Үкімет • 01 Қыркүйек, 2023

1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылады

193 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан Президентінің Жолдауларын орындау аясында экономикада, мемлекеттік секторда және әлеуметтік салада бірқатар маңызды шаралардың іске асырылуы туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылады

Фрто: Үкіметтің баспасөз қызметі

AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысында сөйлеген сөзінде ол Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейту мақсатында трансферттерді алып қоюды және бюджет шығыстарының ұлғаюын шектеу жөніндегі жаңа қағидалар енгізілгенін атап өтті.

«Бұл, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасының енгізілуіне байланысты аса өзекті болып отыр. Бұл жоба жинақталған қаржыны 18 жасқа толғаннан кейін білім алуға, не тұрғын үй сатып алуға пайдалана алатын 6,7 млн баланы қамтиды», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, соңғы 4 жылда бюджет шығыстарын оңтайландыру есебінен 4,7 трлн теңге басқа басым міндеттерге бағытталды. Осы кезеңде салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту мен цифрландыру есебінен республикалық бюджетке қосымша 2 трлн теңгеден астам қаржы түсті. 

Премьер-министр биыл жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң іске қосылғанын еске салды.

«Бүгінгі таңда 10 мыңнан астам азамат соттан тыс банкроттық рәсімін пайдаланды. Бұл олардың қарыз жүктемесін және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті азайтуға мүмкіндік берді», деді ол.

Үкімет басшысы заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі жұмысты күшейту мақсатында тиісті заң қабылданғанын атап өтті. Сонымен қатар Демонополизациялау жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесі бойынша 16 компанияның акциялар пакеті мен қатысу үлесі, 7 ғимарат 160 темір жолдары мен нысан, сондай-ақ ақшалай қаражат мемлекеттік меншікке қайтарылды.

«Жалпы, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар соңғы 4 жылда көлеңкелі экономиканың үлесін 27%-дан 19%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр жаңа инвестициялық циклды қалыптастыру мақсатында 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатқанын айтты.

Инвестициялық келісімшарт щеңберінде басым секторларда жұмыс істейтін компаниялар салықтар мен кедендік баждардан босатылады, заттай гранттардан алады. 

Ірі инвесторларды тарту үшін қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларының кез-келгенін ұсына отырып, жеке шарттармен Инвестициялар туралы келісім жасасу мүмкіндігі көзделген. Бұл ретте инвестор үшін қарсы міндеттемелер белгіленеді. 

Сондай-ақ Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасасу мүмкіндігі енгізіліп, онда салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік береді.

Мұнай-газ саласына қосымша инвестициялар тарту мақсатында 2023 жылдан бастап Жақсартылған модельдік келісімшарт жасасу кезінде фискалдық ынталандыру енгізілді.

Бірқатар шетелдік кәсіпорындарды Қазақстанға релокациялау бойынша жұмыс шеңберінде бүгінде 35 ірі шетелдік компания елімізге көшіп келді. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі пысықталып жатыр.

«Қабылданған шаралардың арқасында 2022 жылы тікелей шетелдік инвестиялардың көлемі $28 млрд-ты құрады. Бұл − 10 жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш. Жалпы былтыр негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн теңгені құрады», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр пандемия мен күрделі геосаяси жағдайларға қарамастан, қабылданған шаралардың арқасында ел экономикасы сенімді өсім көрсетіп отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ-нің өсімі 4,8%-ды құрады. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалады.

Биыл Жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда $13,3 мыңға дейін өсті. Еліміздің халықаралық резервтері бүгінде $95 млрд-ты құрайды.

«Мемлекет басшысының алдыңғы жолдауларда берген тапсырмалары жалпы орындалды деп айтуға болады. Жүйелі және ұзақ мерзімді тапсырмаларды іске асыру жалғасып жатыр. Жалпы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Үкімет Парламентпен бірлесіп, алға қойылған міндеттерді іске асыру жұмысын жалғастырады», деп қорытындылады сөзін Әлихан Смайылов.