Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Жыл басында Ұлттық банк цифрлық теңге платформасын тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға беру жоспарланып отырғанын, оны кейіннен қатысушылар саны шектеулі нақты жағдайларда тестілеу жоспарланып отырғанын хабарлаған еді. Ұлттық банктің цифрлық теңгенің (ЦТ) функционалдығы бойынша жұмысты жалғастырып жатқаны, дайындықтың соңғы үшінші кезеңіне өткені апта басында белгілі болды. Ендігі өзгерістер ішкі нарықтағы финтех компанияларының беталысына, олардың екінші деңгейлі банктермен интеграциялануына қарап анықталады.
«Ішкі нарықтағы банктердің банктердегі цифрлану деңгейі – шамамен 100 пайыз. Халықаралық тәжірибеде 90 пайыздық көрсеткіш қана ЦТ-ны үшінші төлем түрі ретінде қолдануға мүмкіндік береді. Демек, біздің банктер ЦТ-ны айналымға енгізуге дайын. Цифрлық теңге жыл соңына дейін кейбір отандастарымызға қолжетімді болуы, әлеуметтік жеңілдіктердің біразы ЦТ-мен берілуі мүмкін. «Платформаны әзірлеу ықтимал кемшіліктерді жедел анықтауды және жоюды көздейтін икемді режімде жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта платформаны пайдалануға кедергі болатын елеулі технологиялық кемшіліктер анықталған жоқ», деп хабарлады Ұлттық банк таратқан баспасөз хабарында.
Ұлттық банктің мамандары цифрлық валюта идеясының жаңашылдығына қарай цифрлық теңге платформасына байланысты бірқатар жұмыс жүргізу қажет екенін жеткізді. Қазір цифрлық теңгені тестілеуге қатысатын банктердің тізімі нақтыланып жатыр. Ұлттық банк «Цифрлық теңге» қанатқақты жобасын жүзеге асыруға 2021 жылдан бастап кірісті. Сол жылғы жобаның негізгі мақсаты цифрлық теңге тұжырымдамасының өміршеңдігін тексеруге бағытталды. Жоба қорытындысында цифрлық теңге тұжырымдамасының технологиялық жүзеге асу мүмкіндігі зерделенді. 2022 жылы Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізудің салдары мен тиімділігін зерттеуді жалғастырды. Қаржы нарығының қатысушылары Digital Tenge Hub бірлескен платформасын іске қосты. Мұнда барлық мүдделі тарап ұлттық цифрлық валютаны енгізу мәселесін талқылап, зерттеу мүмкіндігіне ие болды. Биыл Ұлттық банк қаржы нарығының қатысушыларымен бірлесе отырып, цифрлық теңге индустриялық платформасының бірінші кезеңін нақты тұтынушылармен және сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарымен таныстыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар ашық бағдарламалау интерфейстері (Open API) стандарттарын енгізу және ашық банктік платформаны (Open Banking) пайдалану бойынша қанатқақты жобаны сынақтан өткізу жоспарда тұр. Ашық банкингті енгізу қаржы қызметтері нарығындағы бәсекелестікті дамытуды қамтамасыз етеді, экожүйелер арасындағы жүйеаралық өзара іс-қимылды оңтайландырады және инновациялардың дамуына нұқсан келтірмей, жеке деректер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. 2022 жылы ҚРҰБ іске қосқан жедел төлем жүйесі мен банкаралық төлем карточкалары жүйесі биыл кеңейтілді. Төлем жүйелерін одан әрі дамыту Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, бизнеске қатысушылардың шығындарын азайтады деген үміт бар. Ұлттық банк цифрлық теңгені 2025 жылдың соңына дейін үш кезеңмен енгізбек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, жаңа цифрлық технологиялар, криптоэкожүйе саласындағы жетекші ойыншы болуды жоспарлап отыр. Бұл ретте цифрлық теңге Қазақстанның болашақ қаржы жүйесінің негізгі элементіне айналуы мүмкін.
