Спорт • 29 Тамыз, 2023

Исхар Құрбаев, әлем чемпионы: Бұл менің соңғы мүмкіндігім еді

1686 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда  Иорданияның астанасы Амман қаласында 20  жасқа дейінгі (U20) жастар арасында өткен әлем чемпионатында жетісулық балуан Исхар Құрбаев 55 келі салмақта алтын медаль иеленді. Жастар арасында грек-рим күресінен әлем чемпионатының алтын медалі біздің елдің өрендеріне бұйырмай келе жатқанына жеті жылдың жүзі болып еді. Ойсырап тұрған олқылықты Мұхамедтің балуан ұлы бүтіндеп берді. Тәуелсіз еліміздің тарихында күрес түрлерінен 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен әлем чемпионатынан алтын медальмен оралған саңлақтар тіпті санаулы.  Тіпті  грек-рим, еркін және әйелдер күресін қоса алғанда алтын медаль иеленген балуандар қадау-қадау ғана. Солардың сапына Исхар да қосылды. Аммандағы аламан қалай өрбігенін сұрап, Исхар Мұхамедұлынан сұхбат алдық.

Исхар Құрбаев, әлем чемпионы: Бұл менің соңғы мүмкіндігім еді

Фото: uww.org

– Әуелі  жеңісің құтты болсын, Исхар.  Қазақ елі балуандарынан жастар арасындағы әлем чемпионатының алтын медалін жеті жылдан бері күтті.

– Рахмет құттықтауыңызға. Дұрыс айтасыз, біздің елдің балуандары  жастар арасындағы әлем чемпионатының  биігіне шыға алмай келе жатқаны намысымызды қайрады. Бұл менің жастар арасындағы соңғы әлем чемпионатым еді. Сондықтан не бел кетер, не белбеу үзілер деп барымды салдым. Бұған дейін кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер, жастар арасындағы әлем біріншіліктеріне бес  мәрте  қатыстым, алтын медаль бұйырмады, қола мен күмісті қанағат тұттым. Осы жолы барымды салдым.  

Исхар1

– Белдесулерге тоқталсаң, қалай өрбіді, қай елдің балуанынан қауіптендің?

– Кілемдегі қарсыласыңның ешқайсы да осал емес. Десе де солардың ішінде румын балуаны Денис Михаймен жолым түйіссе  қалай болар екен деген іштей уайым болды. Өте тегеурінді спортшы. Бірақ екеуміз екі топқа түстік те, ол финалдық белдесуге дейін жетпей, орта жолда  сүрінді.  Осы жолғы  әлем чемпионатының барлық белдесуі ауыр өтті, қай-қайсы да осал емес, жасөспірімдер, жастар  арасында әлем чемпионы атанған балуандар, Еуропа, Азия  біріншіліктерінде бәрін жыққан жігіттер қатысты. Бағымыз жанып, еліміздің мерейін тасытқаныма  тәубе деймін.

– Финалда әзербайжандық  балуанды ұттың.  2021 жылы  Ресейдің  Уфа қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлде үшін белдесуде  әзербайжандық  Эльмир Әлиевке есе жіберіп едің, енді міне Әлиевтің жерлесі  Фарид Садыхлыны финалда айқын басымдықпен  жықтың.

– Сіз атаған  Эльмир Әлиев өте қарулы, техникалық әлеуеті де зор  балуан. Негізі 55 келі салмақта әлем  чемпионатына Садыхлы емес, Әлиев қатысуы тиіс еді. Жаттығу жиынында қолын жарақаттап алып жолы түспеді. Өзім де  Әлиевті күткен едім, екі жыл бұрынғы кеткен есені қайтарсам деген іштегі арпалыс әлі де бар.

– Біз чемпиондарды құрметтеу, қошемет көрсетуді кейде асыра орындап жібереміз. Тіпті кейбірін  құшағымызға қаттырақ қысып, спорттағы биігіне  жетуіне кедергі келтіргенімізді де аңдамай қаламыз.  Өзіңді де әлем чемпионатынан  сән-салтанатпен қарсы алды. Облыс басшылығынан бастап құрметтеп жатыр. Күнде думан, күнде той спортшының жаттығуына кедергі келтірмей ме?

– Ойыңызды түсіндім, әрине жатығудан қол үзбеу керек.  Біз әлем чемпионатынан оралған соң он шақты күн демалыс алдық. Мүмкіндігінше кездесу, сұхбат, жиын-тойды сол он күннің ішінде өткеріп алсақ дейміз. Әрі қарай жаттығуымызға  алаңсыз кірісу үшін. Дұрыс айтасыз, спортшы бір күндік жаттығудан қол үзсе, физикалық әлеуетін қалпына келтіруге аз күш жұмсамайды. Жаттығу кезіндегі жүктеме де еселеп арта түседі. Мұның бәрі де  жүрекке салмақ.  Сондықтан  оқу-жаттығу жиындары кезінде  барынша бабымызды жоғалтып алмас үшін қыдыру, той тойлау секілді ғадетті кейінге ысырамыз. Біз үшін маңыздысы аянбай тер төгіп, тынымсыз жаттығу  ғана.

– Ендігі меже олимпиада шыңы ғой. Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіковтің  жазғы олимпиада ойындарынан алтын медаль олжалағанына 43 жыл,  Юрий Мельниченконың Атланта олимпиадасынан алтын медальмен оралғанына 27 жылдан асты. Біздің елдің балуандарына төрт жылда айналып соғатын доданың алтын медалі әлі бұйырар емес.

– Бәріміздің де жанымызға батады әрине. Дегенмен де үмітімізді үзбейік, талантты жастардың шоғыры өсіп келеді, солардың арасынан маңдайы жарқырап мықты балуандар шығатынына бек сенемін. Тек еңбектеніп жаттығу керек. Менің де арманым олимпиада чемпионы атанып, елімді қуантсам деймін.

–  55 келіде күресіп жүрсің, олимпиадалық салмақ саналатын  60 келіге ауысасың ба?

– Дәл бүгін-ертең 60 келіге өтемін  демеймін. Өйткені олимпиадалық салмақ болғандықтан бәсеке өте жоғары. Жер жүзінде ғана емес, өз елімізде де 60 келіде балуандардың бәсі жоғарылап келеді. Әзірге осы 55 келіде күресемін. Ересектер арасындағы әлем чемпионатына  да осы өзімнің салмағымда қатысып, чемпион атанғым келеді. Одан кейін 60 келі салмақ дәрежесінде бағымды сынап көрсем деймін. 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»