Денсаулық • 31 Тамыз, 2023

Емізу сүт безінің онкологиялық ауруларынан сақтандырады - онколог

207 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде бала емізудің маңызы қоғамда жиі талқыға түсетін тақырыпқа айналды. Осыған орай оқырман назарына ҚР ПІБ МО ауруханасының онколог, маммолог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Назар Сейдалиннің бала емізудің әйел денсаулығына пайдасы, ана сүтінен балаға берілетін дәрумендер және одан бөлек, сүт безі обырының пайда болу себептері мен алдын алу жолдары туралы сұхбатын ұсынамыз.

Емізу сүт безінің онкологиялық ауруларынан сақтандырады - онколог

го

– Әйел адамның бала емізудегі маңызы қандай?

– Әйелдің бала емізуі табиғи дүние. Сүт қайдан келеді? Сүт әйел босанғаннан кейін емшек бездерінде қан арқылы келген қоректік заттардан түзіледі. Алдымен уыз пайда болып, ол бірте-бірте сұйылып сүтке айналады. Емізу әйелдің денсаулығына да, балаға да пайдалы. Балаға пайдасы, сүт арқылы барлық қоректік затты, дәрумендерді және иммундық жасушаларды бойына дарытады. Соның арқасында балада түрлі инфекциядан қорғайтын мықты иммунитет түзіледі. Ал ана үшін емізу сүт безінің онкологиялық ауруларынан сақтандырып, алдын алатын табиғи үрдіс болып саналады.

– Баланы неше жасқа дейін емізген дұрыс?

– Әдетте 1 жасқа жеткенше баланың табиғи жолмен тамақтанғаны дұрыс. Егер 1,5-2 жасқа дейін емсе де жаман емес. Бала өз бетімен тамақтана бастағанда ана сүті басты қажеттіліктен ауытқып, бала өзі-ақ сүттен бас тарта бастайды.

– Емізулі ана екіншісіне жүкті болған жағдайда не істеу керек?

– Жүктілік кезінде бірінші баланы емізу ана денсаулығына әсер етуі мүмкін. Себебі ол өзінің барлық ресурсын сүт арқылы балаға береді. Ал жатырдағы баланың өсіп-жетілуі үшін өзінің ағзасында дәрумендер қоры сақталуы керек. Ана денсаулығы үшін бұл ауыр жүктеме болып саналады. Сондықтан емізулі кезінде жоспарсыз жүктіліктен мейлінше сақтанған жөн.

– Ана сүтін еміп өскен бала мен сүт қоспасымен қоректенген баланың денсаулығында айырмашылық болады ма?

– Әрине, себебі ана сүті микрофлораға бай, ол баланың ішек жолдарына түскенде дамып, иммунитет жүйесін қалыптастырады. Сүт қоспаларымен ғана тамақтанған балалардың ағзасы тұмау, суық тию, инфекциялық ауруларды қабылдауға бейім келетіні туралы деректер көп. Тіпті емізулі ананың да денсаулығы сүттің құнарлы болуына тікелей әсер етеді. Сол себепті ана балаға сапалы қорек беруі үшін өзі де дұрыс тамақтанып, денсаулығына күтім жасауы маңызды.

– Пластикалық хирургия жолымен кеудені үлкейтетін жағдайда әйелдерге емізуге болады ма?

– Силиконды имплант сүт безі тіндерінің артына орналастырылатындықтан емізу процесіне әсер ете қоймайды. Дегенмен, дәрігер ретінде әйелдердің бұл медициналық өнімді қолдануын жақтай бермеймін. Өйткені адам ағзасы өзге бөтен денені қабылдауда тәуекел мен асқынулары болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Тек сүт безіне онкологиялық операция жасатқан жағдайларда ғана имплант қоюға кеңес берер едім. Тіпті экстракорпоральды ұрықтандыруды да құптамаймын. Оның себебі аналық жасушаға жатырды ширықтыратын гормондардың мөлшерін шамадан тыс егеді. Ынталандырылған гормондар сүт безінің тініне теріс әсер етуі мүмкін. ЭКҰ сүт безі обырының дамуына себеп болады деген тікелей дәлел жоқ, бірақ онколог дәрігері ретінде қарсымын деп айта аламын.

