Байқау • 31 Тамыз, 2023

Жеңімпаздар төрге шықты

331 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Отбасы құн­дылықтарын дәріптейтін дәстүрлі байқауға биыл 40 әулет қатысып отыр. Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен салтанатты жиында солардың ішінен іріктеліп шыққан 20 отбасына сый-сияпат көрсетіліп, арнайы дипломдар табыс етілді.

Жеңімпаздар төрге шықты

Облыстық қоғамдық даму бас­қармасы басшысының орынба­сары Абылайхан Кәкеновтың айтуынша, ел көлемінде осымен оныншы, ал облыста тоғызыншы рет өтіп жатқан байқауға бүгін­ге дейін өңірден өз ауыл-аймағын­да көпке үлгі-өнеге болып отыр­ған 800-ден аса отбасы қатыс­қан. Биылғы байқаудың бір ерек­шелігі – жас отбасылар жа­ғы басым. Олардың ішінде қазақ­тар­дан бөлек, поляк, украин, әзер­­байжан, шешен ұлтының өкіл­дері де бар.

Салтанатты жиынға қатысу­шыларды әуелі облыс әкімінің орынбасары құттықтады.

– Отбасы – қоғамды жаңғырту мен біріктіруге шақыратын, кез келген ортада абыройлы болу­ға тәрбиелейтін әлеуметтік-мә­дени институт. Халқымыз үшін қастерлі, қасиетті ұғым. Қа­зақ­тың «Отан отбасынан баста­лады» деген дана сөзі бекер ай­тыл­маған. Себебі ұрпақтар сабақ­тастығы, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық сынды асыл қасиеттер отбасында қалыптасады. Біз үшін талай жылдан бері өтіп келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауының маңызы зор. Осы салтанатта облысымыздың түкпір-түкпірінен келген көп­шілікке үлгі болатын отбасылар­ға алғыс айтып, құрмет көрсет­пекпіз. Бүгінде елімізде көпбала­лы отбасыларға, жас отбасы­ларға, сондай-ақ толық емес от­басыларға көптеген қамқор­лық, қолдау көрсетіледі. Мыса­лы, Қостанай облысында «Қоста­най жастары» тұрғын үй бағдар­ламасы іске асырылып жатыр. Бұл бағдарламаға былтыр 700 млн теңге бөлініп, 200-ге жуық жас отбасы жағдайларын жақсартып алды. Биыл аталған бағдарламаға 2 млрд теңгеден асатын қаржы бөлініп, пәтер жалдап жүрген жас отбасылардың баспаналы болуына жол ашылып жатыр, – деді Р.Мұхаметқалиев.

чсми

Үміткерлердің арасында қара­пайым еңбеккерлер әулеті, спортшылар, мұғалімдер, дәрігерлер отбасы бар. Мысалы, Арқалық қаласынан келген Ерәділов отбасын алсақ, отағасы қалалық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің аға бапкері Аза­мат – талай баланы ұлттық кү­реске баулыған тәлімгер, Қазақ­станның спорт шебері, «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісінің иегері, қазақ күресінен Ұлт­тық спорттық төрешісі, бірнеше рет «Үздік бапкер» атанған абзал азамат. Жұбайы Гүлден Қоқашова Арқалық политехникалық кол­лед­жінде ұстаздық етеді. 2018 жылы Жаңашыл педагог атанған, Арқалық әкімінің құрмет грамотасымен марапатталған. Осы үйдің тұңғышы Айару Кейкі батыр атындағы орта мектептің 9-сыныбында оқиды. Информатика, ағылшын тілі пәндері бойынша өткен білім байқауларында, сондай-ақ зияткерлік олимпиа­даларда жүлделі орындардан көрініп келеді. Ортаншы ұл Нұрасыл аталған мектептің 7-сынып оқушысы, қазақ күресінен өтіп тұратын аудандық, қалалық жарыстарда жүлделі орындарды жеңіп алып жүр.

чсм

Байқауға түскен 20 үміт­кер­дің ішінен Алтынсарин ауданына қарасты Шербаков ауылында тұратын Ермағамбетов отба­сының бағы асып, бас жүлде бұйы­рып, биылғы мерейлі отбасы атанды. Өсіп-өнген әулет­тің ақсақалы Әлтай қария мен Зылиха әжей тәрбиелеп өсірген 10 баладан бүгінде 20 шақты немере-шөбере сүйіп отыр. Әлтай Ермағамбетов Наурызым ауданында 40 жыл механизатор болып жұмыс істеген. Зей­нет­тегі қария үйде бір күн қол қу­сырып қарап отыруды білмейді. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, үнемі шапқылап жүреді. Аудандық ардагерлер кеңесі мен жергілікті әкімдік жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесі. Балаларының бәрі қа­зір бөлек-бөлек үй болып, әр­қайсысы өз орнын тапқан. Ор­тан­шы қызы Гүлшат Кене­шованың мамандығы тәрбиеші болғаны­мен, мектепте вахтер болып жұ­мыс істейді. Жол­дасы Төлеу­хан екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Тө­леу­хан – қазір күзгі жиын-терін жұмыс­тарында. Одан боса­ған соң қыстай үй шаруа­сымен айналысып, қолдағы ма­лына қа­райды. Гүлшат бос уақытында тапсырыспен көрпе-жастық, дорба, қыз жасауына қажет бұйым­­­дар тігеді. Оның сыртында неше түрлі шағын кәдесыйлар жа­сап сатып, табыс қылады. Ісмер осы өнегенің бәрі анасынан жұқ­қанын айтады.

– Анашым мен ес білгелі үш жерде жұмыс істеп жүріп бізді бақ­­ты, қақты, жеткізді. Қолы қалт еткенде тігін тігіп, жүн иі­ріп, шұлық тоқып отыратын. Со­ның бәрін көріп өстік. Анам қазір үш сиыр, мен бес сиыр сауамын. Оның құрты, ірімшігі, қаймақ-майы қысы-жазы үзілмейді, –дейді ісмер.

Әлтай қарияның кенжесі Жан­сая Ермағамбетова – спорт шебері. 2022 жылы ұлттық спорт түрі жекпе-жектен Қазақстан чемпионы, Қазақстан кубогының иегері. Панкратионнан Қазақстан біріншілігінің күміс және қола жүлдегері. 2021 жылы Абу-Дабиде өткен халықаралық жарыста қола медаль ұтып алған. Қазір өңірдің таңдаулы кәсіби спортшыларының санатында.

Алдағы уақытта Ермағам­бетов отбасы облыс атынан Астанада өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысады.

 

Қостанай облысы