Дін секілді нәзік мәселеде туындаған түсініспеушіліктің дер кезінде алдын алмай болмайды. Өйткені дін – сенім мәселесі. Бұл жерде қоғамды жікке бөлмейтін сары майдан қыл суырғандай сындарлы шешім керек. Осы орайда біз дін саласындағы белгілі мамандар мен сарапшыларды сөзге тартып, «Хиджаб дауын» қалай оңтайлы шешеміз?» деген сауалымызды қойдық.
Павлодар қаласының «Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының» директоры, оңалту мәселелері бойынша сарапшы Гүлназ Раздық бұған дейінгі жылдары мектепте хиджаб тағуға қатысты талап-тілек қоғамда ішінара көтеріліп, әр жерден бір естілетін жүйесіз сипатта болса, кейінгі уақытта оны қолдаушылар жүйелі әрекет ететін үлкен күшке айналып үлгергендігін айтады.
– Бұл мәселеге құқықтық көзқарас тұрғысынан баға беріп, әрекет етуіміз керек. Өйткені біз құқықтық, зайырлы мемлекеттің заңдарымен өмір сүреміз.
Дегенмен қоғамда діни нормаларды басшылыққа алатын діндар адамдар да бар. Бұл – олардың құқығы. Осыған орай хиджаб тағып мектепке бару мәселесінде зайырлы заңдар мен діни нормалар арасында қайшылық туындап қалып жатыр. Айта кетейік, елімізде 18 діни конфессияның өкілдері өмір сүреді. Олардың да өз діни заңдары бар. Сондықтан біз бір конфессия өкілдеріне басымдық беріп, екіншісіне бермей, қоғамдық әділетсіздікке жол аша алмаймыз. Бұдан шығатын қорытынды, ең алдымен, әрбір адам құқықтық, зайырлы мемлекеттік заңдарын басшылыққа алуымыз керек, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, діни киім тек мектептің ішінде тыйым салынады, ал сыртта кез келген адам өз дінінің талабы бойынша киіне алады. Сонымен қатар мектептен тыс уақытта баланың діни мекемелерге барып, рухани білім алуына шектеу қойылмаған. «Ал мектеп – балаға ешбір діннің немесе ұлттың идеологиясынан тыс, зайырлы және ғылыми тұрғыда ғана жан-жақты білім берілетін орын екенін ұмытпайық. Ол жерде біркелкі мектеп формасы сақталуы керек. Бұл – ең сындарлы ұстаным деп санаймын», деді Гүлназ Раздық.
«Қазақстан заңгерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Серік Беркамалов зайырлы мемлекет дегеніміз – біреулер айтып жүргендей «құдайсыз қоғамды» білдірмейтінін, сонымен бірге елдегі барлық конфессияның теңдігін сақтайтын тұжырымдама екенін айтады. Оның пікірінше, әр баланың сапалы білім алуға бірдей құқығы болуымен қатар, олардың діни ұстанымдарына қатысты да бірдей қатынас болуға тиіс. Яғни бір бала екіншісінен діни белгілері бойынша ерекшеленбеуі қажет.
– Біріншіден, осы мақсатта елімізде мектептерде біркелкі форма енгізілді. Әркімнің материалдық жағдайы әртүрлі болатыны белгілі. Біреулер ауқатты, екіншілері орташа болуы мүмкін. Егер әр бала өзінің жағдайына сай киінетін болса, олардың арасында жікке бөліну жағдайы туындауы мүмкін. Сол секілді хиджаб тағу немесе тақпау белгілері бойынша да кейбір оқушылар көпшіліктен ерекшеленіп тұрса, бұл олардың арасында бірін-бірі келеке қылу, буллинг оқиғаларына алып келуі ғажап емес. Екіншіден, бастауыш мектептің 6-7 жастағы оқушысының діни киім киюі қаншалықты ақылға сыйымды? Ата-анасы неліктен оларды хиджаб секілді киіммен орайды? Иә, олар балаларын өз дінінің нормаларымен тәрбиелесін, бірақ балиғатқа толмаған балаларын басқалардан ерекшелеп, діни киім кигізу дұрыс емес. «Менің балам хиджаб тағады немесе мектепке мүлдем бармайды» деу – тікелей заң бұзу. Тіпті исламның өзінде балаға балиғат жасына толғаннан кейін ғана намаз, ораза, орамал тағу парыз. Қарап отырсаңыз, діннің өзі жеткіншектің белгілі бір ақыл тоқтататын жасқа жетуін дұрыс деп отыр, – дейді заңгер.
Зайырлық қағидаттарына сәйкес дін нормалары мен тәжірибесі азаматтық заң нормаларына қайшы келмеуі керегін тілге тиек еткен заңгер «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда ислам дінінің ханафи мәзһабы және христиан дінінің православиелік бағытының қоғам өміріндегі тарихи маңызды рөлі атап көрсетілгеніне қарамастан, еліміз өзінің зайырлық бағытынан ажырамағанын айтты. «Бұл жерде аталған заңда ел халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерге құрмет білдірілетіні һәм азаматтардың діни нанымдарын сыйлаудың маңыздылығы, конфессиялар арасындағы келісімнің басты назарда болатыны да жазылған. Қоғамның санасын, дін жайлы түсінігін өзгерту – көп уақыт алатын үдеріс. Мен философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетайдың «Еліміз зайырлы құқықтық ұстанымнан айырылмауы керек. Зайырлы дегеніміз – озық, толерантты, ашық қоғам» деген сөзімен толықтай келісемін», деді сарапшы.