ҰБ өкілдері «криптовалюталар» және «стейблкоиндер» сияқты құбылыстардың кең таралуына байланысты цифрлық теңге цифрлық активтердің осы класына қате жатқызылуы мүмкін екенін ашық айтып отыр. Сырт көзге ұқсас деп қабылданатын технологиялық тәсілдерге қарамастан, «криптовалюталар» және «стейблкоиндер» ақшаның барлық функциясын тұрақты орындауды қамтамасыз ете алмайды, ресми ақшалай есеп айырысу бірліктерінде көрсетілген құнының тұрақсыз болуына байланысты толыққанды құн өлшемі және айналыс құралы ретінде пайдаланылмайды.
Осы жылдың шілде айының соңында Ресейде цифрлық рубльді енгізу туралы заңға қол қойылды. Өткен жылы Қырғызстанның Ұлттық банкі Digital Som жобасының іске қосылғанын хабарлады. Украинада цифрлық гривенді сынау жалғасуда.
2021 жылы Халықаралық есеп айырысу банкі (BIS) 65 елдің орталық банктері арасында сауалдама жүргізді. Сауалдамаға қатысқан орталық банктердің 86 пайызы ұлттық цифрлық валюталарды енгізу мүмкіндігін зерттегені белгілі болды. 60 пайызы технологиялық тәжірибе сатысында болса, 14 пайызы қанатқақты жобаларды жүзеге асыруда.
Әртүрлі елдер цифрлық валюталарды енгізу кезінде әртүрлі мақсаттарды көздейді. Мысалы, Ресейдің орталық банкі басқа мақсаттармен қатар қолма-қол рубль айналымының төмендеуін көрсетеді. Ал Багам аралдары мен Шығыс Кариб бассейнінің орталық банктері төлемдердің тиімділігі мен қаржылық инклюзияны басым мақсаттар ретінде белгілейді. Ал Қытайда цифрлық юань 2022 жылы толық айналымға енді. 2022 жылдың аяғында ол елдегі цифрлық ақшаның көлемі 13,6 млрд юанды (шамамен 2 млрд доллар) құрады. Ал 2023 жылдың мамыр айынан бастап Чаншу муниципалитетінің мемлекеттік қызметкерлері жалақыны цифрлық юаньмен ала бастады.
Сарапшылар қауымдастығында валютаның мұндай түрі туралы пікір нақтыланған жоқ. Цифрлық ақша мемлекеттің қаржы саласындағы рөлінің артуына әкеледі деп санайтындар да баршылық. Дегенмен Ұлттық банк оның ақшаның жаңа түрі екенін, оны шығаруды Ұлттық банк өз құзыретіне алатынын ашып айтып отыр. Басқаша айтқанда, бұл қолма-қол және қолма-қол емес ақшаны алмастырмайды, бірақ қатар қолданылады.
Ұлттық банк қаржы нарығы ЦТ-ны айналымға енгізуге дайын деп отыр. Кейінгі бірер жылда қолма-қол ақшасыз төлемдердің деңгейі өсті, ұлттық төлем жүйесі де дамып келеді. Демек цифрлық теңге төтенше жағдайларда ұлттық төлем жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деген үміт бар. Ұлттық банк таратқан ақпаратта цифрлық теңгеге қатысты пайда және тәуекел мүмкіндігі, оның еліміздің ақша-кредит саясаты мен қаржы тұрақтылығына ықпалы және ұлттық төлем жүйесі мен оған қатысушыларға әсері жан-жақты зерттеліп жатқаны айтылған.
Қаржы сарапшылары ЦТ-ның офлайн режімінде төлеу мүмкіндігіне назар аударып үлгірді. Себебі оның транзакцияларына интернет соншалықты қажет емес. Ұлттық банктің зерттеулерінде цифрлық теңгенің банк секторының қаржылық тұрақтылығына қауіп төндірмейтінін айтып жатыр. Цифрлық валютаның пайда болуы ақшаның даму эволюциясының ең жоғары деңгейі деп қабылдаудан өзге жол жоқ.
