Үкімет • 30 Тамыз, 2023

Өңірлердің дамуы – басты назарда

171 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жетісу туризм саласына ерекше ден қойып отыр. Әйтсе де, қасиетті Алакөл көлінің іргесіндегі Ақши ауылында электр желілері ескірген. Ол ол ма, Лепсі-Балқаш автожолы 5 жылдан бері аяқталмай келеді. Мұның бәрі өңір экономикасына үлкен соққы. Бұл мәселелер Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен өңірдегі барлық деңгейдегі депутаттар және қоғам өкілдерімен кездесуде көтерілді.

Өңірлердің дамуы –  басты назарда

Облысқа арнайы іссапармен келген Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Жетісу облысының жұртшылығымен кездесті. Кездесу барысында өңірді дамыту мәселелері, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жоспары, Текелі қаласының инфрақұрылымына қатысты проблемалар және Сенат пен мәслихаттардың өзара іс-қимылының келешегі талқыланды. Палата спикері ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформалардың іске асырылуын сапалы түрде қамтамасыз ету Палата мен мәслихаттардың бірлескен жұмысындағы аса маңызды міндет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды өзгерістер орын алып жатыр. Бұл ретте біздің басты мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан құру. Осылай­ша, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Осындай ортақ мақ­сат жолында ел болып жұмылып, бекем бірлік таныту айрықша мәнге ие. Бұл ме­млекеттілігімізді нығайтып, Тәуелсіз­дігімізді баянды ету үшін қажет», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ ол Сенаттың заң шығару қызметіне тоқталып өтті және өңірлермен тиімді өзара қарым-қатынас орнатудың маңызды екеніне назар аударды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев объективті және тәуелсіз сот әділетті мемлекеттің негізі екенін айтты. Соған сәйкес Сенат жанынан сот жүйесін реформалауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін жұмыс тобы құрылды. Бұл бағытта қабылданатын заңдар тәуелсіз, ашық және кәсіби сот жүйесін құруға ықпал етеді деп сенеміз. Жаңа сессияда сенаторлардың бастамасымен әзірленген бірқатар заң жобасын қараймыз. Олардың қатарында жайылымдық жерлерді пайдалану, органикалық өнім өндіру мәселелері бойынша заң жобалары бар. Осындай ауқымды жұмыста өңірлердегі әріптестеріміздің тәжірибелері мен пікірлері аса маңызды. Сондықтан біз мәслихат депутаттарымен белсенді әрі тығыз жұмыс істеуді көздеп отырмыз», деді М.Әшімбаев.

Палата төрағасы Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес пен «Өңір» депутаттық тобының жұмысына да тоқталды. Аталған екі институттың қызметі аймақтардағы проблемаларды шешуге ықпал етуге арналған. Өңір­­лердегі түйткілдердің басым бөлігі инфрақұрылымға, әлеуметтік нысан­­дарға және мемлекеттік бағдар­ламалардың іске асырылуына қатысты екені белгілі. Дегенмен өңірдің өткен жеті айдың нақ­ты көрсеткіштеріне көз са­латын бол­сақ, әлеуметтік-экономи­ка­лық сала­ның бар­лығында өсім бар. Мәселен, өнер­кәсіп көлемі 8,9%-ға артқан. Ауыл шаруа­шылығы өнімі 1,4%-ға өсіп, құрылыс жұмыстарының көлемі 1,7 есеге ұлғайған. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші – 18,1 пайыз, сауда 1,7 есеге өскен. Жыл басынан бері облыс экономикасына 119,6 млрд теңге инвестиция тартылыпты.

«Бұл көрсеткіштер – Жетісу жұртшы­лығының, әкімшіліктердің, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесе атқарылған ортақ жұмыстардың нәтижесі. Жалпы, биылғы жылы өткен барлық деңгейдегі депутаттар сайлауының нәтижесінде Жетісу облысының депутаттар құрамы 75%-ға жаңарып, 6 саяси партия филиалдарының өкілдері енді. Жыл басынан барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен офлайн, онлайн байланыс­та 1 215 кездесуі ұйымдастырылды. Оған 116 106 адам қатысып, тұрғындар тарапынан 4 607 мәселе көтерілді. Сонымен қатар, 1 188 жеке қабылдау өткізілді. Алдағы уақытта да ел игілігі жолында атқаратын шаруаларымыз аз емес», дейді өңір әкімі Бейбіт Исабаев.

Кездесуде өңір депутаттары Лепсі-Балқаш тасжолының жөндеу жұмыс­тарының салғырттығын және Ақши ауылындағы жарық желілерінің ескір­генін жеткізді. Сондай-ақ Талды­қорған қаласының іргесіндегі саяжайларға мәртебе берілуін сұрады. Сенат спикері бұл мәселелер көп ұзамай шешімін табатынын жеткізді.

Одан кейін Сенат төрағасы Текелі қаласының тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесуде де өңірді дамыту мәселелері кеңінен сөз болды. Оның ішінде қаланың инфрақұрылымына қатысты мәселені шешу барысына ерекше көңіл бөлінді.

«Қалада канализациялық-тазарту нысаны әбден тозған. Бүгінде бұл өте өзекті мәселе екенін білеміз. Осы пробле­маны шешу үшін жаңа тазарту стансасы салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс Сенаттың бақылауында болады. Облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарында экономиканы дамыту және инфрақұрылымды жақсартумен бірге әлеуметтік салаға да ерекше басымдық берілген. Соған байланысты алдағы үш жылда өңірде бірқатар тұрғын үй, мектеп, медициналық мекемелер салынбақ. Осы орайда облыс басшылығы Текелі қаласының да дамуына ерекше мән береді деп сенеміз», деді Палата спикері.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Жетісу облысының боччашыларымен де кездесті. Қазіргі таңда өңірде аталған паралимпиадалық спорт түрінен екі арнайы үйірме жұмыс істейді. Кездесуде Сенат төрағасы елімізде инклюзивті қоғам құру бағытында атқарылып жат­қан жұмыстар жөнінде айтты.

Одан бөлек, Палата спикері Құл­жабай Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп-лицейіне барды. Оқу орнында өткен кездесуде оқушылар мен педа­гогтердің өзін-өзі дамыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және әкімдік тарапынан мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу жайында сөз қозғалды.

 

Жетісу облысы