Сарапшылар мен мамандардың пікірі, ең алдымен, зайырлы елдің заңдарын басшылыққа алу керек дегенге сайып отыр. Дегенмен жыл сайын «хиджаб дауы» бекерге көтеріліп отырмағаны да белгілі. Себебі – дін соны талап етеді. Нақтырақ айтқанда, балиғат жасына толғанда қыз баласына өз үйінен тыс жердің бәрінде орамал тарту және жабық киіну міндеттелінеді. Осы жерде өгізді де өлтірмейтіндей, арбаны да сындырмайтындай бір оңтайлы шешім болу керек екені ақиқат. Біз осы сұрақты ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, исламтанушы Мұхан Исаханға қойдық. Ол балиғат жасына толмай жатып кішкене балдырғандарын хиджабқа орап қоятын ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу және орамал дауын біржолата тоқтату үшін бірқатар ұсынысын жеткізді. Соның біріншісі – балиғат жасын арнайы пәтуамен бекіту.
«Діннің дәлелдерін, сондай-ақ медициналық тексерулерді негізге ала отырып, еліміздегі орташа балиғатқа толатын жасты анықтап, соны пәтуамен бекіту керек. Ол 13 жас па немесе 15 жас бола ма, нақты бір меже көрсетілуі керек. Бұл бастауыш мектепте оқитын қыздарына хиджаб тақтыратын ата-аналар мектептің ішкі тәртібін тыңдамайтын болса, діни тұрғыда да жауап беру үшін қажет нәрсе.
Екінші ұсыныс – бізде ұлдар мен қыздар білім алатын діни медресе-колледждер бар. Бұлар Оқу-ағарту министрлігіне тіркелген ресми оқу орындары. Ол жерге талапкерлер басқа да зайырлы білім ордалары секілді 9-сыныптан кейін қабылданады. Хиджаб таққысы келетін қыз балалар да осы оқу орындарына түсулеріне болады. Бірақ бір айта кетерлігі, қыздар медресесінің барлығы еліміздің оңтүстік жағында орналасқан. Сондықтан еліміздің солтүстік, шығыс аумақтарынан да қыздар оқитын ресми медресе-колледждер ашу жағын ойластыру керек.
Үшінші ұсыныс – ешбір тарапты ренжітпейтін шешімдердің бірі – мектеп формасына ешқандай діни белгі бермей-ақ ұзын етекті форманы да бекіту керек. Сонымен қатар кейбір елдердегі секілді қыздар үшін «вандамка» секілді бас киім түрін тартуға рұқсат берілгені дұрыс. Бірақ барлығы да бір стильде, бір түсте болуы керек. Қалаған адам ұзын етек киіп, басына заманға сай сәнді киімді кисе, оған ешкімнің қарсылығы болмайды деп санаймын.
Төртінші ұсыныс – қазіргі күні елімізде жекеменшік мектептер көптеп ашылып жатыр. Солардың қатарында тек қыздар білім алатын мектептер ашылса құба-құп. Ол жерде жұмыс істейтін мұғалімдер, күзетшілер, басқа да қызметкердің бәрі әйелдер болса, орамал тағатын қыз мектепке кіргеннен кейін оны шешіп қоя алады. Өйткені дінде әйелдер бір-бірінің алдында жалаңбас жүрулеріне рұқсат. Егер осы айтылған мәселелер шешімін тауып жатса, орамал дауын біржолата тоқтатуға мүмкіндік туады деген сенімдемін», дейді Мұхан Исахан.
Дінтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Сандыбаев қоғамда «хиджаб дауының» қозуына себепші болып отырған тағы бір себепті айтты. Ол – «хиджаб» сөзі. Біздіңше, «хиджаб» деген бір басқа, «орамал» деген бір басқа. Өйткені араб тілінен соңғы жылдары енген таңсық сөздің өзі адамдарды теріс ойға жетелеуі мүмкін. Кейбір діни мамандар «хиджаб» емес, орамал деп айтады. «Хиджаб» сөзін көбіне әлеуметтік желіде исламофобтық пікір қалыптастыруға ынталы адамдар жиі қолданып жүр. Себебі «орамалға» қарағанда «хиджаб» қара түсті жапқышты, ниқапты (бетперде) көз алдымызға келтіреді. Сондықтан қоғамның тыныштығын шайқалтқысы келетіндер үшін бұл да елді дүрліктірудің бір амалы», дейді ол.
Жалғас Сандыбаев дін ұстанушы азаматтарды әсіре діншілдікке берілмеуге шақырып, ел үшін діни тұрақтылықтың ең маңызды байлық екенін айтты. «Он екіде бір гүлі ашылмаған кішкентай қыздарды тұмшалау дұрыс емес. Жастар тәрбиесі – бәрімізге ортақ міндет. Жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін бөлінбей, бірігіп жұмыс істейік. Ал жалпы, дінге қарсы адамдарға айтарым, кейбір ересек қыздардың хиджаб тартуымен қоғам түгелдей діншіл болып кетпейтінін ұмытпайық. Карл Маркстың: «Атеизм дінді толықтай терістеймін деп үнемі дінге сілтеме жасап отырады. Дін болмаса, атеизмнің мәні қалмайды, сол үшін атеизмнің өзі де дін», деп айтқан әйгілі сөзі бар. Қазір мектепте, балалар арасында орамал дауынан да ауыр проблемалар бар. Суицид, буллинг, нашақорлық, ойынқұмарлық – осы секілді басқа да күн тәртібіндегі мәселелерді қоғам болып шешуге атсалысуымыз керек. Жастарымыз жат діннің ықпалына кетпеуі үшін, ең алдымен, олардың санасына кіретін жат идеологияның жолына тосқауыл қойған жөн. Сол сияқты құқықтық ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек», деді ол.