Басылым • 01 Қыркүйек, 2023

Қазақстандағы саяси реформалар

509 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

30 тамыз – Қазақстан Конституциясының күні. Бұл – 1995 жылы Қазақстан Консти­ту­циясының қабылданғанына орай республика бойын­ша мерекелік іс-шаралар, концерттер мен көрмелер өте­тін мемлекеттік мереке. Осыдан 28 жыл бұрын елде де­мо­кра­тиялық зайырлы мемлекет құру туралы референдумда қа­был­данған шешім маңызға ие. Құжатта бостандық, теңдік және келісім мақсаты жарияланды. Республиканың ең жоғары құқықтық құжатына бес рет түзету енгізілді. Соңғы рет 2022 жылы өзгерістер қабылданды.

Қазақстандағы саяси реформалар

Жанармай бағасына қатысты наразылықтар заңсыздық пен зорлық-зомбылыққа ұласып кеткен 2022 жылғы қаңтардағы митинг Қазақстанда қайғылы оқиға ретінде есте қалды. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іріткі салушылар күткендей де­­мо­кра­тиялық реформаларды жоюға емес, оны жеделдетуге ба­ғыт­­талды.

Содан бергі екі жыл ішінде Қазақстан Президент пен оның Үкі­меті бастаған саяси реформаларды ілгерілетуді және шын мә­нінде демократиялық институттарды құруды жалғастырып келе­ді. Бұл қоғамға түбегейлі әсер етіп, Президент пен Парламент рө­­ліне қатысты реформаларымен шектелмейді. Жуырда Мем­ле­кет­­тік кеңесші Ерлан Қарин осы мерзім аралығында прези­дент­тік саяси реформалар аясында Қазақстан азаматтары қала, ауыл және басқа да елді мекендердің 1 668 әкімін (жергілікті билік ор­­ган­дарының басшыларын) сайлағанын атап өтті.

Әкімдердің төрттен бірі тәуелсіз кандидат, қалғаны реформа­лар­­ға байланысты партия тіркеу мен сайлау науқанын өткізудегі же­­ңіл­­дікті тиімді пайдаланған саяси партиялардың өкілдері. Жаңа­дан сай­ланған басшылардың жартысынан астамы алғаш рет осы қыз­­метке сайланды. Көпшілігінің орта жасы 45-те. Оларды жер­гілік­ті жас саясаткерлердің жаңа буынының өкілдері деп айта ала­мыз.

Конституция күні – Қазақстан халқына және осы стратегиялық ма­ңызды елге қызығушылық танытатын әрбір адамға былтырғы жалпы­халықтық референдум нәтижесінде қабылданған конститу­циялық өзгерістердің негізгі қағидаттарын түсінуге мүм­кіндік береді. Реформалар Қазақстанды өзгертті және жаңа демо­кра­тия­лық қағидаттардың орнығуына жол ашты.

Парламент пен жергілікті билік органдарының құзыреті ке­ңейді, ықпалы артты. Президенттің өкілеттік мерзімі шектелді. Бұл Үкіметтің Парламент пен оны сайлаған халық алдындағы жа­уап­­кершілігін күшейтеді. Қазақстан Президенті енді жеті жыл­дық мер­зімге бір мәрте ғана сайланады. Қазақстан – мұндай қадамға бар­ған Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекет.

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, Бала құқықтары жөнін­дегі уәкілдің және Халықтың әлеуметтік жағынан осал санат­та­рының құқықтарын қорғау жөнін­дегі уәкілдің рөлі мен мәрте­бе­сін арттыру арқылы адам құқықтары мен демократияны қор­ғау күшейтілді. Адам құқықтары мен бос­тандықтарын одан әрі қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық сот қайта құрылды. Енді Қазақстан азаматтары Конституция қағи­дат­та­ры­на қайшы келетін заңсыз шараларға шағымданып, тікелей Консти­ту­циялық сотқа жүгіне алады.