– Сүт безі обырына әкелетін себептер қандай және оның алдын алуға болады ма?

– Бұл – әлем бойынша бірінші орын алып тұрған ауру. Сүт безі обыры гормондық және дисгормондық өзгерістермен байланысты туындайды. Ал гормондық өзгерістің көбі заманауи жағдайда бала босанудан, бала емізуден бас тартудан орын алып жататынын ғалымдар айтып келеді. Бұл табиғи үдеріс болғандықтан, оның орындалуына шек қоймау керек. Сонымен қатар әйелдердің өмір сүру сапасы мен тұрмыс дәстүрі де қатерлі ісіктерге алып келетінін қоса айтуға болады. Оған қоса күйзеліс факторлары, психо-эмоционалды көңіл күй де сүт безіндегі гормондардың өзгерісін тудырады. Мәселен, эстроген, прогестерон, пролактин, фолликулды ынталандыратын және лютеиндеуші, қалқанша безінің гормондары сүт безі дамуы мен қызметінде маңызды рөл атқарады. Алдын алудың басты жолы тұрақты тексерістен өтіп тұру керек және денсаулықтағы кемшіліктерді уақытында түзету қажет. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданған әлдеқайда пайдалы. Әр күнді көңілге қуаныш сыйлайтын сәттермен толықтыру керек.

– Сүт безі обырына шалдыққан науқастардың орта жасы және статистикалық көрсеткіші қандай?

– Қазақстанда 2020 жылы 4307 адам, 2022 жылы 5000 адам сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш күрт өскен. Ол дегеніміз, күніне 14 адамда ауру белгілері байқалады. Бұрын 60 жастан асқан әйелдерді мазалайтын еді, қазір 30, 25, 18 жастағылардан да сүт безі обырын анықтадым.

– Бұл ауру емделеді ме?

– Сүт безі обыры анықталу кезеңіне қарай емделеді. Ерте кезеңде анықталса, қазіргі гормонмен емдеу, таргетті терапия, химиятерапия сияқты емдеу шараларынан кейін қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі бар. Тіпті обырдан жазылып, ана атанып жатқандар да кездеседі. Ал аурудың кейінгі кезеңдерінде емдеу емес, өмірді ұзартуға басымдық беріледі.

– Сүт безі ісігін қалай анықтауға болады, белгілері қандай және алдын алуда қандай дәрігерлік кеңес бересіз?

– Сүт безі ісігінің бастапқы деңгейінде ауырсыну белгілері байқалмайды, тек жайсыздық сезілуі мүмкін. Сол үшін әр әйел ай сайын етеккірдің 6–12 күнінде өзін-өзі тексеріп отыруы қажет. Яғни айна алдында қолды кезегімен көтеріп, теріні тарту арқылы ісінген тұсының бар-жоғын анықтау керек. Сосын сүт безін кезек-кезек терең батыра, сырғытып-сипап қолмен зерттеуді үйреніп алған жөн. Омырауды күшпен басу арқылы сұйық бөлініс шығарып көруге де болады. Егер сүт безінің қатайғанын, омырау ұшында қандай да өзгерісті, сұйық бөліністі байқасаңыз, міндетті түрде маммолог дәрігерінің кеңесіне жүгіну маңызды. Барлық 40 жастан асқан әйелге тегін өткізілетін скринингтен қалмау қажет. Ғаламтордағы ақпаратпен диагностика жасаймын деп құнды уақытты жоғалтып алмауға кеңес беремін. Маманның кеңесіне ғана жүгініп, денсаулықты қалыпты түрде тексеріп отыруға шақырамын.

– Әңгімеңізге рахмет.