Аймақтар • 29 Тамыз, 2023

Түркістандағы фестиваль

166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Төрт ай бойы түркістандықтар және киелі қала қонақтары өнер фестивалін тамашалау арқылы өңір өнерпаздарын таныды, рухани азық алды. Ал көркемөнерпаздар ұжымы, суретшілер мен қолөнер шеберлері, жалпы мәдениет саласының мамандарына шығармашылық деңгейін танытып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды. Иә, Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өз мәресіне жетті.

Түркістандағы фестиваль

Облыс әкімдігінің қол­дауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасы ұй­ым­дастырған фестиваль аясында 17 аудан, қа­ла­ әр аптада Түркістан қа­ла­сында мәдениет күндерін өткізді. Жұма-сенбі күндері су­рет­шілер мен қолөнер ше­берлерінің және аудан, қа­ланың жетістіктері туралы көрмелер ұйымдастырылып, ұлт­тық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар ұлықталды. Со­нымен қатар ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, өнер жұлдыздарының қаты­суымен мерекелік гала-концерт көпшілік назарына ұсы­нылды. Жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дә­ріптеу, ке­лешек ұрпақты саламатты өмір салтына бейімдеу және Түркістанның туристік әлеуетін дамыту мақсатындағы фес­тиваль жеңімпаздары Кон­сти­ту­ция күніне арналған «Ата За­ңым – айбыным!» ат­ты іс-шарада марапатталды. Салтанатты рәсімде облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңір­дің рухани-мәдени саласында жетістіктер көп екенін атап өтті. «Осы бағыт­тағы жұмыстарды жүргізу, өңір мәдениетін дамыту, өнер майталмандарынан құ­ралған шығармашылық ұжым­дарды қалыптастыру, облыстық мәдениет және ту­ризм басқармасының «Конгресс Холл» көпсалалы ке­шеніне түрлі бағыттағы өнер ұжымдарын ашу үшін 100-ден астам штат беріп отырмыз», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ облыс әкімі үз­дік деп танылған аудан-қа­лалардың көркемөнерпаздар ұжымын марапаттады. Қа­зылар алқасының шешімімен бас жүлде иегері – Отырар ауданына «Газель» автокөлігі, жүлделі І орын иегері –Шар­дара ауданына жеңіл автокөлік табыс етілді. Ал ІІ орынды иеленген Мақтаарал ауданы мен Келес ауданы дыбыс жазу студиясы, жүлделі ІІІ орын алған Түркістан қаласы, Сайрам ауданы мен Сарыағаш ауданына музыкалық аппаратура сыйға берілді. Облыстық өнер фес­тивалінің «Әнім сенсің туған жер» арнайы жүлдесіне Же­тісай ауданы, «Өнерлі өл­ке» арнайы жүлдесіне Со­зақ ауданы, «Мәдениетім – мерейім» арнайы жүлдесіне Төлеби ауданы, «Салт дәс­түрім – қазынам» арнайы жүлдесіне Бәйдібек ауданы лайық деп танылды. Арнайы жүлде иеле­ріне 500 мың теңге сыйақы берілді.

Бас жүлде иегері Отырар ауданы фес­тиваль аясында Қазақстан Суретшілер одағының мү­шесі Әділхан Мәліктің «Ұлы дала барысы» атты Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған тақырыптық кес­кіндеме сурет көрмесін көп­шілік назарына ұсынды. Ол Отырар халық театрының «Бей­барыс» қойылымына ұла­сып, Рахымжан Отарбаев­тың туындысы режиссер Ға­зиз Арынов пен сурет­ші Әділхан Мәліктің жетек­ші­лігі­мен сахналанды. Сон­дай-ақ «Омартасы рухтың – Отырарым» атты ақындар ай­тысын да көпшілік жоғары бағалады. Ұлттық спорт ойын­дарынан сайыс, «Ұлы дала дәс­түрі» атты салт-дәстүр, әдет-ғұрып көріністері, қол­өнер, сурет көрмесі сынды мәдени іс-шаралар облыс ор­та­лығына келген қонақтар мен қала тұрғындарын ерекше көңіл күйге бөлеп, отырарлық өнер­паздар көпшіліктің қо­шеметіне бөленген болатын.

 

ТҮРКІСТАН