Сарапшылардың басым көпшілігі оның транзакцияларының ашықтығына назар аударып отыр. Ресейлік экономист Яков Миркин бізбен әңгімесінде әрбір цифрлық банкноттың қозғалысы мемлекеттің бақылауында болатынын, оның қайда аударылғанын, тіпті қашан төленгені де мемлекеттің назарында болатынын айтып берді. Бұл бір жағынан мемлекет тарапынан шектен тыс реттеу мен шектен тыс бақылау қаупі бар дегенді білдіреді.
«Цифрлық валюта үнемі технологияның дамуымен бірге жетілдіріліп отырады. Қазақстанда да, Ресейде де импортта «көлеңкелі қаржының» үлесі басым. Посткеңестік елдер осы цифрлық валютаның көмегімен көлеңкелі экономикаға соққы беретін шығар», дейді Я.Миркин.
Қазақстандық қаржы сарапшысы Мақсат Халықтың пікірінше, айналамыздағы құбылыстың барлығы, оның ішінде ақшаның виртуалданған дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Банктердің мобильді қосымшалары қолма-қол ақшаны ауыстырды. Онлайн төлемдер өмірімізге енді. Миллиондаған және миллиардтаған транзакцияларды бақылап отыру техникалық жағынан мүмкін болса да ешкімге керек емес. Технологияның мүмкіндігі әртараптандырылған сайын мемлекет бақылаудың, реттеудің тетіктерін өзі табады. ЦТ – қатып қалған көзқарасқа бағынбайтын, жаңа және өте икемді құрал. Оның кем-кетігі, проблемалық тұстары уақыт өте келе байқалады. Қолданыста заңға да оның даму ерекшеліктеріне қарай өзгерістер енуі мүмкін. ЦТ-ның біздің елдің негізгі инвестициялық валютасына айналатын кезі алыс емес. Цифрлық теңге қадағаланатындықтан, заңға бағынатын азаматтарға өте ыңғайлы. Мұндай валютаны көлеңкелі экономикада қолдануға болмайды. Сонымен қатар бюджет қаражатының жұмсалуы да ашық болады. Мемлекетте кез келген транзакцияны оңай қадағалайтын құзырет бар. Демек ҰБ қажет деп тапса, сол мүмкіндікті жетілдіреді.
Сарапшының айтуынша, цифрлық ақшаның көмегімен инфляцияны төмендету және оның деңгейін бақылау үшін ақша-несие саясатын жүргізу бұрынғыдан да оңай болады, банкноттарды басып шығаруға, банкоматтарға қызмет көрсетуге және дәстүрлі ақша нысанын шығару мен айналысқа қатысты басқа да операцияларға жұмсалған мемлекеттік қаражатты үнемдейді. ЦТ айналымға енгеннен соң халық өз қаражатын үш қаржылық актив – қолма-қол ақша, коммерциялық банктердегі шоттар және цифрлық валюта арасында қайта бөлуі ықтимал. Депозит пен цифрлық валюта арасында қаржы институтының балансының өзгеруі банк өтімділігінің мөлшеріне әсер етеді. Бұл үрдіс несиелер мен депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің жоғарылауына әкелуі де мүмкін. Ұлттық банк осы операциялардың қозғалысын бақылап отыру тетіктерін қолданысқа енгізу қажет.
«Қазір екінші деңгейлі банктерде жаңа жағдайға бейімделу үрдістері жүріп жатыр. Банктер депозит мөлшерлемелерін өзгерту арқылы халық қаражатын қайта бөлуге әсер ете алады. Бұл жағдай ЕДБ арасындағы технологиялық бәсекелестіктің деңгейіне әсер етуі мүмкін. Ендігі жерде банктер арасындағы бәсеке тек технология ғана емес, клиенттің таңдауы арасында да өрбиді. Жаңа жағдайдың беталысы ЕДБ-ның технологиялық мүмкіндігі емес, халықтың қаржылық сауаттылығының деңгейіне қарап анықталады», дейді М. Халық.