Конституцияға енгізілген өзгерістердің әсері әсіресе 2023 жылғы наурызда өткен Парламент және жергілікті сайлауда байқалды. Саяси партияларды тіркеу тәртібін жеңілдету сайлауға «Республика» және «Байтақ» сияқты жаңа партиялардың қа­­тысуына мүмкіндік берді. Отандық және шетелдік саяси са­рап­шылардың пікірінше, биылғы сайлау Қазақстанның тәуелсіздіктен кейінгі тарихындағы ең бәсекеге толы дода болды.

Алты партия Парламентке өту үшін қажетті бес пайыздық межені еңсере алды. Осылайша, сан алуан саяси көзқарастағы шынайы көппартиялы өкілді орган құруға мүмкіндік туды. Өзге­ріс­тер қарқынды жүргені соншалық, бір жылда референдум мен бірнеше сайлау науқаны өтті. Конституциялық өзгерістер мен рефор­малардың арқасында Қазақстан қоғамында жаңа азаматтық және саяси мәдениет қалыптасты.

Әлеуметтік, экономикалық және басқа да реформалар Қазақ­стан үнемі бетпе-бет келетін жаһандық өзгерістерге, үдеріс­тер мен сын-қатерлерге тиімді жауап беруіне жол ашады. Конс­ти­ту­ция баптарының үштен бірін қайта жазған Қазақстан шын мәнінде жаңа республикаға, ал саяси жағынан жаңа мемлекетке айналды.

Қазақстан – әр азамат діни сенімі мен этностық тегіне қара­мастан өзін маңызды әрі еркін сезіне алатын толерантты қоғам. Конституция сөз еркіндігін, пікір білдіру құқығын және дін бостандығын, сондай-ақ саяси әртүрлілік пен жеке бас бос­тан­ды­ғын қамтамасыз ете отырып, елдің әлеуметтік-эко­но­ми­калық және саяси дамуының негізін қалайды.

Жуырда аталған елге сапар барысында Еуропалық Парла­мент­тің Сыртқы істер комитетінің делегациясы Парламент депутаттарымен, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен, Экономика ми­нистрі және бірқатар министрдің орынбасарларымен, сондай-ақ аза­­маттық қоғам өкілдерімен және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл­­мен кездесті.

Комитетті басқаратын Германия өкілі Дэвид МакАллистер Қазақстан мен көршілес Қырғызстанға сапары кезінде Орталық Азиядағы стратегиялық маңызды елдерімен қарым-қатынаста Еуропалық одақтың ықпалы мен қатысуын арттыру қажетіне назар аударды. «Бұл – сынақ сәті, сонымен қатар қарым-қаты­на­сы­мызды дамыту үшін мүмкіндіктер кезеңі», деді ол.

МакАллистер мырза екі ел үкіметінің ЕО-мен ынтымақ­тас­ты­ғын, Ресей мен Беларусьқа салынған санкцияларды айналып өтуге аймақ елдерін пайдалануға қатысты қауіп-қатерді жоюға күш салатынын құптады. Ол санкциялар Орталық Азия елдеріне емес, Украинаға қарсы басқыншыларға бағытталғанын атап өтті.

Еуропалық парламентшілер Қазақстан мен Еуропа арасындағы көлік қатынасын жақсарту мүмкіндіктеріне үлкен қызығушылық танытты. «Транскаспий дәлізі Орталық Азия мен Еуропа арасындағы маңызды балама байланыс саналады. Сондай-ақ санкция салынған елдер арқылы өтпей-ақ әлемдік нарықтарға тікелей шығуды жеңілдетеді», деді Дэвид МакАллистер. Ол сонымен қатар ЕО мен Қазақстанның қажетті шикізатпен қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығының нығаюы өзара тиімділік әке­летінін атап өтті.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы саяси және эконо­ми­калық реформаларды құптап, олардың жалғасын табатынына үміт білдірді. Олар азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-тың ма­ңызына тоқталып, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құр­­меттейтін бағытты ұстануға шақырды.

 

Ник ПАУЭЛЛ,

EuReporter сайты