамға қалай әсер ететінін талқылады.
Кездесуде жастар арасында лудоманияның алдын алу бойынша негізгі мәселелер, соның ішінде білім беру бағдарламалары мен құмар ойындарының тәуекелдері туралы ақпараттық науқан талқыланды. Сондай-ақ жиында лудомания проблемасына тап болғандар үшін сапалы және қолжетімді медициналық және психологиялық қолдауды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар айтылып, құмар ойындарды реттеуге және қатаңдатуға бағытталған заңнамаға өзгерістер енгізу мүмкіндігі сөз болды.
Мәжілісмендер жұмыс сапары кезінде партияның Алматы қалалық филиалының кезекті XXXIV конференциясына да қатысты. Конференцияда қалалық филиал мен «Жастар рухы» жастар қанатының 2021 жылдан 2023 жылдың І жартыжылдығына дейінгі кезеңде атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалды.
Аймаққа сапар барысында фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаев «Қалқаман» метро стансасы құрылысының барысымен танысты. Бүгінгі күні метрополитеннің үшінші кешенін іске қосу бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр. Станса салу жобасы Алматы қаласы бойынша «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасының 2.3-бөліміне енгізілген, онда 4 станса салумен 7,2 шақырым метро желісін кеңейту көзделген. Жоспарға сәйкес «Қалқаман» стансасының құрылысы 2025 жылы аяқталуға тиіс. Бұл жоба Алматының көлік инфрақұрылымын нығайтып, қала тұрғындарының жайлылығын жақсартудағы маңызды қадам болып саналады.
* * *
Сенат депутаты Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысына сапары кезінде Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауыл тұрғындары «Петропавл – Жезқазған» автожолын жөндеу мәселесін көтерді. Сенатор бұл мәселені назарға алатынын атап өтті.
«Бұл жолға күрделі жөндеу қажет. Жамап-жасқай салу жеткіліксіз. Оған осы жерге келер кезде де кезекті рет көз жеткіздік. Біз бұл мәселені шешуге ықпал етеміз. Қазір соған байланысты барлық түйткілдерді назар алу үшін арнайы келдік. Біз жерлестерімізді не толғандыратынын өздерінен естіп, проблемаларды шешуге көмектескіміз келеді», деді Әсем Рахметова.
Сонымен қатар кездесуде ауданға көпсалалы емхана қажет екені айтылды. Қазіргі таңда жергілікті жердегі тубдиспансер ғимаратын қайта құру және оны емханаға қайта бейіндеу туралы мәселе қаралып жатыр.
Сондай-ақ депутат Шал ақын ауданында болып, Кривощеков орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Аталған іске мемлекеттік бағдарлама аясында мұнда 127 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Сенатор ауылда тұратын балалардың сапалы білім алуы, таза әрі жарық ғимаратта оқуы маңызды екенін атап өтті. Одан бөлек, депутат тағы екі мектепті жөндеу барысымен танысып, Ыбырай ауылында қалпына келтірілген мәдениет үйіне барды.